Бір қожалықта еңбек етіп жүрген ер адамдар кешкі уақытта ас бөлмесіне жайғасып, тамақ ішіп отырады. Сөз арасында малшылардың бірі аспазшымен ерегесіп қалған. Сол кезде ашуы алқымына келген еркек темір ожаумен оның бас тұсына соққы жасайды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Күршім ауылдық округінде орналасқан шаруа қожалығында малшы болып жұмыс істейтін Болат пен Нұржан (есімдері толықтай өзгертілген) сағат 17.50 шамасында кешкі ас ішу үшін ас бөлмесіне кірген. Аспазшы Дулат тамақ әзірлеп қойыпты. Бірақ екеуінің оған деген өкпелері қара қазандай. Себебі сол күні фермада мал жаппай төлдеп, 500 басты екеуі ғана төлдеткен. Ал Дулат оларға мүлде көмектеспеген көрінеді.
Дастарқан басына отырмас бұрын Болат үйдің кіреберіс бөлмесінде темір ожаумен қолына су құйып жуынып алған. Содан кейін ожауды үстелге қойып, ас ішуге кіріседі. Бір уақытта ол аспазшыға қарап:
– Нұржан екеуіміз бүгін қатты шаршадық. Ал сен бізге көмектеспей қойдың. Бұның дұрыс болмады! – дейді қатаң үнмен. Дулат болса, телехикая көріп отырып қалғанын айтқан. Бұны естігенде одан сайын ашуға булыққан 52 жастағы еркек темір ожауды шап беріп оның бас тұсына соққы жасайды. Мұны көрген Нұржан ортаға түсіп, Дулатты сабырға шақырған. Осыдан кейін басынан қан сорғалап аққан жәбірленушіге алғашқы көмек көрсетеді. Сот медициналық сараптама жұмыстарының нәтижесіне сүйенсек, осының салдарынан бас сүйегі зақымданып, миына қан құйылған Дулат Сағымбаевқа ауыр дәрежедегі дене жарақаты келтірілген.
Күршім аудандық сотында қаралған сот ісінде бұрын сотты болмаған айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындады. Жәбірленуші болса оны кешіретіндігін айтып бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сот үкімімен Болат Биязбаев Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 106-бабы, 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан шектелді. Сонымен қатар Дулат Сағымбаевтың пайдасына 920 мың теңге мөлшерінде моральдық зиян өтеуге міндеттелген сотталушы 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылды. Үкім толықтай заңды күшіне енген.
Асқар ТҰМАРБЕК