Күршім жұрты әніне сусаған Есен Мәженов жайлы не білеміз?

5367
көрілім

«Ел мақтаған жігітті, қыз жақтаған» деп жатады ғой. Көптің құрметіне бөленіп, қайда жүрсе де қолдау көретін жанның жұлдызы жоғары қашан да. Таланты тұла бойын ырып-жырып тепсініп, өнердің сан түрлі есігін ашқан азаматтың қазір жерлестерінің жадынан өшіп бара жатқаны жасырын емес. Күршім топырағында туып, Алматының ірі сахналарында әуелете әндеткен Есен Мәженовтің бояуы қанық қоңыр үні қазақ дәстүрлі әнінің алтын қорында сақтаулы тұрғаны сөзсіз. Мақсатымыз Мәженов жерлесіміздің мақтауын асыру емес, өнердегі жүріп өткен жолына үңілу, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Әншілік әулетіне дарыған

Өскеменнен Күршімге қоңырау шалып, телефон арқылы сұрақтарымызды қоя бастағанда-ақ өмірі өнермен өрілген жан екендігін аңғардық. Дәл осы тіркесті аудандағы ақсақалдар алқасының төрағасы Нұрсовет Қайыров та қолданып, Есен Әшімұлы жайлы естелігін жолдаған еді. Өңірге белгілі ақын-сазгер әншіні басқа аудандар мен ауылдардан арнайы атізін салып, іздеп келетіндер көп екенін, тойға келген қауым әнін тыңдағанда құлақ құрышы қанатындығын да жазды. Бала күнінен өнерге жуық өссе, ел ауызынан түспеуі орынды болар дедік. Бесжылдық деген ауылда кіндік кесіп, бірінші сыныпқа аяқ басқанда-ақ ән әлемінің қақпасын ашты.

– Бастауыш сынып мұғалімі Лиза деген апайымыз өнер жолына бұрды. Өзі де тамаша әнші еді. Содан Шоқан Уәлиханов атындағы Раздольное орта мектебін бітіріп, әншіліктің ауылын аралай бастадым. Әулетімде әншілер болды. Мәжен атам ән айтып қана қоймай, ақындығымен көпті таңғалдырған. Қисса-дастандарды айтқанда таңды-таңға жалғайтын. Әкем Әшімнің де үні көркем еді, жалпы, әншілік әулетімізге дарыған, – деді өнер иесі.

Серпіліс әкелген 86-шы жыл екені сөзсіз. Жо-жоқ, желтоқсан оқиғасының қатысы жоқ. Алатаудың баурайында, Алматының төрінде Ілия Жақановпен бірге Мақтұмқұлының термелерін орындады. Жиырманың екеуін толтырған сырбаз жігіт белгілі сазгер, өнер зерттеушісімен тұрып дүйім жұртты елітіп әкетті. Қасында Қайрат Байбосынов пен Дүйсенбек Қанатбаев бар еді. Екеуі де әрі әнші, әрі ақын. Осындай төрттік танымал классиктердің термелерін орындағанда, оңтүстік жұрты «Шығыстың Шәмшісі» атанған Оралхан Көшеровтың жерлесін таныды! Тамызда Алматыға жасаған алғашқы сапарынан көптің қуанышына шомылып үлгерген өнер иесі туған өлкесіне оралған соң да өз биігінен түспеді.

«Көрдің бе сен, Күршімді?»

Әр адамның әттеген-ай дейтін тұсы болады ғой. Есен Әшімұлын сөз еткенде оның неліктен үлкен сахнаға көтеріліп, дәстүрлі әндерді орындаудағы дәуірін неге жалғастырмады деген сауал келеді. Жауабын сәл кейінірек берейік. Алғашында халық әні деп аталып, сосын «дәстүрлі» деп өзгергені көпке белгілі. 1990-шы жылдарға қарай облыстық ақындар айтысында бақ сынады, терме де айтып жүрді. Бәсеке-бәйгелерде де терме орындап бас жүлде иеленгені бар. Аймақта айдарынан жел ескен соң республикалық сайыстарға жол ашылды. Басында әнші деген едік, бара-бара термеге көштік. Осыған ақындық қырын қосып қояйық. Әзірге үшеу. Сабыр сабасын көңіл желі желпімей, өнерге өлердей ғашық жанның қарапайым мінезі өзге де қабілеттерін аша түсті.

