Қол күрес әлемінде қазақстандық спортшылардың абыройы аспандап тұр қазір. Барған жаһандық жарыстарда жүлдені молынан сыпырып, кейде тұғыр сатысындағы үш орынның үшеуіне де жайғасады. Облыста армрестлинг спорты сөз етілгенде Күршім өңірінің қол күрес мектебін айта кетпеске болмас. Керек десеңіз, бәсеке сайын тас-түйін әзірлікпен келетін түрік, гүржі, дағыстандық мықтыларға тосқауыл қойып келген. Сондай азаматтардың бірі Заңғар Ашиманов. Кәсіби спортшы ретінде мәнсабын аяқтаса да, баптаған шәкірттері облыс мақтаныштарына айналып үлгерді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Әкемнің қолдауын әркез сезіндім»
Бұл да бір кездейсоқ жағдай. Әлемдік сайыстарда оза шапқан азаматтар жерлес екен. Естеріңізде болса, газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде жасы жетпіске таяса да, қоян-қолтық ұрыстан қарсылас шыдатпай жүрген ақшилік Дәулет Темірханов жайлы жазған едік. Заңғар Тоқанұлының да кіндік қаны сол ауылда тамған. Алаңсыз балалық шақ ауыл топырағында жалғасып, орта білімді Күршім ауылындағы №3 мектеп-гимназиясында алды. Кейіпкеріміз жеткіншек кезінде күліп-ойнап, небір қызыққа баттық дегенімен, асыр салған шақ тез аяқталғанын айтты.
– Спортқа ерте келіп, кәсіби түрде айналысқандықтан босаңсып жүре алмадық. Содан шығар, ерте есейдік. Күн тәртібі сақталуы тиіс. Алда жарыстар күтіп тұратындықтан кей тамақтан бас тарттық, салмақ қуатын кездер де болады. Жас балаға мұның бәрін орындау қиын еді, тәртіпті екі етпедік, – деді Заңғар Ашиманов.
Шығыстың қол күресі туралы сөз қозғағанда Сатыбалды Қыдырхановты сырт айналып өту мүмкін емес. Өзі және спорт – егіз ұғым деуге болады. Күршімдік азамат та кейіпкеріміздің армрестлинг әлеміне жасаған сәтті қадамының куәсі болды.
– Мейрам күні қарсаңында көшеде жарыс ұйымдастырылды. Ол кезде облыстың бас бапкері – Сатыбалды Қыдырханов ағамыз. Сайысқа мені әкем ертіп апарды. Әлі баламын. Көп нәрсені түсініп тұрған жоқпын. Білекке жиналған ауылдың қара күші. Күрес қызып жатыр. Әйтеуір финалға жеттім. Қарсыласым облыс чемпионы екен. Сәті түсіп, оны да ұтып, бірінші орын алдым. Әрі қарайғы бағытым осы кезде айқындалды, – деді күршімдік спортшы.
Аудан жұрты айтушы еді, біраз мықтыны баптап шығарған жаттықтырушылардың бірі – Әділбек Баймұхамбетов. Заңғар Тоқанұлы сол кісіден тәлім алып, үздік нәтижелерін тіркей бастады. 11-ші сынып оқып жүргенінде-ақ «Спорт шебері» нормативін орындады. Жеңісті жорығы әрі қарай жалғасып, С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың (ол кезде ШҚМУ) 1-ші курсында «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атанды. Анығы сол, кейіпкеріміздің барлық бастамасын әкесі Тоқан Ашиманұлы қолдап, демеп жүрді. Кейбір атлеттер рекорд орнатып, есімін тарихқа алтын әріппен қалдырған спортшыларды үлгі етеді. Ал жерлесімізде басқаша. Әркез әкесін мақтан тұтып, соның берген тәрбиесін азық қылады. Айтуынша, Тоқан Ашиманұлы өз уақытында Күршім ауылын басқарғанымен, спортқа жақын адам болған. Бауыр еті баласын жігерлендіріп, жеңіске жетудің кілтін бірге іздеді.
