Өскеменде Күршім ауданының жәрмеңкесі өтуде. Тұрғындар бұрыннан үйреншікті «Freshmarket» гастрономын емес, «ТНП» дүкенінің көлік тұрағын бетке алған. Шара кезінде аудан басшылығының балық саласына басымдық беріп жатқандығы айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әдеттегідей 12 ауылдық округтен ауыл шаруашылығы өнімдері саудаға қойылды. Ет, май, құрт-ірімшіктен бастап, бал, балық, балық өнімдері мен тағы басқасы молынан әкелінген. Қанар-қаптарын қолтықтарына қысқан қалалықтар жылдам басып сөрелерге жақындап жатыр. Көбі орта жастан асқан азаматтар мен зейнеткерлер. Жалпы көлемі 5 тонна болатын ірі қара, жылқы, қой етінен бөлек, 90 келі сары май, 200 литрға жуық бал, 3 тоннаға дейін балық және өзгесі сатылуда.
- Бүгін ауа райы да ашық, көпшілік үшін қолайлы болып тұр. Сенбінің жәрмеңкесі Жаңа жыл алдында тұрғындар мен қала меймандарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды деген сенімдеміз. Шара өтетін жер локациясының өзгергені бар. Бірақ бұрынғы орыннан айтарлықтай алыс емес. Өскемендіктер біртіндеп бұл жаққа да үйренісетін шығар, - деді аудан әкімінің орынбасары Мейіржан Әлібеков.
Көпшілікке белгілі, алдағы жылы шаһарда «Алтай» көтерме-тарату орталығы ашылады. Алып павильон көп ауданға ауыл шаруашылығы өнімдерін сату үшін қолайлы болады деп күтіледі. Мейіржан Қанатбекұлының сөзінше, орталық қолданысқа берілсе, күршімдіктер сауданың жаңа бір сатысына шығуға мүмкіндік алады.
- Бұл алдымен шекаралық аймақтағы ауыддарға тиімді болар еді. Бір есептен, шалғайдағы аудандарға әсіресе, ет өнімдерін өткізу қиын. Ауданымыздағы шаруалар мен іскер азаматтар бұдан хабардар. Тұрғындар да толық ақпаратқа ие болған соң өнімдерін әкелуге құлшыныс танытатындықтары сөзсіз, - деді аудан әкімінің орынбасары.
Күршімнің балығын іздеп келіп жатқандар аз емес. Айтуларынша, жаңа ауланғаны да, қақталғаны да көңілдерінен шығады. Дей тұрғанмен, кейбірі үшін жәрмеңке өтетін орынның «ТНП» дүкенінің алдына ауыстырылғаны тиімсіз көрінеді. Қала қонағы Мәди Мұратбектің сөзінше, бұрынғыдай әсері сезілмейді, халық қарасы салыстырмалы түрде аз.
Ал балық тақырыбын жалғасақ, Күршім көлемінде «Төре Тоғам» ЖШС экспорттау жағын бір бағытқа қойып келеді. Қарлы, боранды күні көк мұзды ойып, аулап, оны бұзып алмай, діттеген жеріне жеткізу де машақат.
- Балықты аулайтын өз заңдылығы мен уақыты бар. Бізде ол жағы қалыпты. Аманат, Жолнұсқау сияқты жағалаудағы ауылдарда балық шаруашылығымен айналысып отырған азаматтардың еңбегін айта кеткен орынды. Одан бөлек, Күршімнің суы мен топырағы мұны ілгерілету үшін өте қолайлы. Игілігін көріп үлгермеген көлдеріміз бар. Балық шаруашылығын сол жақта да дамытуға болады. Оған ниетті инвесторлар мен жергілікті тұрғындарымыз бар. Біз де қолдау білдіруге әзірміз, - деді әкімдік өкілдері.
Сондай-ақ, Мейіржан Әлібеков Күршімнің балығы Еуропаға экспортталып жатқанын жеткізді. Көршілес Қытай мен Ресейден бөлек, Швейцария сияқты мемлекеттермен байланыс орнатылған.
Әділхан ЕСІМХАНОВ