Күршім ауданының тұрғынын өлтірген шекара заставасының бастығы түрмеге қамалды

974
көрілім

Бұл жалғанда ана үшін бауыр еті баласынан айырылудан асқан қасірет бар ма? Күршім ауданында «Осы ұлым мені асырайды» деп кішкентайынан мәпелеп өсірген перзентінің кісі қолынан мерт болғанын естіген Гүлнәр Бақтынова әлі күнге дейін көз жасын тыя алар емес. Сот отырысында анықталғандай, ер адамды шекара заставасының бастығы ұрып өлтіріпті. Қайғыдан қан жұтқан ана «қаскөй жазасыз қалмауы тиіс!» деп Бұқара.кз сайтының редакциясына келіп ішкі зарын төкті. Жуықта Өскемен гарнизоны әскери сотында осы іс бойынша сот отырысы аяқталып, үкім шықты.

Оқиға қалай болды?

2018 жылы маусым айының 22-нен 23-не қараған түнінде марқұм Олжас Бақтынов шекара режимін бұзды деген айыппен ұсталған. Жалғыз емес, қасында тағы 6 адам болыпты. Шекарашылар ер адамдарға әкімшілік хаттама толтыру үшін «Балықтыбұлақ» заставасына алып кеткен. Бірақ олардың бесеуі тайып тұрып, тек Олжас Айдарханұлы шенділердің қолында қалған-ды. Көп ұзамай оқиға орнына застава бастығы Нұрым Көжекбаев (аты-жөні өзгертілген) келіп жетіпті.

– Менің баламды ұрып өлтірген сол. Сот медициналық сараптама жұмыстарының нәтижесінен белгілі болғандай, Олжастың екі қабырғасы сынып, өне-бойына 24 рет соққы тиген. Маңайдағы сарбаздар «біз ештеңе естіген жоқпыз. Нұрым оны қораның арт жағына алып кетті» дегенді айтады. Бұған қалай сенеміз? Жалған куәлік еткен олар тек бұйрықты орындап тұр. Біздің ойымызша, Олжасты бір адам ғана ұрмаған. Бұл топпен жасалған қылмыс! – дейді Гүлнәр Бақтынова.

Олардың айтуынша, бірінші болып тергеу амалдарын жүргізген полиция қызметкері істі сотқа дейін жеткізбей жылы жауып қоя салған. Тек жәбірленушілер қайта арыз жазып, Нұр-Сұлтан қаласына барып келгеннен кейін тергеу қайта қозғалған көрінеді.

«Арқасүйер арысым еді»

– 1985 жылы дүниеге келген Олжасым жастайынан елгезек, пысық-ширақ болып өсті. Туған-туысқандарына, дос-жарандарына қолынан келген көмегін аямайтын еді. Өз еңбегімен ақша тауып, бізге қолұшын созып отыратын. Қартайғанда асыраушымыз болады деп сенетінбіз. Алайда құлыным өзімізден бұрын қара жердің қойнауына кіріп кетті. Енді оны қайтып көре алмайтынымды ойласам, жүрегім қарс айырылады, – деп анасы көзіне жас алды.

Олжастың үйленгеніне де көп болмапты. Қайғылы оқиға орын алғанда келіншегінің аяғы ауыр болған екен.

– Ағам әке атануға шақ қалғанда мерт болды. Жұбайы жесір, перзенті жетім атанды. Білдей бір шаңырақ тірегін жоғалтты. Енді біздің бар қалайтынымыз өміріміздің астаң-кестеңін шығарып, бақытты күндерімізді зобалаңға айналдырған жауыз жазаға тартылуы тиіс! – дейді марқұмның қарындасы Еркежан Рахымжанова.

Тәртіп сақшылары тергеу амалдарын бір жылға жуық жүргізіп болған соң, іс Өскемен гарнизоны әскери сотына жетті. Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Нұрым Көжекбаевты бірнеше бап бойынша бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал сотталушы болса, Олжасқа тек бір рет қана жұдырық жұмсағанын айтты.

«Бұл – тым жеңіл жаза!»

Сот үкімімен «Балықтыбұлақ» заставасының бастығы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 451-бабы, 2-бөлігімен, 106-бабының 3-бөлігімен және 441-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Айыпталушы өз жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтемек. Десе де Гүлнәр Бақтынова бұл тым жеңіл жаза деп есептейтіндігін айтты.

– Ұрлық емес, кісі өлімі ғой. Неге 10 жыл ғана? Оның үстіне қауіпсіздігі орташа түрмеге жіберіледі. Біз бұған келіспейміз. Қаскөйді қатаң режимдегі түрмеге кем дегенде 15 жылға қамау керек! – дейді жүрегі қанжылаған ана.

