Қыран құсты қалықтатып аспанда

685
көрілім

Үржар ауданының орталығында қыран баптаған бүркітшілердің республикалық чемпионаты ұйымдастырылды. Дүбірлі додада бақ сынасуға еліміздің түкпір-түкпірінен 39 қатысушы жиылды.

Бүркітшілер сайысы осымен сегізінші рет өткізіліп отыр екен. Жыртқыш құстарын иығына қондырған аңшылардың арасында жергілікті тұрғындар мен Астана, Алматы, Бурабай, Көкшетау мен Қарағандыдан келген қатысушылар да болды. Республика деңгейінде ұйымдастырылып отырған чемпионатта өз өнерлерін паш етуге келгендердің арасынан 40 жыл бойы бүркітпен бірге аңға шығып жүрген Тәлімбек Айсабекұлын ерекше атап өткеніміз жөн болар. Осы уақытқа дейін 5 қыранды баптаған ол, бұл додаға Аюқара есімді құсымен келген.

Үржар ауданының бүркітшілерін бастаған Тәттімбет Кәпұлы осы сайыстан да қалыс қалмады. Екі бірдей бүркіті бар аңшы 1992 жылы Моңғолия жерінен атажұртқа қоныс аударған. Айта кету керек, бүгінгі таңда ол жергілікті мектептердің бірінде денешынықтыру пәнінен сабақ береді.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік танылғандар бағалы сыйлықтармен марапатталған. Бір өкініштісі, бүркітшілер сайысын тамашалауға жиылған жұрттың қарасы тым сирек болды. Алдағы уақытта көз құмарын қандыратын қызығы мол доданың көрермендері көбейер деген үміттеміз.

Асқар ТҰМАРБЕК