Соңғы екі-үш жылда ұлттық спортымызға жан бітіріп, әр ауданның азаматтары аламаннан асып, 100, 140 шақырымдық бәйгелер өткізді. Ат шабардағы әр жарыс әлдебір ерекшелігімен есте қалып жатыр. Бұл жолы Күршім ауданына қарасты Сарыөлең ауылдық округінің 60 жылдығы дүркіретіп атап өтілді. Ақшаңқан киіз үйлер тігігіліп, құстай ұшқан қылқұйрықтылар өнерін тамашалау үшін келген жұрт «Бәйге төбенің» маңына топтасты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аламан алдындағы жарыстар
Жергілікті меценат Оразбек Базарбай ат жарысына үш автокөлік тіккен. Павлодардан арнайы келген атбегілер паромға міне бере «Бұйырса темір тұлпар біздікі» деген еді. Облыста өткен бәйгелердің барлығында дерлік топ жарып, жүлде алған құлынжондық Руслан Шайырғазин де жүйріктерін ат тасығышпен әкеле жатқанда жүлдеден басты үміттілердің бірі болғаны рас. Әйтсе де талай болжам сәйгүліктер мәре сызығын кесіп өткен соң өзгеріп шыға келді. Өткен сенбінің рауан таңы беймаза, шарболат күннің шуақ шашуымен атқан еді. Сағат сайын жел үдеп, түс ауа қара топырақ соқты. Желмен жарысқан жүйріктер бұл кезде айналым жасап, жер жадысына бой үйрете бастаған. Осы уақытта гір көтеру мен оқушылар арасында қазақ күресінің мықтылары анықталды. Үздіктер үш салмақта анықталды. Әсіресе, 60 келіге дейінгі салмақта белдесулер мерзімінен бұрын аяқталды.
Себебі, күршімдік Ердос Ерланның айдарынан жел есті. Бірлік ауылының тумасы екі палуанмен жолығып, белдесу уақыты бітпей таза жеңіске жетті. Бабы келісіп, топ жаруын бапкері екеуінің тынымсыз дайындығымен байланыстырды. Қырқай мен иықтан асыра лақтыру әдісіне келгенде өзін судай жүзген балықтай сезінеді екен. Ұйымдастырушылар үшінші орынға – 20 мың, екінші орынға – 30 мың, сондай-ақ чемпионға 40 мың теңге табыстады.
Мұнымен қатарласа қол күрес бәсекесі қызып жатқан. Сыралғы қарсыластар қайта жолығып, жарыс барысында жанарлары жалын атып тұрды. Кейде бір-екі секундта, олай болмағанда бірнеше минутқа созылған текетіресте жеңімпаз анықталды. Көптің ықыласына бөленген күршімдік Думан Бағланның өнері өзгеше еді. 70 келіге дейінгі салмақта оң қолмен қарылас шақ келтірмеді. Бірде-бір рет жеңілмей, бірінші орынды қанжығалады.
Думан Бағлан
– Бүгін жеті мәрте білек күшімді сынадым. Бірінші айналымда жолыққан қарсыласым бұрыннан таныс. Қалғандарымен алғаш рет қол күрестірдім. Барлығының дайындығы мықты екен. Өзім де осы жарысқа тыңғылықты дайындықпен келдім. Енді кезекті облыс чемпионатына жаттығуды бастаймын, – деді Күршім ауданы, Құйған ауылының тумасы.
Бұның барлығы Күршім жұрты мен әр жақтан келген меймандар асыға күткен аламан бәйге алдындағы шымылдықашар сайыстар еді. Оған қоса, көпшілік «Қырғызстан атбегілері тұлпарларын әкеліпті» дегенде солардың өнерін тағатсыздана күткені рас. Өңірге белгілі өнер иесі әрі атбегі Есен Мәженов көршілес елден небір жүйріктер келгенін айтты. Иә, жергілікті ұлттық спорт жанашырлары «Чиксон» деп дүркін-дүркін деп айтып, жорға жарысында үштікке енуі мүмкін деп жатқан.