– Ақынмын демейтін қазақ жоқ шығар. Барлығы өлең құрайды. Бірақ өзімді ақын ретінде таныстырған емеспін. Әйтеуір екі сөздің басын құрап, сөз сайыстарына қатысып жүрдік, – деген жерлесіміз өнерде бойтұмарына айналған әндерге де тоқталды. – Оралхан жазған «Алтай термесін» жиі орындадым. Күршімде айтады екен ғой: «Алтайдың жолын ашқан – Есен, Есеннің жолын ашқан Алтай» деп.

Ғаламторға Есен Мәженов деп жазсақ, ұлттық киімде, киіз үйде малдас құрып отырып айтқан әндерінің бейнежазбалары шығады, Бұл қандай бағдарлама? Оны кім түсірген? Бұған жауап іздемес бұрын, тыңдарман жүрегін жаулаған «Көрдің бе сен, Күршімді?» әніне қысқаша тоқталған әбестік болмас. Сөзін белгілі ақын, журналист Хасен Зәкәрия, әнін өзі зағип болса да көңілі ояу Ғазиз Досанов жазған. Домбыра арнасының басшысы Қанат Ержігіт Алматыдан арнайы келіп, түсіріп әкеткен екен. Айтылмаған әндерге басымдық берген бағдарлама арқылы Есен Мәженовтың тыңдарманы одан әрі артқан. Тіпті десеңіз, ұзақ жылдар көлемінде «Үштік одақтың» үйлесімі Күршімнен асып, облыс жұртын сүйсіндіртті. Әнін Оралхан Көшеров, сөзін Хасен Зәкәрия жазып, Есен Мәженов орындаған шығарманың кемшін тұсы бола қоймас, сірә. Осы үштіктен басқа ешкім білмейтін «Абашым» әні де тек жерлесіміздің жадында. Ақын Абаш Кәкенов қамал бұзар жасқа келгенде шыққан ән көркем сөзбен кестеленіп, әр сөйлеміне мағына жасырған.

– Оралханмен өмірден озғанша байланысымыз үзілген емес. «Ағалар-ай», «Ескі әнді шеше, қозғама» сынды әндер мен «Алтай термесінің» алғашқы орындаушысымын. Көп әндерін маған алып келетін еді, – деді әнші.

Есен – әнші, Есен ақын...

Осыны айта келе 86-ның жазында болған қызықты оқиға тоқталды. Ілия Жақанов, Қайрат Байбосыновтармен бірге терме орындағанға дейін Есен Әшімұлы туған ауылынан 110-120 шақырым жердегі жайлауда болатын. Кенет Алматыға ертең жүресің деген ақпар жетіп, дереу ауылға қайту керек болды. Жүйткіп отырып жететін көлік те жоқ. Жалғыз амал – сондағы бар аттың бірін мініп, мүмкіндігінше құстай ұшып жету қажет. Бабы келісіп тұрған қылқұйрықты да болмаған көрінеді.

– Содан әкемнің кәрі торы атын алып, жайлаудан шауып отырып жеттім. Бесжылдықтың жанында Сарыөлең ауылы бар. Мені сол жерде күтіп тұрды. Таңертең ертерек шыққам, түс ауа жеттім. Сонда шамамен алты сағаттай тоқтаусыз шауыппын. Ертеңінде Алматыға жол тарттық, – деді әнші.

Қарап отырсақ, шабандоздығы да қылаң берді. Жөпелдемеде 120 шақырымды салт атпен бағындыру оңай емес. Осы кезде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Нұрсовет Қайыровтың мына бір естелігі есімізге түседі.

– Есен – әнші, Есен – ақын, Есен – жігіт сұлтаны, Есен – шебер асаба, Есен – термеші, Есен – атбегі, сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Біздер, күршімдіктер, есенді мақтан тұтамыз, қадірлейміз, – деп жазғаны бар.