Бұл бірінші рет емес

Шығыс Қазақстан облысындағы әскери қызметшілердің арасында бірінші рет қылмыс жасалып тұр десек жалған айтқандық болар. Осы ретте сіздердің назарларыңызға бірнеше мысал келтіре кетуді жөн көріп отырмыз:

Семей қаласында әскери қызметші аса ірі мөлшерде аляқтық жасағаны үшін сотталған.

Семей гарнизонының әскери соты аймақтағы әскери бөлімдердің бірінің бұрынғы әскери қызметшісіне қатысты сот үкімін шығарды. Анықталғандай, сотталушы 2013 жылы қызметтік тұрғын үйді заңсыз алу, кейіннен ол үшін ақшалай өтемақысын алу мақсатында өзінің пәтерін жақын туысына жалған түрде сыйға тартқан. Сөйтіп өзінің тұрғын үй жағдайын қасақана нашарлатқан. Сол жылы Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің техникалық қателіктер жіберуі салдарынан жылжымайтын мүлік туралы анықтамада оның жеке меншігінде баспана жоқ екені көрсетілген. Аталған мәліметтердің жалған екенін біле тұра, ол тұрғын үй комиссиясына қызметтік пәтер алу үшін кезекке тұруға құжаттарын өткізген.

2017 жылы әскери қызметші мемлекеттен қызметтік тұрғын үй алып, оны еңбек сіңірген жылдарына байланысты жекешелендіру құқығына ие болады. Алайда үй жекешелендіруге жатпағандықтан, жекешелендіру құқығының орнына 17 000 000 теңгеден астам ақшалай құны төленеді. Осылайша ол заңсыз әркеттері арқылы мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтірген.

– Сот отырысында азамат өзінің кінәсін толықтай мойындап, жасаған қылмысы үшін өкінді. Бүгінгі күні мемлекетке келген залалдың орны толған жоқ. Сондықтан сот айыпкерге бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бірақ 13 жастағы баласын ескеріп, аталған жазаны баласының 14 жасқа толғанына дейінгі мерзімге кейінге қалдыру қажет деп санады. Үкім заңды күшіне енген жоқ, – деді Семей гарнизоны әскери сотының бас маманы Жамал Бекенова.

 

2017 жылы Өскемен гарнизонының әскери сотында 7 сарбазды үнемі соққыға жығып келген аға лейтенант сотталды.

«Хабарасу» шекара заставасының бастығына билікті асыра пайдаланғаны үшін қылмыстық іс қозғалған. Сот отырысында белгілі болғандай, шенді көп уақыт сарбаздарды еш себепсіз ұрып-соғып келіпті. Сот үкімімен айыпталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 451-бабы, 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан шектелді.

 

Семей қаласында әскери бөлімнің мүлкін иемденiп, талан-таражға салғаны үшін әскери қызметші жазаға тартылды.

Семей гарнизоны әскери соты көшпелі сот отырысында әскери қызметшіге қатысты қылмыстық іс қарады. Сот анықтағандай, әскери қызметші лауазымды тұлға болса да қызмет бабын пайдаланып, бірнеше рет өзіне сеніп тапсырылған мүлікті иемденген. Осылайша ер адам әскери бөлімге 346 157 теңге мөлшерінде материалдық шығын келтірген. Сонымен қатар ол өзіне пайда келтіру мақсатында ресми құжаттарға, яғни ведомоство, актілерге, жүкқұжаттарға көрінеу жалған мәлiметтердi eнгізген.

– Сот үкімімен әскери қызметші өмір бойына мемлекеттік салада лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды. Бұдан бөлек, оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 189-бабы және 369-бабының 1-бөлігі бойынша 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ сотталушы әскери капитан шенінен айырылды, – деп хабарлады Семей гарнизоны әскери сотының баспасөз қызметі.

2019 жылы Семей гарнизоны әскери сотында алаяқтық жасаған әскери қызметшіге қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушыға ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 1,3 тармақшаларында (ірі көлемдегі алаяқтық) қарастырылған қылмысты жасады деген айып тағылды. Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы бөтеннің мүлкін иемдену мақсатында бойжеткенмен танысады. Оның сеніміне кіргеннен кейін алаяқтық жолмен зардап шегушінің 2 975 490 теңге сомасындағы ақшалай қаражаты мен алтын бұйымдарын алып алған. Айыпталушы алдағы тойға дайындық мақсатында машина сатып алу және неке жүзігін жасату үшін азаматшадан ақша алып тұрған. Сотталушы бар ақшаны өз қажеттілігіне жаратқан.

Сондай-ақ ол бірге қызмет етуші әріптестерінен де түрлі сылтау айтып, жалпы сомасы 5 401 920 теңгені иемденген. Сот айыпталушыны 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болады Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ

Фотосуретті түсірген автор