Есен Мәженов
– Жаңартылған ат шабар бүгінгі шараны белгілі бір дәрежеге жеткізіп отыр. Қырғызстаннан әкелген сегіз аттың барлығы жүлдеден үмітті. Төртеуі жорға, қалғаны шабысқа жаратылған. Онымен қатар республиканың әр аймағынан келді. Айталық, Алматы, Қарағанды, Батыс Қазақстан және тағы басқа өңірлер, – деді шараның басы-қасында жүрген азамат.
Шәмшиев шыңнан көрінді
Түс ауа тай жарысы басталып, бозкілемде қазақ күресінен «Түйе палуан» анықталды. Жергілікті спортшы Ерасыл Тұрсынбековтің жолына үмітпен қарағандар қарасы мол еді. Бірақ Талғат Әмренов, Саят Шәмшиев сынды тәжірибелі әрі салмағы 100 келіден асатын қазақ күресінің шеберлері тұрғанда мынау мықты, анау топ жарады деу әбестік саналды. Дауыл екпінінен қадым жердегі адамның дауысын есту мүмкін болмай барады. Сағат тілі күндізгі 13:00-ді көрсеткен. Ат жарысы 13:30-да басталады деп хабарланып еді, дегенмен оқтын-оқтың осқырынып, тұяғымен жер тарпыған тұлпарлар сөреден жарты сағаттай бұрын суырылып шықты. Хош, әйтеуір болатын бәйге, нағыз тартысты ертерек тамашалаудың оғаштығы жоқ көрінді. «Бәйге төбенің» етегінде «Түйе палуандар» анықталып, ат жарысымен қарбаласып қалғаны рас. Алайда бозкілемге беттеген апайтөс жігіттер іліп лақтыру, шалып жығу сынды түрлі әдістерді айтарлықтай сәтті орындап, белдесу шоғын қыздыра түсті. Бірі арнайы аяқ киім кисе, бірі жалаңаяқ күресуді жөн көрді. Алай-дүлей жел бозкілем бетіне құм-топырақ үрлеп тастаған.
Спортшылар табанға кірген қоға мен тікенді ара-тұра суырып тастап, күресуді жалғастыра берді. Екі топқа түскен Үржар ауданының тумасы Саят Шәмшиев пен күршімдік Ерасыл Төлеубеков қарсыластарының осал тұсын тауып, финалда жолықты. Шәмшиев Ерасылға қарағанда шапшаң болмаса да, қайратты, асықпай жүріп ұпайын түгендейді. Сөйтіп жүріп, тұғырдың ең биігіне жайғасты. Негізі, бірінші айналымдардан-ақ мықтыларға тап болды. Атап айтсақ, Белорусь елінің астанасы Минск қаласында өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы Талғат Әмренов, Зайсан қаласынан келген Олжас Социал, дзюдодан ардагерлер арасындағы Әлем чемпионы Бекзат Манасбаев. Міне, шешуші сынға дейін Саят Шәмшиев осы үш спортшының осал тұсын тапты. Ал финалдағы қарсыласы Ерасыл Тұрсынбеков қазақ күресінен ел чемпионы.
– Осыған дейін өткен бірнеше жарыста күресін көргем. Әрі жас, салмағы да менен қарағанда жеңіл. Жартылай жеңіспен басым түстім, – деді спортшы.
Саят Шәмшиев 80 келіден жоғары салмақта топ жарды. Сөзінше, осындай үлкен тойларда ұйымдастырылатын жарыстар кезінде білікті төрешілер аз тартылады.