«Арнайы білімім болмады»

«Жігіт сұлтаны» деулері де тегін емес. 1992 жылы Ерболат Мотабаев, Оралбек Жиенбаев, Төлеген Қалимажынов сынды Шығыстың бір топ азаматы сынға түскен байқауда шешуші сынға өте алмағанымен, таң қалдыру кезеңінде «Ақбұлақ» әнін айрықша орындады. Әуелетіп айтар тұсына жеткенде «Е-е-е-е-е-ей» деп созып тұрып алуы жұртты бір серпілтіп тастады. Әсіресе Ерболат Мотабаев таң-тамаша болып, көрермен жарыса қол соқты. Өнер жолында тарбағатайлық Тілеш Маткаримов, күршімдік Еркін Қыдырханов, Тоқтаубек Әлдиев, Қазымбек Әбдірахмановтардың еңбегін ерекше атап өтті. Жастайынан шығармашылыққа барын берген жан сол кездегі дәстүрлі әндерді жетеріне жеткізіп орындаған аға буындарды мақтанышпен тізбелеп шықты. Оралхан Көшеров Мұқағали Мақатаевті «Пірім» деп айтқан екен. Жерлесіміз Жәнібек Кәрменовтің орындауына тәнті болып, еліктеп өскенін айтты. Қоғам қайраткері, Күршімнен шыққан білікті дирижер Ерсовет Тұраров айтқандай, Әміре Қашаубаев пен Әсет Найманбаевтың дауысы дүйім жұртты бірден баурап әкетсе, Есен Мәженов те аға буынның ізін жалғаған күміскөмей әнші. Егер музыкалық білімі бар болса, еліміздегі үлкен сахналардан әлі де түспеген болар еді деді. Осы жағын кейіпкеріміздің өзінен сұрап көрдік. Айтуынша, заман талабы өнерді емес, еңбек еткендерді дос еткен. Құр әншілік алысқа апармайды десе керек. Дей тұрғанмен арда азаматтар қолдауын аямаған екен.

– Арнайы білімім болмады. Оған қоса, мал шаруашылығына ойысып, жылқы бақтым. Елге есімі мәлім Бошай Кітапбаев Күршімге келгенде «Алтай термесін» орындадым. Жазушы Оралхан Бөкей де атбасын бұрған. Барақ батырдың тойында көпшілік алдында шырқап едім, көңілдерінен шыққан болуы керек. Бошай ақсақал Алматыдағы консерваторияға түсірмекші болды. Сол кезде еліміздің Мәдениет министрі болған, әрі досы Еркеғали Рахмадиевке хат жолдап, мұны шешіп те қойды, – деді Есен Әшімұлы.

Ағылшын тұқымды ат баптауда

Сонда неге барып оқымады? Кейіпкеріміз мұны ауыл баласына тән тартыншақтықпен байланыстырды. Бір есептен, үйдің кенжесі. Әке-шеше қалауы да әншілік болмаса керек. Ата-ана кеңесіне құлақ түрген қағілез жігіт консерватория маңына сол күйі жақындамады. Негізгі мамандығы – мал дәрігері. Ұлан ауданына қарасты Саратовка ауылынан бітірген. Десе де сол бір «Алтай термесінің» Алматының төріне дейін жетелегенін әнші әлі ұмытпаған. Өнерден алыстаған емес. Қайта көпшілік Есен Мәженовті тағы бір қырынан тани бастады. 10-15 жыл көлемінде ат баптайды. Қазір ағылшын тұқымды сәйгүліктерін тамыз айының 6-сы күні Катонқарағайда өтетін республикалық ат жарысына дайындап жатыр. Айтпақшы, Құлынжон ауылының тумасы, облыс көлемінде мүмкін болатын жарыстың барлығында тұлпары озып шыққан Жанәбіл Шайырғазинмен бір группада оқыған, әрі жақын дос. Ат жаратып жүріп, шақырған жиын-тойларда ән шырқайды. Былайша айтсақ, жұрт Есен Мәженовтің әніне әлі де сусап тұрады. Қазір Күршім ауылындағы №1 орта мектепте қызметте, аудандық Мәдениет үйімен де байланыста. Жұбайы Айгүл Тоқтарханқызы да сол мектепте жоғары санатты бастауыш пәні мұғалімі. Кейіпкеріміз Құдай қосқан қосағымен ұлы Азамат пен қызы Назгүлді өсіріп жеткізіп, олардан алты немере сүйді.

Өнерді табысқа кенелтіп, пайда әкелетін бағыт деп емес, өмірінің бір бөлігі деп білген жанның сан қырлы болуы заңдылық та шығар. Қайраты пен қабілеті бойында. Айтылмаған әндерді әлі де жаңғыртатындығына сенім мол. Жуықта болатын жарыс, Катонқарағайдағы додада тек сәттілік. Танып-білген тыңдарман Есен Мәженовті әлі де мақтан тұтады.

Әділхан ЕСІМХАНОВ