Күршімде қайығы аударылып қалған 2 балықшы құтқарылды

1573
көрілім

Күршім ауданында қайығы аударылып қалған 2 балықшы құтқарылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Күршім ауданы Бұқтырма су қоймасындағы «Қызыл ту» паром өткелінің жанында 57 және 67 жастағы екі балықшы қайықпен келе жатқан. Кенет қатты соққан желдің салдарынан резеңке қайықтары аударылып қалды.
- Жақын жерде болған паром қызметкерлері, атап айтқанда басқарушы Қадылбек Жармұхамбетов, капитан Серік Дүкетаев, механик Александр Устинов, моторист Каһарман Әбікенов, матрос Людмила Кроюкова және электрик Оқасов Құдайберген құтқарушылар келгенге дейін балықшыларға құтқару шеңберін лақтырып, судан алып шықты. Ер адамдарға медициналық көмек қажет болмады. Жағалауға жеткеннен кейін олар жеке көліктерімен Алтай қаласына бағыт алды, - делінген ақпаратта.
Осы ретте, облыстық ТЖД қызметкерлері балықшыларды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.