Қазақы қарапайымдылық пен жайдары мінез болмысынан байқалып тұратын. Жұрт елеңдей күтіп, әсіресе күршімдіктер қияқ мұрты анда-санда бір жиырылып, жерлестерін қуантуға асыққан жанды мәре-сәре болып қарсы алған-тұғын. Міне, Мәдениет үйінің есігі айқара ашылып, қалың нөпірді бөлекше әлемге жетелейтін сиқыр өнері бөгеуін ағытты. Таң қалмаған жан некен-саяқ болар… Одан әрі мейманасы тасыған Марқа өңірінің тұрғындары да осы өнердің куәсі атанды. Республикадан тыс, көршілес елдерді таңдай қақтырып, есім-сойын алтын әріппен жазған сақа сиқыршылардың бірі Камал Қоңқараевтың өмірден өткеніне бір жыл болған. Ел көлемінде кенжелеп тұрған өнерді қайта жандандыруға ересен үлес қосқан жан жайлы естелік-мақала жазуды жөн көрдік.
Қызығушылық бала күнінде байқалды
Бір сұхбатында айтқаны бар еді, «Кіндік қаным тамған жеріме аңсарым әркез ауып тұрады. Жаз мезгілінде міндетті түрде атізін салып, көрікті өлкемнен қуат алып қайтамын» деп. «Қанша жоғары көтерілсең де, өрлігің өзіңді көлегейлеп тастамасын» деп айтылған нақыл сөз жерлесіміздің ұраны ма дерсің?.. Өзгеше өнерді меңгердім деп менмендікке салынбай, қай тұрғыда ой өрбітсең де қарапайым, бауырмал қалпын сақтап қалды. Ол аз десеңіз, таңғажайып өнерді тамашалауға асыққан жұрттың «қалтасына салмақ түседі-ау, билет бағасын көтермей-ақ қояйық» деген жанашырлық лебіз жиі айтылып жүрді. «Ердің жасы екі елу» дейді. Соның алғашқысын толтыруға таяғанда айрықша өнерге аяқ басқан азамат үш айдың төңірегінде меңгеріп алды. Бұл шамамен 2000-шы жылдар. Артынып-тартынып Алматыға келгенде салған жерден аяққа тұрып кету біршама қиынға соқты. Отағасының арқалағаны ауыр болып, жаңа табыс көзін іздеу қажеттілігі туындады. Қайтпек керек? Қолында Алматыдағы пединституттың көркемсурет-графика факультетінің дипломы бар әрі ұстаздық еңбек өтілі 20 жылдан асып жығылады. Солай болғанның өзінде тек осы бағытпен отбасын асырау мүмкін емес. Жо-жоқ, мүмкін ғой, тек айды-айға жалғап, жалақыға қарап отыру өмір сүру үрдісін күрделендіре түсетін еді.
Қамал бұзар жасты тегіс толтырып, 50-ге аяқ басқанда (нақты айтсақ, 49 жасында бастады) сиқыршылық әлемінің қақпасын қағып көрді. Иә, қадам сәтсіз емес. Қолдың асқан икемділігі мен табандылық екеуі екіжақтап бір нәтиже шығаруға негіз болды. «Ғасыр жартысына жақындаған жан қалайша бірден сиқырға бет бұрды, бәлкім, бала күнінде бой үйрете бастаған болар?» деген заңды сауал да туындауы мүмкін. Сұхбат берген басылым беттерінде «фокус» өнеріне бала күнінде қызығушылық білдіріп, жұрт асқан ыждаһаттылықпен тамашалайтын бағытқа атжалын тартып мінуге жараған шағында ықылас танытқаны жазылған.