– 2003 жылы Ресейдің Суздаль қаласында өткен Әлем чемпионатын ұттым. Ол кезде 63 келіге дейінгі салмақта бақ сынадым. Шыны керек, әкемнің қолдауынсыз жеңіп шығуым екіталай еді. Қашан да жанымда жүретін. Өкінішке қарай, қазір жанымда емес. Марқұм болып кетті. Бірақ біз ол кісіні ешқашан да ұмытпаймыз, – деді спортшы.
Суздаль қаласындағы сойқан финал
Ал ірі сайыстарға дайындықтың бәрі Күршім ауылындағы спорт мектебінде өтті. Мақсат – Азия, Әлем чемпионаттарында олжа салу. Бір есептен, жаһандық жарыстарда биіктен көріну үшін жаттығулардың өзі кәсіби түрде жалғасты. Қол күрес шеберлері диетаға баса назар аударады. Ұннан әзірленетін тағамдар мен тәттілерден бас тартады. Нақты жарыс уақыты таяса режимге көшеді. Тамақ ішіп, оны азайтатын уақыттар белгіленеді. Салмағы асып кетсе, түсіруге арналған киімдерді киіп жүгіреді. Қысқасы, дүбірлі додадағы сыннан бұрын, салмақ өлшеу деген сынақтан ойдағыдай өтулері тиіс. Ұйқыны қандыру аса маңызды. Заңғар Ашиманов тәртіптен шашу шығармай, Суздаль шаһарына артынып-тартынып барды. Финалда осетиялық, тегі Золоев деген мықтымен кездесті. Біз Ресейдің маңдай алды қол күрес шеберлерінің бірі Хажимурат Золоев пе деген едік. Сөйтсе, олар бірнеше ағайынды екен. Оның осал тұсын «қабырға» деп аталатын әдіс арқылы тапты. Негізі спортшылар қолданатын төрт тәсіл бар. Төрешілер жеңіс сол елде қалсын деп қос спортшыны үш мәрте күш сынастырды. Жерлесіміз үш ретте мүмкіндік қалдырмады. Соңында, Заңғар Ашиманов оң қолмен алтын, сол қолмен күміс медаль иеленді.
– Осы жарыс жадымда қаз-қалпы сақталған. Себебі, төрешілер құрамында сол Золоевтың ағасы отырды. Қапталда тұрып, қазылық етті. Ортадағы төрешілердің бірі Бразилия елінің өкілі. Содан Золоев күресті төреші белгісінен бұрын бастап кетеді. Әдетте бәрі «ready, go» деген пәрменді күтеді. Ал ол «ready» деп жатқанда кірісті. Өйткен адам психологиялық басымдық алады. Тағы 5 см басып жіберсе, жеңілгелі тұрмын. Сонда барлығы көз алдымнан өте шықты – тер төгіп жасаған жаттығулар, әуежайда шығарып салып тұрған ата-анаң мен туыстарыңның үміті. «Сол сенімді ақтай алмағаным ба?» деп ой түйіп үлгердім. Намыс жібермейді екен. Содан ұтылғалы тұрған жерімнен қолымды көтеріп, Золоевты қапы қалдырдым, – деді Заңғар Тоқанұлы.
Кейіпкеріміз қазір әлемде қол күресінен көш ілгері тұрған посткеңестік үш мемлекетті атап өтті. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан үздік. Оның ізін ала Ресей мен Грузия тұр. Бұдан бөлек, әр мемлекеттің екі-үш мықтысы бар. Түріктер де спортшыларына қамшы басқан. Жерлесіміздің айтуынша, осы спортта тек күш пен әдіс жеңіс әкелмеуі мүмкін. Бәрін басқаратын – жүректілік.
– Көбі ойлайды, «шығып, күресе салады» деп. Күш сарқылғанда рух оянады. Жаһандық жарыс болса, барлығының дерлік айла-шарғысы қалыптасқан, осалы жоқ. Есіміңді атап, армрестлинг үстеліне шақырғанда, қобалжып, іштей «сынып» қалатындар аз емес. Қол күресте төрт әдіс болады деп жоғарыда айттық. Күш те, тәсіл де бар, жүрек жоқ болса, сол әдістердің бірі де көмектеспейді, – деді Заңғар Тоқанұлы.
