Күзетшісінде қару болған. ШҚО-да заңсыз алтын өндірумен айналысқандар ұсталды

156
көрілім
Фотосуреттер: ШҚО ПД

Арнайы техниканы пайдаланған екі топ облыстың бірнеше ауданында бағалы пайдалы қазбаларды заңсыз өндірумен айналысқан, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел уәкілдер олардан барлық қажетті атрибуттарды тәркілеген. Анықталғандай, кеншілер керек-жарақтарын жасыруға тырысқан, ол тек тікұшақпен аймақты аралаған кезде табылды.
Құрамында 7 адамнан тұратын бірінші топ Самар ауданында жұмыс істеген. Металл детекторлары арқылы олар жер учаскелеріне барлау жүргізді алдымен. Кейін экскаватормен топырақтың үстіңгі қабаты алынып, алтын кесектері өндірілген. 
Әрекеттері де нақты жүйеленген: қарбалас тірлік болып жатқан учаске периметрі бойынша бекет қойылды. Бөгде адамдар жұмыс жүріп жатқан аймаққа өтіп кетпеуі басшылыққа алынды.

                                                                                                                
Күзетшілерде тегіс ұңғылы мылтық болған. Тәртіп сақшылары олардан шамамен 5-6 грамм алтын кесектерін, техника, қару-жарақ, оқ-дәрілер мен тиегіш тәркілеген.
11 адамнан тұратын екінші топ Үлкен Нарын ауданында жұмыс істеді. Онда да жер барланып, дайындалған сызбаға сәйкес бағалы металдар өндірілген. Онда полицейлер техникадан басқа 20 грамнан асатын алтын, 6 металл іздегіш пен радиостанция тапты.
Заңсыз әрекеттерді толық тіркеу үшін жедел уәкілдер квадрокоптерді қолданды. 

                                                                                                                 
Құқық бұзушылар бірнеше бап бойынша жауапқа тартылды: жерді пайдалану кезінде мемлекеттік меншік құқығын бұзу, рұқсатсыз кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, қаруды заңсыз сақтау, алып жүру. 
Ал алынған инвентарь мен техника мемлекет кірісіне тәркіленбек. Жер қойнауы ресурстарына келтірілген залал құнын анықтау үшін тиісті сараптама тағайындалды.