Кезінде Күршімнің көк айдынынан көлкіп аққан Қаратал өзені бүгінде құрғап жатыр. Соңғы кездері суы саязданып, түбіне балдыр қаптаған арнасы өзен маңын жағалаған халықты қатты алаңдатуда. Арық суы тапшылығының тауқыметін өзгелерден ерекше тартқан Теректібұлақ ауылының тұрғындары жергілікті биліктің «бас ауыртып, балтыр сыздатқан» мәселеге жіті көңіл аудармай отырғанын айтса, жергілікті әкімдік Қаратал өзені арнасын қалпына келтіру мәселесінің қаржыға келіп тірелетінін алға тартады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Жер құрғап, жеміс-жидек қурады
Жүзден астам отбасы түтінін түтеп отырған ауылда бұл мәселе биыл ғана бас көрсетпеген сыңайлы. Ағын судың тапшылығын сезінген теректібұлақтықтар соңғы жылдары өзен суының тым таязданып кеткеніне дабыл қағуда.
– Өзенде жазғытұрым уақытта су молайып, жазға қарай тартылып қалады, – дейді Сейтрахым Белгібаев есімді ақсақал. – Кезінде өткел бермейтін өзеннен қазір жаяу жүгіріп өтесіз. Арнасы асып-тасып тұрған кезде өзеннің екі жағы бірдей суармалы жерлер еді. Кеңестік кезеңде ағыл-тегіл болып аққан өзен соңғы жылдары құруға айналды. Жаңадан келген аудан әкімі техника жібертіп өзенді қалпына келтірмекке әрекеттеніп еді, одан түк шықпады.
Өзеннің Күршімнен бөлініп шығатын жеріндегі бірнеше тармақты бітемейінше өзен арнасы толыспайтынын айтқан ауыл тұрғыны арық суының тапшылығынан ауладағы картоптың да өспей қалғанын алға тартады. Өзеннің ар жағына ойнақтап өтетін ауылдың торпақ-тоқтысы шаппадағы шөмелелердің түгін қоймай жеп қойғанын алға тартқан Кәмаш Таупихова есімді келесі тұрғын өзен суының тапшылығының қысы-жазы таусылмайтын мәселеге айналғанын айтады.
– Ауладағы жеміс-жидектер су тапшылығы салдарынан қурап қалды, – дейді ол. – Ауыл тұрғындары өзен арнасын өз қолдарымен қалпына келтіргілері келеді. Арнайы техника болмаған соң, оны іске асыру да оңай шаруа емес. Кезінде ауыл адамдары өзен арнасын өздері барып-ақ қолмен бұрып келетін. Қазір өңкей кәрі-құртаңы қалған ауылда мұндай батылдық жоқ. Оның үстіне өзеннің Күршімнен бөліп ағар тұсында ағаш құлап, үстін құм басып кеткен көрінеді. Мал суаратын су жоқ дегенге сенесіз бе? Тіпті қыста суат оятын жер жоқ болғандықтан, төрт түлік малымызды құдықтан су шығарып суарамыз. Ауыл маңында жайылатын қозы-лақ пен бұзаудың өзі өзеннің ар жағына өтіп кетіп, елдің шаппасындағы үйіп қойған шөмелелерін жеп қоятын болды. Кезінде балығы шоршыған өзенді балдыр басып, батпаққа айналды. Бұрын ауылдастарымыз қырыққабат өсіріп, тонналап жан-жаққа тасушы еді, ал бүгінде ол да жоқ! Соңғы үш жылдың жүзі болды, су тапшылығының тауқымен барынша тартып келеміз.
– Бала-шағаммен ауылға барып қайтатын әдетім бар, – дейді Теректібұлақ ауылының Бақытбек (аты-жөні өзгертілген) есімді бұрынғы тұрғыны. – Өткенде бір қызық оқиғаға тап болдым. Бұрынғыша баламды ертіп алып өзенге шомылып қайтуға бет алған едім, әкем артымнан «Балам, қайт, онда қазір қырықбуыннан басқа түк те жоқ» демесі бар ма? Әкеме сенбей, өзенге келсем кезінде кеудеден келетін терең өзен тілерсекке де жетпей қалыпты. Біз кеткелі ауылдың күйі де кеткен екен-ау деп ойладым…
Қаражат бөлінсе қалпына келеді
Жергілікті әкімдік мәселенің барлығын Күршім өзені суының азаюымен байланыстырып отыр. Күршімнен Таңатар тұсында бөлініп шығып Қызылтаста оған қайта қосылатын Қаратал өзенінің бойында Теректібұлақтан басқа ауыл жоғын алға тартқан аудан әкімдігі өзеннің бар-жоғы 15 шақырымға созылатынын айтады.
– Қаратал өзенінің бойында Абай ауылдық округіне қарасты Теректібұлақ ауылы орналасқан, – дейді газет редакциясына ресми хатпен жауап берген Күршім ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев. – Мұндағы 126 отбасы – 460 адам тұрады. Биылғы жаз маусымының құрғақ болуына байланысты Қаратал өзені бастау алатын Күршім өзенінің суы азайып кетті. 2015 жылдың қазан айында Қаратал арнасына 500 мың теңге қаражат бөлініп, арнайы кеңейту, суды қайта бұру, тал-теректен тазалау жұмыстары жүргізілген. Осының нәтижесінде 2016 жылы Қаратал өзенінің суы толық көлемде болды.
Биылғы жылы ауыл тұрғындары тарапынан өзен арнасына байланысты арыз-шағымның түспегенін хабарлаған жергілікті билік өкілі өзен арнасын қалпына келтіру үшін арнайы ауыр техниканың қажет болуына орай ауыл тұрғындарынан ешқандай әрекеттің қажеті жоқ екенін айтады.
– Қаратал өзенінің арнасы басты назарда ұсталынып отыр, – дейді Қайрат Зайнолдабекұлы. – Биылғы жылдың 3 тоқсанында болатын аудандық мәслихат сессиясынан Қаратал өзенінің арнасын қалпына келтіру және Күршім өзенінің жағалауындағы бөгеу жұмыстарына қаражат сұрап хат жазылды. Енді қажетті қаржы бөлінсе, арнаны қалпына келтіру жұмыстары қолға алынатын болады.
***
Осылайша, жергілікті билік Қараталдың келешегін кемел қылмақшы көрінеді, бірақ оған тағы да қаражат қажет. Енді тек алдағы сессияда халық қалаулылары мәселеге қарайласып, көк айдынның арнасын қалпына келтіруге атсалысса болғаны. Тек басталған істің соңы сағызша созылып, шырмауықша шырмалып, бөлінген қаржы басқа мәселеге жұмсалып кетпей, Қараталдың арнасын қалпына келтіруге бағытталса игі. Жергілікті халық та шымбайға батқан шымыр мәселені шешу үшін жергілікті билікке жиі хабарласқаны жөн болар. Біз бұл мәселеге уақыт өте келе қайта оралып, өзен арнасын толықтыруда атқарылған істерді саралайтын боламыз…