Күршімдегі үйлену тойында танысымен ерегесіп қалған жігіт қарсыласына пышақ сұғып алған

597
көрілім

Күршім ауданында орналасқан тойханалардың бірінде отырған екі қонақ сөзге келіспей қалады. «Әңгімені» шешу үшін жігіттер тойхана артына шыққан. Даудың арты құр сөзбен шешілмей, төбелеске ұласып, ер адамның пірі танысын пышақпен жаралайды. Осыған байланысты сот ісі Күршім аудандық №2 сотында қаралды.

Қанды оқиға күршімдік тұрғындардың ұйымдастырған үйлену тойында орын алды. Салтанатты кештің қонағы 33 жастағы Сағымтай мен Кенжебек (адам аттары өзгертілген) арасында жанжал туындаған. Араларындағы мәселені шешу үшін олар тойхана артына барып сөйлеспек болады, алайда сөзге келмеген екеуі сол жерде жұдырықтасуға көшкен.

Төбелес барысында Кенжебек пышақ алып шығып, Сағымтайдың кеуде тұсына бірнеше рет сермеп, дене жарақатын түсіреді. Сот материалдарына сүйенсек, осының салдарынан жәбірленуші ауыр жарақаттар алған. Сол сәтте оқиға орнына келген Сағымтайдың танысы Манатбек жаралы адамға көмек қолын созбақ болады, алайда қолына суық қару ұстаған Кенжебек оған да шабуыл жасап, іш тұсына жеңіл түрде бірнеше жарақат келтірген.

Айыпталушы қолға түскен соң оған қатысты сот процесі Күршім аудандық №2 сотында өткізілді. Мемлекеттік айыптаушы сот отырысында сотталушыны ауыр және жеңіл дене жарақаттарын келтіргені үшін, сондай-ақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп тануды сұрайды. Сот айыптау тарабының уәждерімен келісіп, Кенжебекті 4 жыл бас бостандығынан айыруға үкім етті.

Сондай-ақ, облыстық сотының апелляциялық сот алқасы сот үкімін өз күшінде қалдырып, сотталушының кінәсіздігі жөнінде жазған шағымын қанағаттандырусыз қалдырды.