Күршім ауданындағы көпқабатты үй подъезінде өрт шығып, 20 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 3 маусым күні өрт сөндіру бөліміне 5 қабатты тұрғын үй подъезі есігінің жанып жатқаны туралы хабар түскен. Тұрғындар өрт сөндірушілер келіп жеткенін тоспай, өртті сөндірмек болды.
– Оқиға орнына дереу жеткен №30 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері подъез есігі мен сол маңайда тұрған балалар арбасын шарпыған тілсіз жауды ауыздықтауға кірісті. Сонымен қатар олар газдың жарылуына жол бермес үшін газ құбырын суытқан. Подъез ішін түтін тұмшалағандықтан 20 адам қауіпсіз жерге көшілірілді. Оның ішінде 12 бала бар, - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығуына балалардың сіріңкемен ойнауы себеп болған.