Еңбек күні қарсаңында әр салада талай жылдан бері тер төгіп келе жатқан тұрғындардың әңгімесін тыңдап, сұхбаттасуды жөн көрдік. Облыстағы Күршім ауданына қарасты Құйған ауылы дәл Ертістің жанында орын тепкен. Мұндағы жұрттың көбі ау құрып, өзен бетіне жиі шығады. Талай жылдар бойы балық қақтап, өңір тұрғындарына жүзі әбден жатталған Фарида Серікованың жәрмеңкелерден қалыс қалған күні жоқ. Әр келгенінде балықтың бірнеше түрін саудалайды. Еңбегінің өнбегін көріп жүрген жанмен Buqara.kz тілшісі емен-жарқын әңгімелескен еді.
"Қиын болғанымен, тиын оңайлықпен келмейді"
Қазір Бұқтырма су қоймасы арқылы салынып жатқан көпір құрылысының қарқын алған сәті. Самар ауданы құрамындағы Құлынжон ауылынан Күршімге бет алғандар алдымен паромға отырады. Су көлігінде тұрып ауқымды жұмысты тамашалайды. Арғы жағаға өткен соң көңілі соққандар сөреге қойылған қақталған балықты сатып алып, дорбасына сүңгітеді. Көпшілік жол бойында сауда жасап тұрған соң сатушының бет-жүзіне зер сала қарамаған болулары керек, жәрмеңкеге келгенде "Апай, сізді паром жақта көрген сияқтымын" деп еске түсіріп жатады. Кейіпкеріміздің сөзінше, осы жұмысын жалғастырып келе жатқанына 30 жылға жуықтапты. Жолдасының өмірден өткеніне 18 жыл болған. Осы ретте балық қақтап сатуды табыс көзіне айналдырып, өнімдерін сауда "сахнасына" шығарды.
"Өскеменге жолымыз түссе, тұрғындар танып жатады. Мұндағы базарларға келіп жүргеніме 25 жылдай болды. Жас кезімізде Семей, Риддер қалаларынан бастап Талдықорған, Алматының жәрмеңкесін де көрдік. Тек қақтап қана қоймай, буффало мен табан балықтан фарш жасаймын. Олар дәмдірек. Қалып жатса шортанды да қамтимын", – деді Фарида Алтынғазықызы.
Қазір балық аулауға тыйым салынған. Дегенмен бұл Ертісте олардың саны азайды дегенді білдірмейді. Белгілі бір уақытта жалғасып отыратын шара. Айтуынша, жаз айларында балық біртіндеп көбейіп, бағасы да төмендеуі мүмкін. Паром маңы мен жәрмеңкедегі саудада бәлендей айырмашылық жоқ. Мәселен, Фарида Серікова Өскеменге келгенде екі күннің жоспарын бірден орындап тастайды. Бір жағынан тұрақты клиенттері де тапсырыс беріп қояды. Балықшылар қыста бағаны көтереді. Күннің суығы мен жұмыстағы кейбір машақат осыған итермелейтін көрінеді. Қақталған балық та бұл кезде сәл қымбаттайды.
"Осыны кәсіп қылып, бала-шағаны асырап отырған соң қиындықтарға көз жұмуға тура келеді. Қиын болғанымен, тиын оңайлықпен келмейді ғой. Бес балам алма-кезек көмектеседі. Ауылда жүрсе фарш дайындап береді. Диплом алғанға дейін уақыттары болғанда балықты жарып, жұмысымды біршама жеңілдетеді", – деді кәсіпкер әйел.
Балық сатудағы рекордын Семейде орнатты
Балаларының алды 35-те, отбасы құрған, кенжесі колледж студенті. Балық қақтаудың әдісі әрбіріне таныс. Тұздан шығарып, сорғытып алған соң 45 минут ыстық пеште тұрады. Сонау 1995 жылы балықты үйде сатып бастап, кейін республика аралаған нәзік жанды түтінге қақтаудың түрлі тәсілі барын айтты.
"Тұздаудың тәртібі бар. Кей адамдар ашты қылып жібереді. Ұзақ жылдар ішінде көз мөлшерімен дұрыс салуды үйрендік. Артық салынса сатып алушылар реніштерін білдіреді. Алматылық клиенттермен "экспорт" жағын бір бағытқа қойдық, өнімді автобуспен жіберемін", – деді кейіпкеріміз.
Қазіргі уақытта орташа бағаны 1000 теңге деп бекітті. Ең қымбаты кейде 2,5 мың теңгеге шейін барған. Тұрғындар көбінесе көлемі үлкен балықтарды сатып алады. Еті мол, сүйегі аз дейді. Негізінде әзірленген соң аптап ыстықта сақталу уақыты бір-екі күннен аспайды. Фарида Серікованың сөзінше, егер мұздатқышқа салып, тұтынар кезде ғана шығарып отырса дәмін жоғалтпайды.
Тапқан табысының мөлшерін бір айтқан мысалынан түсіндік. Айталық, кенеттен 100 мың теңге қажет болса, осы кәсібін бағдар етіп, мәселе бірнеше күнде шешімін табады. Бір есептен, айлыққа жұмыс істеу көпбалалы анаға тиімсіз. Сол үшін де жәрмеңкелердің бел ортасында жүріп, сауда әлемінде бағын сынап келеді. Тағы бір қызық жайт, Семейдегі жәрмеңкеде жеке рекордын орнатқан. Қақтап апарған балығының 500 данасы екі сағат ішінде сатылып кетіпті. Ал Өскеменде өткен жәрмеңкеден темір тұлпар мініп қайтқан.
"Қаланың орталық алаңында өткен шараға жиналған жұрт мол еді. Бұл осыдан он жыл бұрын болды. Жәрмеңке бітіп, үйге қайтуға такси жалдайын десем жүгім көп. Содан барып 350 мың теңгеге "Жигули" сатып алдым. Бірақ қазір ол тозыңқырап қалды", – деді Фарида Алтынғазықызы.
Құдай қуат берсе, кейіпкеріміз осы тірлігін жалғастыра беруге дайын. Қазір ортаншы ұлы Арынбек ауылдағы анасына қолғабыс етіп жүр.
Әділхан ЕСІМХАНОВ