– Веллер деген сиқыршы еврей болды, екі-үш айдай соған барып жүрдім. Бірақ ол қадамым сол күйі аяқсыз қалды. Ауылды жерлерде өздеріңізге мәлім, шыжыған күні шынжыр табанды мен трактор, комбайн жүргізетін жігіттер керек болды, сиқырға қызығатын уақыттары жоқ. Өзім мамандығыма сәйкес жұмыс істеп, «фокус» ұғымы жадымнан шығып кетті. Тек кейін барып, Ұлттық кітапханада сиқыршылық өнерден сыр шертетін түрлі әдебиеттер оқи бастадым, – деді жерлесіміз.
Көрермен қалтасы көтерсін деп
Бір есептен, ғажап үйлесім. Сурет пәнінің мұғалімі сан жылдық еңбек тәжірибесінен соң қылқалам өнеріне сиқыршылықты әкеп сабақтады. Қиял еркіндігі шартарапты шарлап, ой ұшқырлығы да қылаң бере түскен. Білдірген ойы мен берген сұхбаттарында математикалық дәлдікті байқауға болады. Қандай? Өзі атбасын бұрғалы тұрған өңірдің жер жағдайы, жол жағдайы, өнерпаздар ғұмыры аяқ басып көрмеген ит арқасы қиянда жатқан елдімекендерде тұрғындардың шамамен алатын айлығын ой таразысынан өткізді. Аңдатпа ретінде ілінген плакаттар мен баннерлерде билет бағасын да қолжетімді етіп бекітті. Ұлттық арнадағы «Таңшолпан» бағдарламасында еліміздің әр өңіріне барған сапары жайлы ой қозғаған-тұғын. Бұл 2018 жыл.
– Кейбір көрермендерім «30 жылға жуық ауылымызға ешбір өнер иесі аттап аяқ баспаған еді» деп айтып жатады. Олар менсінбеген клуб үйлеріне арнайы аялдап, қуаныш сыйлауға тырыстым. Асфальт төселмей, шұрқ тесіліп жатқан жолдарды басып бір ғана шамға тәуелді болған Мәдениет үйлерінде ат шалдырдым. Қарақұлақ қариялар дән риза болып, батасын беріп жатты, – деген еді жерлесіміз.
Ал Шығыс өңірі, оның ішінде туған өлкесіне барған сапары тіптен қызық. Клуб үйінде ине шаншар жер болмай, күршімдіктер қаз-қатар тізіліп отыр. Қиқулап, қол соққан көрермен шапалағынан арқаланған өнерпаз концертке қолжетімділікті де бақылауда ұстады. Айталық, өзге әншілер мен әрқилы шығармашылық адамдары билет бағасын адам басына 1000-2000 теңге деп бекітсе, Камал Қоңқараевта әлдеқайда төмен. Яғни көп жағдайда 300 теңгеден асырмайтын.
– Отбасында төрт бала болса, 1000 теңгеден 4000 болады. Бұл қымбат. Ал төрт балаға 300 теңгеден төлесе, 1200 шығады. Әлдеқайда қолжетімді. Ауылдағы орташа жалақы 50 мың теңгенің төңірегінде болса, орынды деп білдік, – деген пікірі екінші тарапқа (көрермен) деген асқан жанашырлығы деп қорыттық.
Жүректен жүріп кетті
Бұдан соң 2018 жылдың сәуір айында Ақтөбеге сапарға шығатынын мәлімдеп, өнерімен өмірдің бір кетігін тауып, қалана түскенін жеткізген болатын. Жұбайы Гүлсара Болатқызы да өткені мен бүгінін қатар саралап, өмірдің бел ортасына тақаған тұсында өзіне таңсық әлемнің есігін ашқан азаматына әркез медеу бола білді. Қазір Алматыда тұрады. Мединститутты ойдағыдай тәмамдаған жан Құдай қосқан қосағымен екі баланың анасы атанды. Тәңірі қуанышын еселеп, төрт немере сыйлапты. Өзімен тілдесудің сәті болмады, тек үзілген әңгіме барысында сиқыр әлемінің саңлағы атанған жұбайының бірнеше фотосуретін жіберді.
