Полиция учаскесіне түскен дабылдан соң криминалистер де қам жасай бастайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Біз білетін телекейіпкер Шерлок Холмс болса, Өскеменде «Шерлок Холмстың ізбасарлары» жұмыстағы бір күні қалай өтетінін көрсетті. Жедел тергеу тобындағылар тәулік бойы тоқтаусыз еңбектенсе, біз олардың жанында 9 сағат жүріп, барлығын өз көзімізбен көрдік.
Қызметтік чемоданның ішінде не бар?
Оқиға орнына бармас бұрын криминалистің атқаратын басты міндетіне қысқаша тоқталайық. Керек-жарақты түгендеп, құрал-саймандарды тексерген соң жылдам басып жолға шығады. Ең маңызды құралдардың бірі – дактилоскопиялық ұнтақ. Адам саусақтарының іздері осы ұнтақ арқылы алынады. Шағын ғана қызметтік жәшіктің ішіндегі объектілер әртүрлі жағдайларға байланысты іріктеледі. Мысалы қашықтықты анықтауға көмектесетін лазерлік өлшегіш, магнитті щетка, сынамалар мен биоматериалдарды салуға арналған арнайы контейнерлер, қолғаптар мен сүлгілер. Мұның барлығы криминалистің чемоданында мұқият сақталып, жаңарып отырады. Көбінің санасында «ертеректе қылмыскерді еш технологиясыз қалай анықтады?» деген сұрақтар жиі туындайды. Сол заманның әдіс-тәсілдері қазіргі заң жүйесіне қарама-қайшы болғандықтан ондағы тактикаларда аса қатігездік байқалатыны тарих парақтарына көз жүгіртсек те белгілі.
Полиция лейтенанты, әрі жас криминалист Амина Тоқбаева осы салаға былтырдан бастап кірісті. Оның айтуынша, әр маманның өз құрал-жабдығы бар. Бізге керекті заттардың барлығы жәшіктің ішінде.
– Мысалы, фельдшерлер қызметтік чемодандарын ұмытса, уақыты мен жұмысының зая кеткені. Бұл мамандықта да дәл солай. Бөлімшеге түсетін қоңыраулардың көбі алаяқтардың алданып, ұрылардан зәбір көргендерден түседі, – деді ол.
Осыдан 100 жыл бұрын және қазіргі жедел тергеу тобы қызметіндегі тәсілдерді салыстырсақ, үндестік әлі сақталған. Айталық, қылмыстық шиеленісті тарқату, әр талшық пен бөлшекті қарастырып, адам көзіне көрінбейтін детальдардың сынамаларын алу.
Амина Тоқбаеваның сөзінше, «қылмысты ашу үшін қылмыскер сияқты ойлау керек». Осылай тым оңай айтылғанымен, түптеп келгенде бәрі түйсікпен сабақтасады. Оқиға орнынан алынатын ең алғашқы айғақтар: саусақ іздерін алу, аяқ киімінің өлшемдерін анықтау, ДНК және қылмыскер қалдырған әртүрлі заттарды тіркеу. Сарапшылардың айтуларынша, қылмыс болған жерді зерттеу – асығыстықты қажет етпейтін, қажырлы, мұқият жұмыс. Бұл жерде байсалдылық, логика және жасалған қылмыстардың әдіс-тәсілдерін талдай білу маңызды.