– Бабым келісіп, басымдық таныттым. Десе де қазақ күресі федерациясына хат жолдап, ұлттық дәрежедегі төрешілер тартылса, дау да болмайды. Мәселен, финалда белдесіп жатқанда Ерасыл әдісті бастап, мен бірден қарсы тәсіл қолданып кеттім. Ұпай маған берілді, бірақ менің жауырыным тиген соң көбі жеңілді деп ойлады. Жалпы, қарсыластарымның барлығы таныс, шеттерінен шеберліктері толысқан, – деді үржарлық палуан.
Алматылық атбегілердің аты озды
Сарыөлең ауылдық округінің әкімі Серік Ақсартов көршілес елден аттар келіп, жүлде қорының қомақты болуын аудан басшылығы атқарған жүйелі жұмыспен ұштастырды. Үш автокөліктен бөлек, жеті орынға дейін ақшалай сыйлық тіккен жергілікті меценат Нұрлан Қасымхановтың қолдауын атап өтті. Яғни, жетінші орын алған шабандозға 50 мың теңге берілді.
Тай жарысында топ жарған Алматы облысының шабандозы (Тұлпары – Шұғыла) бір миллион теңгеге ие болды. Самар ауданы, Құлынжон ауылының тумасы Руслан Шайырғазин баптаған «Айерке», «Нұртай» (аттардың иесі – «Талап» ШҚ) атты жүйріктер мәре сызығын екінші, үшінші болып кесті.
Бұдан іле, түс ауа басталған 15 шақырымдық топ бәйгеде тағы бір Алматы облысының сәйгүлігі өзгелерден оқ бойы озық келді. Үмбетовтер әулетінің «Желқарасы» сырттай қарағанда бөкен желіске салғандай боп көрінгенімен, бірқалыпты шабысынан жаңылған жоқ. Екінші орын Баянауылдан келген Азамат Қайратовтың «Черновеціне» бұйырса, үздік үштікті күршімдік Мақсат Тұрсынғазының «Нарқасқасы» түйіндеді.
Ал жорға жарысында көпшілік сөз еткен қырғыз елінен әкелінген «Чиксон» топтан қара үзді. Чубак Жайлообеков әбден жаратыпты, айналым сайын арындай түсті. 10 шақырымдық бәсекеге жиырманың бесеуін аралаған жігіттер де, қырықтың қырқасына шыққан азаматтар да қатысты. «Чиксонның» ізін басып, күршімдік Айдар Сексенбаевтің «Лаурэні» мен Балғазы Қадыловтың «Эдельвейс» атты тұлпары мәреге екінші, үшінші болып жетті.
Ендігісі аламан. «Нарқасқа» атты тағы бір тұлпар бұл жолы алдына қара салдырмады. Алматы облысының «Аққайнар» ауылынан әкелінген ат бұрылыстан өткен соң төрт аяғымен бір мезетте серпіліп, тап-тұп түсе бастады. Ал соңғы орам жұтыла бастағанда шабандозы да тізгінді жіберген. Мәреден бірінші болып екпінмен өтті. Жорға мен топ бәйгеден кейін, тағы бір автокөлік иесі анықталды. Жүйрігін алыстан әкеп қосқан Дәурен Серіков шаң-тозаң арасынан тұлпарына қарай асыға беттеп барады.
Ат жарысы бойынша бәсеке қорытындысы осындай. Қырғыздың өзге жеті аты жүлдесіз, тіпті алғашқы жетіліктен көрінбеді. Сарыөлең ауылдық округінің әкімі Серік Алтынбекұлы қырғыз бен қазақ атбегілері қазір қоян-қолтық араласып, бірін-бірі түрлі бәйгелерге шақырып жүргендерін айтты. Ал Есен Мәженов «Бәйге төбе» басындағы шара халықаралық деңгейге жетті деді. Күршім топырағындағы аламан жарыс алда әлі ауқымын кеңейте жатар. Бәлкім, ресми атауы халықаралық деп те өзгерер, барлығы келер күннің еншісінде.
Әділхан ЕСІМХАНОВ