Жерлесіміз сиқыр көрсету үстінде
Таңқалдырудың хас шебері «фокусқа» кеш келсе де, әліппесімен толықтай танысып, тарихын түгендеп үлгерді. Республикалық басылымдардың біріне берген сұхбатында сиқыршылық өнерді қолға алғаннан пайда келе ме, әлде зиян шеге ме, ол жайында да түрлі мәліметтерге көз жүгірткені жазылған.
Амал нешік, жерлесімізге сақина, темекі, жыртылған газет, шар ішінен көгершін шығару, картаны саналуан бағытта қолдану сынды әр тарапта жасалған сиқыршылықтың тереңіне сүңгу бақыты бұйырмапты. Танымал иллюзионист 2020 жылдың маусым айында жарық дүниемен қош айтысты.
– Камал ағамыз өмірден озды. Жүректен кетті. Жеңгеміз бұған дейін ешқандай ауру-сырқауы болмағанын айтады. Есіктің алдында жұмысшыларымен бірлесе жұмыс істеп жатқан. Сол кезде аяқ астынан жүрегі ұстап, қайтыс болған екен, - деген еді белгілі актер Ринат Уәлиев қаралы хабарды көпшілікпен бөлісіп.
Елең еткен еуропалық
Талайды таң-тамаша еткен өнер иесінің тамыр соғысы 64 жасында тоқтады. Камал Қоңқараев, толығынан жазсақ, Ғабдылкамал. Айтпақшы, көзі қарақты оқырман кейіпкерімізді Хабар арнасы арқылы «Тамаша» театрынан да көрген болулары кәдік. Дидарына өзгеше рең беріп, төмен төгіле өскен мұрты, салалы саусағымен шүйдесіне қарай қайыра түсетін қалың шашты жерлесіміздің есімі Алматы циркі, қала берді республикадағы сиқыршылықтың сенімді өкілі ретінде сақталары сөзсіз. Кім білсін, жүрегі соға түссе ТМД-ны тегіс мойындатып, АҚШ-қа жол тартар ма еді?! Неге Еуропа емес десеңіздер, ол жаққа алғашқы қадам жасалып та қойған еді. Айтпағымыз, танымал иллюзионист өз өнерін Оңтүстік Корея, Германия, Түркия және Қытай елдерінде паш еткен-тін. Тіпті, сақинамен көрсеткен нөмір қатты көңілінен шыққан италиялық импресарио (шоу, концерт ұйымдастырып, қаржыландыратын адам) келісімшарт ұсынған да көрінеді.
Мерей ҚАЙНАРОВ сұхбат алу сәтінде
2011 жылы пароммен ерке Ертісті беттеп Күршімге бағыт алғанымызда көпшіліктің біреуді қаумалап, жарыса суретке түсіп жатқандарын көзіміз шалып, назарымыз ауды. Таныс бейне көзге оттай басылған соң сол кезде газет тілшісі болған Мерей Қайнаров сиқыршыдан суыртпақтап сыр тартып көрді. Сондағы:
– Арғы жағаға өтіп алайық, содан судың жағасында отырып әңгімелесімз. Асығыс емеспін. Күршімге дейін өздеріңмен жетіп алсам болды, – деп емен-жарқын сұхбат бергені оқырман көкейінде көмескіленіп қалған да болар. Бірақ, әй-қайдам… өнері өрлеп тұрған мұндай азаматтардың жадымыздан жырақтауы екіталай.
***
Тамашаның тарланы Уаис Солтанғазин, ел киноиндустриясының жарқын өкілдері Досхан, Ерік Жолжақсыновтар, мінекей, Ғабдылкамал Қоңқараев… республикада кенже дамыған өнерде өз соқпағын қалыптастырған азамат. Газет редакциясы жүзі жылы, еңбегі адал ерек жанның жатқан жері жайлы болсын тілеулестік білдіреді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