Өткен сенбіде Freshmarket фермерлік гастрономы алдында күршімдік кәсіпкерлер тұрғындарға өз өнімдерін ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сағат 09:00-де басталады деп жазылғанымен өскемендіктердік біршамасы межелі уақытынан бір сағат бұрын келіп алған. «Күршім ауданы» деген жазу алыстан-ақ менмұндалап тұрды.
Ет өнімдері қойылған сөреге жетпей жол-жөнекей картоп, сүт, тары-талқан, құрт-ірімшік сынды жеңсік тағамдар қойылған. Әр сенбіде арнайы атізін салатын өскемендіктер өзара сөйлесіп бағаның қолжетімді, сапасының да жоғары екендігін айтумен болды.
– Осындай өнімдер әкелген аудан басшылығына айтар алғысымыз шексіз. Жергілікті базардағы сатушылар да келіп сауда жасайды. Дегенмен олардың қойған бағасы біз үшін қымбатқа түсіп жатады. Ауылдан келген азық-түлік тауарларына асырып баға қосатын сыңайлы. Ал жәрмеңкенің өз бағасы әлдеқайда қолжетімді, әрі мал еті де ерекше дәмді, – дейді Әлібек Нұрмұхамедов ақсақал.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қуанған Қарағызовтың айтуынша, шараға 12 ауылдық округтен өнімдер ұсынылды. Күршім өңірінің брендіне айналған бал мен балық түрлері де көптеп сатылды. Атап айтсақ, Балықшы және Құйған ауылдық округтерінен 2,5 тонна балық, Маралдыдан 200 литр бал әкелінген.
– Бұдан бөлек, соңғы уақытта ауданымызда мал бордақылауға жіті көңіл бөлінуде. Қыс айларында күйін жоғалтпаған ірі қара көктемдегі жәрмеңкелерде тұрғындардың үлкен сұранысына ие болады. Бұл жолы әкелінген өнімдер бағасы 19 миллион 365 мың, – деді Қуанған Сәйпішұлы.