Күршімдік жастар жаңа көпір маңын тазартты

183
көрілім
Фотосуреттер ШҚО әкімдігінен

Табиғатты аялап, қоршаған ортаны қорғау мақсатында өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясына күршімдіктер де белсене атсалысуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жергілікті жұрт сөзінше, қоршаған ортаны, өскен өлкені, тұрған жерді таза ұстау - бүгінгі ұрпақтың борышы. Тек ауыл, қала ішінің ғана емес, ежелгі тарихи-мәдени ескертікштер айналасының, табиғи туристік нысандардың көркімен көз тартып таза тұрғаны да ұлттың рухани байлығын көрсетеді.
18 шілде күні күршімдік жастар қолдарына қап, тырмауыш алып, Бұқтырма бойында салынып жатқан жаңа көпірдің кіреберісін қурай шөптерден тазалап, қоқыс қалдықтарынан арылтты. Ертіс арқылы салынып жатқан бұл көпірдің күршімдіктер үшін маңызы айтпаса да түсінікті.
Күршім ауданы әкімдігінің жастар ресурстық орталығы мен «Аманат» партиясының аудандық филиалы ұйымдастырған  кезекті «Таза бейсенбі» науқанында ауыл жастары Ертіс жағалауын, жаңа көпірге апарар кірме жолды айнадай етіп тазартып шықты.


Үйдің тазалығы іргесінен, ауласынан көрінеді. Ал таза жағалау,  мен көгалды саябақтар, көрікті жолдар – ел айнасы.
Бір апта бұрын Күршім ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Таза ауыл» экологиялық акциясы өткен болатын. Экологиялық акцияда Күршім ауылының, өзен жағалаулары мен көшелерін тазалауға мемлекеттік мекеме, кәсіпкерлік құрылымдардың өкілдері, жергілікті тұрғындар, «Жасыл ел» жасағының сарбаздары, Жастар ресурстық орталығының еріктілері, мемлекеттік қызметкерлер қатысқан еді. Шара аясында ауылдың іші мен айналасынан 500 келіге жуық қоқыс шығарылды.
-Тәрбие отбасынан басталады. Ұрпақтың тазалыққа жаны жақын болуы үйдегі тәрбиеге байланысты. Біздің Күршім ауданының жастары көктемнен бері ауылдарды қоқыстан тазартуға белсене қатысып келеді. Ел арасында бірлік пен тазалықты насихаттайтын «Таза Қазақстан» акциясын өткізуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде тапсырма берген болатын. Бұл акция тазалықты насихаттап қана қоймай, ел-жұрттың, жастардың басын біріктіретін рухани маңызы бар шара, - деді Күршімдегі Жастар ресурстық орталығының директоры Шыңғыс Алимбеков.
Сондай-ақ Ертіс жағасындағы Құйған ауылдық округі аумағында қонақ үйлер салынып, киіз үйлер тігіліп, демалушылар үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалып жатыр.
- "Таза бейсенбі " акциясы аясында ауыл тұрғындары, кәсіпкерлер осы туристік нысандар маңында да қоқыстан тазартылып жатыр, - деді Құйған ауылдық округінің әкімі Мұхаметкәрім Құсайынов.