Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында боранда адасып көз жұмған ер адамның денесі 3 күннен кейін табылды, деп хабарлады Buqara.kz сайтының тілшісі.
Табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланған Күршім ауданында 23 қаңтар күні екі адам боранда адасып, оның бірі көз жұмған болатын. Денесін үсік шалған екінші азаматты санитарлық авиация Өскеменге жеткізіп, облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың жансақтау және интенсивті терапия бөлімшесіне жатқызған.
Ал марқұмның денесі бірден табылмады. Қалың қар астында қалған жолдан арнайы техникалардың жүруі де қиынға соққан. Іздеуге құтқарушылар, полицейлер мен жер жағдайын жақсы білетін аудан тұрғандыры тартылды.
«Іздестіру жұмыстары қаршанамен, шаңғымен және атпен жүргізілді. Осылайша, бүгін ер адамның денесі табылды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», - деп хабарлады ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.