«Шеберді шеге қағысынан таны» дейді халық даналығы. Күршім ауданының Алғабас ауылына ат басын бұрғанымызда техниканың тілін меңгерген тапқырмен кездестік. Бір емес, бірнеше техника түрін құрастырып, талайдың таңдайын қақтырған Болатбек Көкеновпен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрудың сәті түсті. Сонымен, шебердің «жеке мұражайымен» таныс болыңыздар.
Әңгімесімен бірге әзілі де алшысынан түсетін Болатбек ата шабыты келсе темірді бір-біріне жалғап жіберіп, бүп-бүтін көлікке айналдырып жібереді екен. Бала кезден техникаға құмар болыпты. 15 жастан асқанда-ақ ауыр жүкті техникалардың моторын шашып, қайта құрауды қызық көрген екен. Бозбала шағында-ақ моторлы қайрақ ойлап шығарған. Ал мектеп бітіргенде ағаш қайыққа мотор жалғап, қоштасу кешінде сыныптастарымен бірге Ертісте сайран құрыпты.
– Институтқа түсуін түссем де, темірімді қимай ауылыма қайтып келдім, – деп жастық шағын еске алады ата. – Әскерден кейін Күршімдегі автомектепте алты ай оқып, жүргізуші куәлігін алдым. Электростанцияда дизелист болып істегенім – алдағы уақытта ойластырған техникаларымды құрап шығаруға септігін тигізді.
Болатбек қарттың қора жайына кіре берісте бұрын еш жерден кездестірмеген шаруа техникасы тұр. Үлкендігі өзіміз «чипу» атап кеткен қытайдың қызыл тракторына ұқсас техниканың артықшылығын анық байқауға болады. Көліктің сол жақ тұсында шөп шапқышы жалғанған. Тапқыр бұл көлігіне «шырылдақ» деп ат қойып алыпты.
– Шырылдағымның моторы – «Урал» мотоцикліне тиесілі, ал рөлі «Запорожец» автокөлігінен. ГАЗ-52-нің коробкасы орнатылған. Дөңгелектерінің алды УАЗ, арты ГАЗ-52-нікі. Бензинмен жүреді. От алғанда дауысы ұшақтыкінен зор, – деп күледі өнертапқыш.
Бұдан кейін қарттың «Жаймашуақ» деп атаған техникасымен таныстық. Құрама техниканың моторы Жигули автокөлілігіне тиесілі болса, алдыңғы дөңгелектері «Нива», артқысы ГАЗ-66-на тиесілі. Т-25 тракторының турбинасы тағы бар. Өнертапқыштың айтуынша, құрама техникаларды қол жеткен көліктердің саймандары арқылы ғана жасаған.
– Ал мынау ГАЗ-52 көлігінің артына стогомёт жалғадым. Құрама техникаларымның қай-қайсысына болмасын, жасап шығуға 2-3 ай кетеді. Бір кездері трициклдарым болатын. Жас кезімізде жүйткіп трициклдарымызбен балыққа баратынбыз, – дейді Болатбек ата Көкенов.
Алғыр ағамыздың тағы бір тапқырлығын атап өтпеске болмас. ГАЗ-52 жүк көлігінің кузовын көтерілетіндей жасап алған қарттың өнертапқыштығына қалай тамсанбайсың?!
– Жас кезімде аэросани жасамақ болдым. Оны «Әуе винті» деп атайды. Винттің өзін қайыңнан шаптым да, қозғалтқыш жалғап көрдім. Әттегенайы қозғалтқышым әлсіз болып қалды да, аэросаниым әуеге көтеріле алмай қалды. Елдің бәрі „Тікұшақ жасамайсың ба?„ деп айтып қояды. Шіркін, бір қуатты қозғалтқыш болғанда тікұшақтың мықтысын жасар едім, – деп күледі Болатбек ата.
Иә, ауылда небір өнертапқыштар бар…
Аян ӨРІБАЕВ