Әдеттегідей, «Freshmarket» фермерлік гастрономының алдында ауылшаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл жолы Ертіс асып, Күршім ауданының кәсіпкерлері өнімдерін сөреге тізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Танертеңгі сағат 8:00 де басталған шараға келген халық қарасы әдеттегідей мол. Күн де қолайлы, аспанда бір шөкім бұлт жоқ. Тұрғындар сиыр мен жылқы етіне сұраныс білдіріп жатыр. Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Ришат Искаковтың сөзінше, бұл жолы балық әкелінбеді. Аулауға тиым салынып, көпшілік соның уақыты өтуін күтіп жүрген көрінеді.
– Өңірімізде балық шаруашылығы жақсы дамыған. Өзіміз өсіреміз, уылдырық кезінен өзенді балықтандырамыз. Бұл ретте «Төре тоғам» ЖШС-ны айта кетуге болады. Әрі қарай экспортқа шығарамыз. Соңғы екі жылдан бері Қытайға да жол тапқан. Балық барлық тұрғыда тиімді өнім. Сүбе еті мен фарштың өзі көпшілік сұранысына ие, – деді Ришат Дәулетханұлы.
Әр ауылдық округтен жеткілікті түрде сиыр, қой, жылқы еті, бал, сүт өнімдері саудаға қойылды. Келіп жатқандардың көбі орта жасқан асқан тұрғындар мен зейнеткерлер. Құрт, ірімшік, сары майды да сатып алып жатыр. Ресми мәліметке сәйкес бұл жолы 12 тоннадан астам өнім әкелініпті. Әкімдік өкілдері бұйырса қалаға жеткізген «сәлемдемелері» түс ауа сатылып кетеді десті.
Күршімнен қақталған балық келді дегенде жылдамдата кезекке тұра бастаған тұрғындарды байқау қиын емес. Бір есептен, Құйған ауылдық округінен үнемі келетін Фарида Серікованың қақталған балығының дәмі тіл үйіреді. Орташа бағасы 1000 теңге деп белгіленген.
- Бұндай балықты базардан сатып алып тұрамыз. Бірақ күршімдіктер Өскеменге жетті дегенде түс болсын келіп, қақталған балыққа қарық боламыз. Бағасы да сондай қымбат емес, - деді Талғат Алпысбаев есімді тұрғын.
Көптен бері жәрмеңкені күтіп жүрген қала тұрғындарының арасында Жайнар Сейітова да бар. Оның сөзінше, қазір бәрі қымбаттап тұрғанда жәрмеңкенің жиі өтуі орынды, әсіресе ауылшаруашылық өнімдерінің пайдасы болмаса, зияны жоқ.
Әділхан ЕСІМХАНОВ