Ақпарат алудың сенімді әдістерінің бірі – ресми хат жолдау екені белгілі. Ертелі-кеш жауап жіберіледі. Дегенмен бұл жолы қалыптасқан үрдіс сақталмады. Ал Күршім ауданына қарасты Күршім ауылындағы Бауыржан Момышұлы көшесінің аулалары сол күйі тозып тұр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шілде айының 1-і күні жіберілген еді. БАҚ-заңын бұзу ғана емес, пысқырып қарамау болып қабылданды. Тізбелеп жазылған сұрақтар еш қиын емес. Жауапты адам шындап кіріссе бірнеше күнде мәлімет ұсынады. Тиісті бөлім басшыларының қолы тимеді дегеннің өзінде, кідірістеп барып ақпарат жолдауға бәлендей кедергі жоқ болуы тиіс. Сөз болып отырған тақырып – Бауыржан Момышұлы көшесі, 18, 20 мекенжайлары.
– Бірнеше жыл бұрын гравий төгілген, сонымен тұр. Ауладағы бүлдіршіндер ойнай алмайды, мүгедек арбасын сүйретіп жүру де біршама ыңғайсыз. Айталық, 18-ші үйде арбаға таңылған бала тұрады. Ауылдағы барлық дерлік көпқабатты үйлердің жайы осы. Аулаға асфальт төселсе жөн еді, әйтпесе тұрғындар мен балалардың шаң жұтып жүргендері, – деді Нұрболат Ережепов (аты-жөні өзгертілген).
Аталған мекенжайдағы көпқабатты үйлердің қай жылы салынғанын, онда қанша адам тұратынын сұраған едік. Қиыршық тас қай жылы төгілгені, аула тазалығын сақтау мақсатында асфальт төселетіндігі, я жоқтығы және тағы бірнеше сауал сол күйі жауапсыз қалды.
– Иә, мәлімет жібереміз. Жауапты адам келсін, – деген сөйлемдерден басқа ешнәрсе біле алмадық.
Жаз айларында үйлердің ауласына тоқтаған көліктер кетерінде «газды» басып, сол аумақтың шаңын аспанға шығаратын көрінеді. Президент Балалар жылы деп бекітіп, осы ретте аталған мекенжайларға қандай да бір ойын алаңдарын салу жоспарда бар ма екендігін де сұрадық. Дегенмен әкімдік өкілдерінің ресми жауап жолдауда кежегелері кейін тартты. Бәлкім, нақты бір жұмыстың шетін шығарған соң бір хабарын беруді жөн көрген болар.