Тәуелсіздік күні қарсаңында медпункттер ашылып, екі отбасы үйлі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуларынша, халыққа сапалы медициналық көмек көрсету, қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамту, материалдық-техникалық базасын жақсарту, озық технологияларды қолдану - әркез мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы ретте қарбалас тірлік Күршімнің бірнеше ауылында жалғасты. Атап айтсақ, Маралдыда амбулатория, Жолнұсқау мен Аманат ауылдарында медициналық пунктпен қатар, воркут және балалар ойын алаңының ашылуы салтанатты түрде өтті. Шараға аудан әкімі Алмат Ақышов қатысты.
- Игі істер жексенбі күні де жалғасын тапты. Екі елдімекенде заманауи талапқа сай медпункттер ашылды. Аталған нысандар ҚР Президентінің ауылдағы денсаулық саласын жаңғырту жөніндегі тапсырма аясында салынып, халық игілігіне берілді, - деді Алмат Талғатұлы.
Маралдыдағы амбулаторияда алғашқы медициналық көмек көрсетуге толық жағдай жасалып, заманауи құралдармен жабдықталған. Алмат Ақышов шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін мұндай мекеменің маңызы жоғары екенін атап өтті. Бұдан бөлек, аудан басшысы Жолнұсқаудағы екі отбасыға баспана кілті табыс етілгенін жеткізді.