Күршім ауданындағы жүзу бассейні келер жылы жұмысын бастайды

5371
көрілім

Өскемендегі Өңірлік коммнукациялар қызметінде өткен жиында Күршім ауданында мал және ауылшаруашылығы былтырмен салыстырғанда біршама дамығаны айтылды. Одан бөлек, егін шаруашылығы да алға басып, жаңадан техникалар сатып алынған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бассейн қашан қолданысқа беріледі?

Нақты айтсақ, жаңадан 28 техника алыныпты, алтауы – трактор. Ауыл тірлігіне сәл аялдасақ, жылқы да, ұсақ мал да, ірі қара саны өскен. Сүт, ет, жұмыртқа өндіру де көбейген. Пайыз түрінде берілген ақпарат болғандықтан, жалпылай жазылды. Осының барлығы аудан бюджетіне бір миллиард, 789 миллион теңге меншікті түсім түсіпті.

Осы жылдың 1 қазанындағы мәліметке сәйкес аудан бойынша 468 жұмыссыз адам тіркеліп, 999 жаңа жұмыс орны ашылыпты. Нәтижесінде, 467 адам жұмысқа тұрған.

– 2022 жылдың қаңтар-маусым айлары бойынша Күршімдегі орташа жалақы – 200128 теңгені құрап, былтырмен салыстырғанда 22,1 пайызға өсті, – деді Алмат Талғатұлы. – 41 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері түберкүлезбен ауыру, ана өлімі жағдайлары тіркелген жоқ. Екі сәби шетінеді. Бір дәрігеріміз Ұлыбританияда оқып келді. 179 бүлдіршін балабақша кезегінде тұр.

Аудан басшысы биыл Ұрұнхайқа ауылында 100 орындық, Жолнұсқау ауылында 50 орындық мектеп құрылысы жүріп жатқанын айтты. Жолнұсқаудағы білім ордасы 15 қарашаға дейін, Жолнұсқаудағы мектеп 1 желтоқсанға дейін іске қосылатын көрінеді. Жаңа аудан басшысына күні бүгінге дейін қолданысқа берілмей жатқан бассейн бойынша сауал қойылды. Аудан әкімі қалай болған күнде де тұрғындар ертелі-кеш игілігін көреді деп жауап берді.

– Бассейн қазір жұмыс істеп тұрған жоқ. Осыған қатысты қылмыстық іс жүргізілуде. Десе де бұған қарамай, бассейн іске қосылуы үшін қандай жұмыс атқарылуы тиіс екендігін анықтап жатырмыз, – деді Алмат Талғатұлы. – Жалпы, нысанда қолданысқа беру жоспарда тұр. Жуықта арнайы мамандар келіп, тексеріс жүргізіп кетті. Керек құрал-жабдықтардың есеп-қисабы түгенделуде. Алдымен қанша қаржы қажет екендігін біліп алуымыз қажет. Алдымен су жетізілуі тиіс, себебі ол 340 шаршы метрді құрайды. Ауылдың су жіберу жүйесіне ауыр тиеді. Екіншіден, суды бұру мәселесі. Келесі жылдың жазында, бұйырса, қосылуы тиіс.

Күршімдіктер көшпес үшін

Жауапты тұлға келер жылдың бюджеті толық бекіп болғанша мүмкіндігінше барлығын аралап шығатындығын айтты. Бір есептен, өзі де осы өлкенің тумасы. Барлығы 44 ауыл бар деді. Осы кезде аудан халқын мейілінше сақтап қалу ықтималдығына тоқталды. Марқа өңірін былай қойып, Күршімнің көп ауылы осыдан 5-10 жыл бұрын тұрғындар санын 500-ден, 1000-нан асырып тұрған.

– Қазіргі барлық ел нарықтық экономикада өмір сүреді. Урбанизацияны билік басында қай әкім болса да тоқтата алмайды. Белгияны, АҚШ-ты алып қарасақ, халықтың төрт пайызы ғана ауылда тұрады. Бізде бұл 43 пайызды көрсетіп тұр. Қарапайым нәрселерді мысал етсек. Айталық, жылу. Күршімде 30 көпқабатты үй бар. Соның екеуі ғана жылуға қосылған. Қазір тұрғындардың көбі көмірді үшінші қабатқа көтеріп шығарып, жағып жатады. Бір тоннасына 25-30 мың теңге төлейді. Ал қалада жылуға айына 6-7 мың теңге ғана кетеді. Жылуға қосылмаған 28 үйдің тұрғындары осы кезде түрлі ойдың жетегінде қалады, – деді аудан басшысы.

– «Экономикалық арақашықтық» деген термин бар. Осы ретте кәсіпкерлер үшін Зайсан ауданы әлдеқайда қызықты. Инвесторлар да табиғи барьер болмаған соң сол жаққа ұмтылады. Күршім аралға ұқсайды. Арты тау, шет жағы Зайсан көлімен шектеседі, алды Ертіс өзені. Осының барлығы аудан дамуы мен урбанизация кезінде кедергісін келтірмей қоймайды, – деді Алмат Ақышев.