Күршім ауданында қар астында қалған ауылдағы жүкті әйелді құтқарушылар аман-есен ауруханаға жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған Күршім ауданында қар құрсауында қалған ауылдардың бірі – Қайнарлы. Онда мүлде жол жоқ. Сол ауылдағы жүкті әйелдің толғағы келген. Құтқарушылар оны шұғыл түрде ауруханаға жеткізу үшін көмекке ұмтылды.
«ШҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының қызметкерлері жол талғамайтын «Шерп» көлігімен қарда қалған Қайнарлы ауылына шықты. Олар ауылға дейін биіктігі 1,5 метрден асатын қар қалыңдығын еңсеріп, жолды қақ жарып отырып жетті», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Ауылға табан тіреу үшін 7 сағаттан астам уақыт кеткен. Табандылық танытқан құтқарушылар 2002 жылғы жүкті әйелді Марқакөл ауылында орналасқан ең жақын ауруханаға қауіпсіз жеткізді.