Дубайдағы дода, һәм Айзеренің аяқ алысы
Құрлықтан асып, байрақты бәсекелерде тұғыр биігінен көрінген азамат бапкерлікке 2009 жылы ауысты. Осы уақыт аралығында 30-ға тарта «Спорт шеберлігіне үміткер», бір Халықаралық дәрежедегі спорт шебері шықты. Дәл қазір Заңғар Ашимановтың залында 10 «Спорт шеберлігіне үміткер» әзірлік жүргізіп жатыр. Биыл Дубайда өткен Азия чемпионатында екі шәкірті: Төрежан Қазбеков пен Алдияр Құмарғазы тұғырдың ең биік сатысына жайғасты. Дубайдағы доданың ерекшелігі сол, екі өрен де 40 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, бірі оң қол, екіншісі сол қол бойынша топ жарды. Ақшилік азаматтың баптауымен бес Азия чемпионы, ересектер арасында Әлем чемпионаты жүлдегерінің томағасы сыпырылды. Өзі жарысқа шықпаса да, жаттығуын үзбейді. Кез келген оқыс қимыл ескі жарақаттарының қайта асқынуына әкелуі мүмкін.
Армрестлингтің басқа спорт түрлерінен ерекшелігі сол – әр жастағы адам айналыса алады. Былайша айтқанда, үстел табылса болды – мықтыны анықтау тез-ақ. Алдымен кадеттер, сосын жасөспірімдер. Ары қарай жастар, ересектер, ал 40 жастан бастап ардагерлер өз мүмкіндіктерін паш етеді.
Заңғар Тоқанұлы негізінен жасөспірімдерді дайындайды. Дегенмен шынығып, қол күреспен шұғылданамын деген әрбіріне білгенін үйретуге әзір. Айтуынша, Күршімдегі қол күрес деңгейі қазір өсіп келеді.
– Аудан әкімі Алмат Талғатұлы осы жолы әлемдік стандартқа сай төрт армрестлинг үстелін әперді. Заманауи тренажер сыйға тартты. Ол кісіге зор алғыс білдіреміз. Жалпы, Күршім халқы өте ұйымшыл. Қандай жарыс болсын, қолұшын беруге тырысады. Бұдан бөлек, Талғат Ақшағанов, Есболат Нұрахметов, Ерназ Аймұхаметов сынды азаматтарды атап өткім келеді. Олар тек қол күресі ғана емес, аудан көлемінде спорттың өрлеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген жандар. Жуықта Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтетін Азия кубогіне жол тартпақпыз. Жоғарыда аталған спорт жанашырлары бұған да көмектерін аяп жатқан жоқ. Ата-аналар мен күршімдіктер атынан алғысымыз шексіз, – деді бапкер.
Залдағы үздіксіз жаттығулардан бөлек, гимназиядағы жұмысына тиянақты. Айтулы аламандарда топ жаратын шәкірт баптап жүрген азаматтың отбасында төрт адам бар. Жерлесіміз үнемі тақым қысып отырған солардың демеуін айрықша атап өтті. Анасы Шайкамал Мұсақызы, жұбайы Риза Ашиманова және қылықты қызы Айзеренің қолдауы қашан да қуат береді. Әке жолын жалғауды жөн көрген болар, оның да ауаны армрестлингке ауып барады.
– Айзере 32 келіге дейінгі салмақта облыс чемпионы атанды. Ендігі нәтижесі уақыт еншісінде. Қызығушылығы болса, қолдаймын. Өзім алыс сапарларға жиі шығамын, көбінде жол үстіндемін. Сондайда анамның ақылы мен үйдегі бар шаруаны біржақты етіп отырған жұбайымның мейірімін ұшастырып, бағытымнан танбай келемін, – деп қорытты ақшилік азамат.
Күршімдік бапкер армрестлингтен Қазақстан, Азия және Әлем чемпионы. Халықаралық дәрежедегі төреші, һәм жоғары категориялы жаттықтырушы. 2011 жылы өткен VII Қысқы Азия ойындарының Алауын көтеріп шыққан. Болмысы біртоға, атағы бір басына жетсе де қарапайым азаматтың бапкерлік мансабына ақ жол тілейміз!
Әділхан ЕСІМХАНОВ