Күршім ауылына кіреберістегі алып ағаштарды соғыс ардагері Әлімхан Әмренов еккен

5496
көрілім

Міне, Күршімге де таяп қалдық. Ауа райы ашық. Аспанда бір шөкім бұлт жоқ. Жылдар көлемінде аспанмен тілдесіп келген жол бойындағы теректер бір сәт төмен иіліп, дамыл табуды жөн көрген сыңайлы. Сұрапыл желден әрі-бері теңселген теректердің әлсін-әлсін сыбдыры бейне алыстан құлаққа талып естілген теңіз шуы тәрізденді. Олардың әлі сидамдала қоймаған қыл ұштары бір-біріне тағзым етіп, бастарына түскен әлдеқандай бір ауыр мұңды шертісіп тұрғандай. Аудан орталығына кіребере оң жаққа зер сала қарағанымызда маңғаздана бой көтерген үш терекке көзіміз түсті. Дереу көлікті тоқтатып, өзгелерден оқшау, діңі айрықша жуан теректі жақындап тамашалауға оқталдық. Күпсе қарды омбылап жеткенімізде, бұлардың қатардағы ағаштардан анағұрлым бөлекше, өзіндік тарихы барына көз жеткіздік. Соншама жылдар келбетін кетірмей, Күршімге атбасын бұрғандарға қол бұлғайтындай бой көтерген үш теректің қандай сыры бар?

Солтүстіктегі көршінің сүмбіл терегі

Аралары едәуір алшақ. Тал кезінде бір-бірлерінен әдейілеп қашық етіп отырғызылғаны аңғарылып-ақ тұр. Күршім ауылынан шығабере ең бірінші теректің діңіне көз жүгірттік. Сәт сайын қос тарапқа ерсілі-қарсылы жүйткитін көліктердің талайын шығарып тастаған теректің бой көтергеніне кемі жарты ғасыр болғандығына еш шәк келтірмедік. Жақындап келіп діңінің жуандығын құшақпен өлшеуді құп көрдік. Темір тұлпарларының терезелерінен бірі қырын қарап, бірі ұрын қарап «еріккендер-ай» деп сынай қарағандары сонадайдан байқалды. Сонымен теректің жуандығы үш жарым құшақ болды. Қатардағы көп теректен ерек. Сықпыты да өзгеше. Келесісіне таяғанымызда сәл жіңішкелеу, дегенмен бұл да біршама жуан еді. Жалғыз аяқ жол салып, үшіншісіне жеттік. Алыстан көз жүгірткен адамның теректерден еш айырмашылық аңғармауы мүмкін, алайда соңғысының бір өзгешелігі – терекке әлдеқандай құс ұя салып, онысын бұтақтарға тастай етіп бекітіпті. Кәрі ағаштың қауқарына сеніп, қауіп-қатерден қорғар деп сенсе керек. Сөзсіз, өткен ғасырды қорытындылап, жаңа заманның жаңалықтарына үнсіз ғана құлақ түрген «алыптарды» бір адам бір уақытта отырғызған. Сонда астармен айтып, жұмбақтап отырған жан кім? Бастысы, осы өңірдің тумасы, әрі өсімдік тақырыбынан хабардар азамат. Қош, әрі қарай тұспалдаудың реті жоқ шығар. Өткен ғасырдың шамамен 60-шы жылдарында осы теректерді үш бірдей соғысты көріп, Күршім өңірінің орман шаруашылығының өрлеуіне сүбелі үлес қосқан Әлімхан Әмренов жайлы жерлестерінің көбі дерлік хабардар болар. Әлімхан ақсақалдың тұңғышы Бек Әмренов, волейболдан еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы біршама мағлұмат ұсынып, теректің тарихына бойлауға мүмкіндік берген еді.

– Әкем ауданда талай жыл табан аудармай орман шаруашылығында еңбек етті. Соңғы 15-17 жылдай уақытын орман тәлімбағында жұмыс істеуге арнады. Ол жерде шырша, терек, үйеңкі дейсіз бе, қайың – ағаштың көптеген түрі егіліп, аз уақытта айналаға жан біткендей еді. Сосын Мәскеудің сүмбіл теректерін әкеліп отырғыза бастады. Мұны көбіне-көп Сарыөлең ауылының маңында жолықтыруға болады, – дейді Бек Әлімханұлы.

Теректер тәжірибеден өтті

Міне қызық, үш терек ойып тұрып орын алған алқап бұрынырақта мал жайылған шиі қалың иен жатқан дала болған екен. Әлімхан ақсақал қасында көмекшілерімен бірлесе жергілікті теректер мен Мәскеуден әкелінген сүмбіл талдарды будандастырып, жазық жерге жан бітіргендей болды. Бұл бір айдың күні аманда тыңнан жүргізілген тәжірибе еді. Қыстың көзі қырауда боран соғып, аяз атқа қонғаннан бөлек, жаңбырдың тамшысы тимей, айлап күнге қақталған уақытта тамырын кеңге жайып, жайқала түсу мүмкін болмады. Орманшылар Шығыстың шұғыл континетті климатын ескере отырып «теректер аман қала ма?» деген сауалға жауап іздеген-тұғын. Жауап айқын еді. Теректер табиғаттың небір тосынсыйына тойтарыс беріп қана қоймай, кейін қаншама шопан мен бақташының аптап күні сая тапқан жайлы орынға айналды. Ғажап-ақ, қоғам әлі қарыштап дамымаған күнде тәуекел етіп, ағаштың айрықша тұқымына айналған теректер отырғызған ақсақалдың әрекетіне таңданбасқа шара жоқ!

