Тәртіп сақшылары ұсынған мәліметке сәйкес соңғы жылдары қаржы алаяқтарының саны артқан, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- Қарапайым тұрғындарға қоңырау шалып, өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстыру, дереу қаржылық аударымдар жасау туралы қоңыраулар жиі түсуде, - дейді Күршім АПБ бастығы полиция полковнигі Серік Тоқтарханұлы Манапов. - Сондай-ақ, алаяқтар тартымды ұсыныстар мен күмәнді сілтемелері бар электрондық хаттарды да белсенді түрде жібере бастады.
Онлайн режимде «тұзақтар» құрып, банктер мен өзге де қаржы ұйымдарының қауіпсіздік қызметтерінің қызметкерлері ретінде өздерін таныстыра отырып, азаматтарға қоңырау шалуы шалғай аудандарда да жиілегендігін қатаң ескертеміз.
Интернетте, әсіресе танымал әлеуметтік желілерде сіз басқа да қаржылық алаяқтыққа тап болуыңыз мүмкін. Мысалы, алаяқтар жалған боттарды, соның ішінде белгілі банктердің атынан боттар жасайды, олар, мысалы, әртүрлі қаржылық қызметтерді алу жөнінде кеңес беруді немесе жеңілдікті кредит, әлеуметтік төлемдер, зейнетақы қаражатын алуға, теріс кредиттік тарихты жоюға өтінім беруді және басқа да болжамды қаржылық қызметтерді ұсынады. Мұндай жалған боттар пайдаланушылардан жеке деректерді және банк карталарының деректерін енгізуді сұрайды, тіпті SMS-тен кодты сұрай алады, оны алғаннан кейін алаяқтар аңғал азаматтардың картасындағы барлық ақшаны қағып ала алады.
- Есіңізде болсын, банк менеджерлері клиентке өздері бірінші болып телефон соқпайды, егер де сізге қоңырау шалып, сіздің шотыңыздағы түсініксіз транзакцияларды бұғаттау үшін SMS-пен келетін кодты сұраса, дереу әңгімені доғарыңыз. Бұл сіздің қаржылық қауіпсіздігіңіздің кепілі болмақ, - делінген мәліметте.