Маусым айының 12-і күні сағат 21:30-да Күршім аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын 2018 және 2020 жылы туған ұлдарын іздестіруге көмек сұрап жүгінген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әйел адам кешкісін үйдің маңында бірге ойнап жүрген ұлдары жоғалып кеткенін хабарлады. Ата-аналары балаларын бір сағаттай көрші аулаларды аралап, өтіп бара жатқан адамдардан сұрастырып өз беттерінше табуға тырысқан, бірақ нәтиже бермеген.
Күршім аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы "дабыл" сигналы бойынша кәмелетке толмағандарды іздестіруге дереу бағытталды.
- Іздеу іс-шараларына бей-жай қарамайтын көршілер, ауыл тұрғындары мен еріктілер қатысты. Ата-анасының өтінішінен кейін 40 минут өткен соң, жоғалған ұлдар үйден бір шақырым жерде табылған. Полицейлер балаларды ата-аналарына тапсырған, олар тәртіп сақшыларына көрсеткен көмектері үшін алғыс білдірді, - делінген мәліметте.
ШҚО Полиция департаменті ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауды сұрайды. Балалардың қауіпсіздігі-бұл әр ересек адамның міндеті.