– Ақсуаттан 1966 жылы кетсем, теректер одан бір-екі жыл бұрын ғана отырғызылуы кәдік. Нақтысын айту мүмкін болмай тұр, алайда осы үш теректің тамырын тереңге жайғанына кемі 55-56 жылдай болды. Негізі төртеу отырғызылған, біреуі құбылмалы күн райына шыдас бермей тіршілігін жалғастыра алмаған сыңайлы, – деді Бек Әмренов.

«Әлімхан атындағы аллеяға» айнала ма?

Уақыт шіркін, сынаптай сырғып өтіп жатты. Жыл сайын 9-шы Мамыр күні, Жеңіс күніне орай ағайынды Әмреновтер Күршім өңіріне атбасын бұрады. Тіпті алдын ала жоспарлап, күні бұрын келуді әдетке айналдырған. Иә, асқар тау әкенің абыройын асырып, құран бағыштау Әмреновтердің дәстүріне енгенімен бірі қалмай басқосуларының жөні бөлек-тін. Әлімхан ақсақал үш бірдей соғысқа қатысқан арда азамат. Кеңес Армиясына қабылданып алдымен фин, іле екіншідүниежүзілік, сосын жапон империалистеріне қарсы соғысқа қатысып, қан майданда толарсақтан саз кешті. Талай қауіптің бетін қайтарған азамат майдан шебінде саперлік міндетін мінсіз атқарды. Бауыр еті балаларының ендігі міндеті әр жылдары әкелеріне тәу етіп, жерлестерімен бірге құрмет көрсету. Күршімдіктер Жеңіс күні әскери шеруден соң майдан даласында шейт болғандарды еске алып, одан соң ағайынды Әмреновтер Әлімхан ақсақалдың бейітіне жол тартады.

– Ағаттық менен кеткен сияқты. Істі соңына жеткізе алмадым, – дейді шаңырақтың тұңғышы. – Бұған дейін аудан басшылығында болғандар мен орман шаруашылығы директорын жақын танитынмын. Алдымен Байғазы Рахметуллин, сосын ол орынға бір жас жігіт келді. Солардың тұсында үш терек өскен жерді абаттандырып, «Әлімхан атындағы аллея» ету мәселесін қозғадым. Сөзім желге ұшпады. Орман шаруашылығындағылар өз міндеттерін мүлтіксіз орындады. Қазіргі уақытта ол жерде бейсауат жүрген адамдар ластап, жайылған мал көркін қашырмас үшін тікенді сым тартылған. Алайда жұмыс мұнымен бітпеген еді.

Бек Әмренов

Ағайындылдар атқарар жұмыс

Сонда аумағы ат шаптырым жер неліктен «Әлімхан атындағы аллеяға» айналмады? Бір есептен, Бек Әмреновке осы мәселені аудандық мәслихат отырысында көтеру мүмкін болмады. Екіншіден, сол уақытта Өскеменде волейболдан ерлер командасы суперкубок пен Жоғарғы лиганың қызғаны шағы. Жоғары ұлттық дәрежелі төреші сонда болуы тиіс. Ал аллея деңгейіне жеткізу үшін саяхаттаушылар назарына маңайын жинастырып, жалғызаяқ жол салып, бірнеше тынығу орнын әзірлеу қажет. Иә, осы шаруалар ақсап тұр әзірге.

– Ендігі ойымыз, жазғытұрым уақытта теректердің қасына шыршалар отырғызу. Бала күнімізде әкемізге ілесіп, ағаштардың неше түрін отырғызған едік. Биылдан қалмай інілерім: Серікбек, Ауданбек, Асылбек, Сәуле және Сәукен қарындастарым бар, әр шеттерінен бір-бір тал ексек деген мақсат қойдық. Сәтін салса, ағаштардың маңайын қоршап қойған да артық болмас еді, – деді Бек Әлімханұлы.

***

Әлімхан Әмренов шамамен 1960-шы жылдардан зейнет жасына дейін орман шаруашылығында еңбек етті. Жан жары Қизада апаймен отасқан ғұмырында төрттағанға пара-пар төрт ұл, қыз балаға тән ұяңдығы мен инабаттылығы басым екі қызды өмірге әкелді. Әрқайсының орны бір төбе. Отағасы тек жұмыс істеп қана қойған жоқ, талай таланттар түлеп ұшқан Күршім өңірінің табиғатын көркейтуде ағаштың сан түрін егуге өлшеусіз үлесін қосты. Көңілге кірбің ұялататын сәт: осыдан елу жылдан астам бұрын өмірдің қарбаласын әспеттеген сәмбі талдар бүгінде бұтақтары қурай бастаған кәрі ағашқа айналды. Уақыт шіркін, алады ғой, өзінікін. Теректермен бірге оның құрдастары, яғни сол өлкенің сырын шертер тұрғындар да шау тартып, шөге бастаған. Алайда алып теректер бұл өңірдің әлі талай қуанышының куәсі болатындығына еш күмәніміз жоқ.

Әділхан ЕСІМХАНОВ