Құрылысы әлі бітпеген үйден пәтер алар кезде нені білу керек

167
көрілім
фото сурет ашық дереккөзден

Қазақстан тұрғын үй компаниясы»  акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алтай Күздібаев үлескер құрылысқа ақша саған кезде алданбау үшін не істеу керектігін айтты, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі  KAZINFORM ге сілтеме жасап.

«Біздің азаматтар құрылысы әлі бітпеген нысаннан пәтер сатып алатын кезде ең әуелі сату бөлімінен нысанның құжаттарын тексеру керек. Құрылысқа үлескердің ақшасын тартуға рұқсат беретін әкімдіктің немесе «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамының кепілдігі болу керек. Осы құжаттар бойынша homeportal.kz ресурсынан аталған нысан туралы ақпараттарды тексере алады. Ол ресурста салынып жатқан нысанның орны, қашан салынып бітетіні, қолданысқа қашан берілетіні, неше пәтерлік үй екені, техникалық қадағалауды қандай компания жүргізетіні, құрылысқа қандай компания жауапты екені туралы мәліметтің бәрі бар. Жыл аяғына дейін осы порталдан үлескерлерді онлайн қолдау орталығын ашамыз. Бұл мәліметтер порталда жоқ болса, ол нысанның салынып бітетініне мемлекет кепілдік берген жоқ деген сөз. Ал мен атаған мәліметтің бәрі порталда болса, сату бөлімінде сату-сатып алу келісімшартын жасағанда әрбір сөзді мұқият оқып, мәнін түсіну керек. Үлескерлік қатысудың келісімшарты Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығымен бекітілген типтік үлгі бойынша жазылады. Өзіңіз қол қоятын келісімшарт сол типтік формаға сәйкес келе ме, жоқ па дегенді қарау керек», - дейді ол.

Сондай-ақ, үлескер ақшасын тартуға рұқсаты жоқ нысаннан пәтер сатып алған адамның құқығын ертең ешкім қорғамайтынын ескертеді.

«Тағы да қайталап айтамын, жобалау-сметалық құжаттары мен үлескер ақшасын тарту рұқсатын көрсетпеген компаниядан аулақ болған дұрыс. Ондай рұқсатты жергілікті әкімдік немесе Қазақстан тұрғын үй компаниясы беретінін айттым. Осы екі құжатты сұрау керек. Бұл құжаттар болмаса, ертең сатып алған үйіңіз салынып бітпей қалса, заң да, әкімдік те сізге көмектесе алмайды. Құқығыңыз 100 пайыз бұзылады. Әкімдікке барсаңыз құқық қорғау органдарына сілтеумен шектеледі. Өйткені әкімдік кепілдік бермеген нысанға ақша салған болып шығасыз», - деді Алтай Күздібаев.