Жұмыс барысына бойлай бастағанда жедел тергеу тобының 109-шы бөлімшесіне сөмке жоғалды деген қоңырау түсті. Бұл түс ауған шақ. Оқиға орнына аттанған топ ішінде жедел уәкіл, криминалист, тергеуші және көлік жүргізушісі бар. Олардың әрқайсысының атқаратын қызметтері әртүрлі. Тергеушінің басқаруымен криминалист сынамаларды алады, фотоапаратқа айғақтарды түсіреді. Болған жайтқа қатысы бар адамдар мен куәгерлерден жауап алатын тергеушінің қызметі асқан сақтықты қажет етеді. Сөмке жоғалтқан адаммен сөйлесіп, мән-жайды анықтау үшін тергеуші мен жедел уәкіл дереу жұмыстарына кірісті. Адамдармен байланыс орната білу басты талап болса, шошып қалған әйелді сабырға шақыру өз алдына бір жұмыс. Қуанышқа орай, жедел тергеу тобы жүргізген зерттеу аз уақытта нәтижесін берді. Сөмке иесінің өзінен де бар екен. Телефонға телміріп, үйінде ұмытып кеткенін де аңғармаған. Криминалист те, тергеушілер де еш абдырамастан, бірден логиканы іске қосты. Іштей жүргізілген сараптама, ай мен күннің аманында аяқ асты жоғалу – көбіне күдік ұялатты. Екі сағат дегенде әлгі сөмке шағымданушының өз үйінен табылды.
– Адамдардың ұмытшақтығынан ба, әлде гаджеттердің әсерінен бе, бөлімшеге түскен қоңыраулардың көбі ұсақ-түйектерден басталады, – деді тергеуші.
«Түнеруге уақыт жоқ»
«Қылмысты күнде көріп жүрген жедел тергеу тобының мораль тұрғысынан шыдамдылығы қандай?» деген сұрақ еріксіз ойға келеді. Бұл сұрақтың жауабы келесі түскен қоңыраудан-ақ белгілі болды. 45 жастағы ер адам абайсызда қолын ет тартқышқа қысып алған. Оқиғаның байқаусызда болғанын әріптестері де растады. Жедел уәкіл мен тергеуші куәгерлерден жауап алып, барлығын саралап болғанша тура бес сағат өтті. Сол жерде биоматериалды (мақтаға жағылған қан) қағазға орап, арнайы контейнерге салдық. Жедел уәкіл бірден камераны қарауды жөн көрді. Барлық айғақ алынып, іске қатысы барларды тергеп болған соң да қорытынды шығаруға тым ерте болды. Бірақ жалпы жағдай көрінісі белгілі. Қанды көрсе лоқсып, басы айналатын жандарға мұндай жайттарды көрудің оңайға соқпасы анық. Ал небір жайттармен ұшырасатын жедел тергеу тобы, оның ішінде криминалситер үшін жүйке жүйесінің берік болуы маңызды.
Жұмыс барысында сарапшы оқиға орнына барғандарға сұрақ қойды: «Неге криминалистердің жұмысы тергеушілерге қарағанда оңайырақ?». Криминалистердің жұмысы қиын екендігін негізге алып отырған бізге де бұл сұрақ қызық болды.
– Тергеушілер кез келген адаммен, ал сарапшылар тек объектілермен ғана жұмыс істейдң. Расында да, қылмыскерлермен де, куәгерлермен де, жәбірленушілермен де жұмыс жүргізетін олар түрлі адамға кезігеді. Олардың жылағандарына, айқайына, оқыс әрекеттеріне, ыза мен қатыгездіктеріне төзетіндіктері анық…
P/S: Күн қарбалас болса да оқиға орнына барып келген топ сергек, қабағы қатулы ешкім жоқ. Қан көріп, көп адамнан жауап алған олар қалайша сергек дейсіздер ғой? Жұмыс барысында ұжымның бір-бірлеріне қолдау білдіргендері байқалды. Біреуі шаршаса, екіншісі оған демеу береді. Әр жұмыста әзілқой қызметкер болса, криминалистер арасында да ондайлар жоқ емес. «Криминалистерге де психологтар керек» деген тұжырымдаманы теріске шығарды. Түнеретін уақыт жоқ. Осы басталған тынымсыз тірлік таңға дейін жалғасады. Криминологияның қиындығына төтеп бере алмағандар бұл салаға бас сұқпайтындары анық. «Әлсіздер детективке толы киноларда ғана бар» десті 109-шы жедел тергеу тобындағылар.
Валентина ГЕОРГИЕВНА