Бүкіл әлемге керім даланың келбетін көрсетіп, құсбегіліктің тынысын жаһанға паш еткен Айшолпан есімді бүркітші қыз туралы шетел де, отандық баспасөз беттері де жария еткен. Осы жолы Айшолпан Нұрғайыпқызымен жүзбе-жүз кездесудің орайы бізге түсті. Бүркітші қыз бұрын жария еткен де, етпеген де оқиғаларымен бөлісті.
13 жасында әлемге танылған
Қырда өскен қиялы зор бойжеткен өзінің әңгімесін бала кезінен бастады. Қолына бүркітті қондырған кішкентай қыздың бейнесін ең алғаш израиль фотографы әйгілі етті. Айшолпан мен оның бүркітін бірден байқап, суретке түсіріп әлеуметтік желіге жүктегеннен кейін көпшіліктің назарын әп сәтте қаратты.
Көз алдымызға жазыққа ұласқан тау етегінде қыранның қолға қонып бара жатқан сәті бірден келді. Қара торы, қой көзді қыздың домалақ беті аяздан болар сәл қызарған. Бұл бейне қазір есейген. Оған бетін әрлеудің еш қажеті жоқ, себебі оның көздерінен даланың қоңыр желі еседі. Өскеменнің сұр бұлтына үйреніп қалған бізге осынау кең дүние тек сағыныш қана. Әлемге танылған 13 жастағы қыздың қазіргі жасы 23-те. Ұяң мінезді, қоңыр дауысты қыз – біз көрген Айшолпан.
Жеті атадан жалғасқан
Айшолпанның әңгімесі құсбегілікке қалай әуес болғанына қарай ойысты. Бұл кәсіп жеті атасынан бері жалғасып келеді. Бүкіл әлем Айшолпанды үлкен додаға келіп жарысқа қатысқан кезінен тани бастады. 79 қатысушының ішінен ол жалғыз бүркітші қыз еді. Бұл жарыста бүркітімен бірге озып шығып, рекорд жаңартты. Көп уақыт өтпей шетелдік БАҚ өкілдері, оның ішінде BBC және CNN арналары оған ерекше қызығушылық танытты. Кейін жас бүркітші қыз туралы деректі фильм түсірілді. Шетелде даңқы асқан бүркітшінің есімі елімізге де танылды. Қазақстандық режисер Қанат Бейсекеев те «Көшпенділер» деректі фильмдер сериясына қыз туралы бір эпизод түсірді.
«Мені танымал еткен - Аққанатым»
Бәріміз Айшолпанды жүрегінің түгі бар, қайсар қыз ретінде танимыз. Ал оның астарында шын мәнінде қандай адам жасырынған?
- Басқаға емес дәл осы бүркітшілікке қызықтыңыз. Кішкентай қызға бұл әуестік ауыр тиді ме?
- Бүркітші болу қыз балаға өте қиын. Себебі бүркіт жыртқыш құс. Жабайлылық оның тұла бойына сіңген. Кішкентай кезінде ұясынан алып кету үшін үлкен еңбек пен батылдық керек. Алабас тұқымдас бүркіттің салмағы 12-15 келіге дейін жеткен. Ал кәдімгі дала бүркіттің салмағы 4-6 келі шамасында. Монғолияда қыс қатты болғандықтан, қақаған аяз кезінде бүркітті қолға қондыру қыз бала үшін қиын сәттердің бірі. 13 жасымда бүркіттің балапанын қолға үйрету үшін беліме арқан байлап 18 метр биіктіктен түсірген. Ол кезде киноға түскен едім. Әкем жанымда болғандықтан шығар, қорыққан жоқпын. Себебі балапанды ұядан өзім алып, өзім баптайыншы деп ата-анама қолқа салған өзім едім.
- Дәл осы мезетте балапанның ұябасар бүркіті келіп қалса ше?
- Мені өлтіріп кететін еді. Себебі әрбір ана табиғаттың заңына бағынады. Жануар, құс немесе адам болсын баласын қорғау үшін бәріне де даяр. Бүркіттің мықтылығы да осында.
Бүркіттің мінезі бар
- Ежелден бері оны «құстың төресі» деп бекер айтпаған. Дала патшасы деп саналатын құс жайлы айтып өтсеңіз. Бүркітке неге қызықтыңыз?
- Бүркіт киелі құс. Ата-бабаларымыз оны қолға үйретіп, күнкөріске жаратқан. Қазіргі кезде қыран бүркітті өкінішке қарай жарнама жасау үшін, ақша табу үшін баптайды. Бұған түбегейлі қарсымын. Бағзы заманнан сақталған дәстүрімізді жалғастыруымыз керек. Адамның жанын түсінетін қыраннан асқан құсты кездестірмедім. Оны жақсы ниетпен баптамаса, қарғысы бар екенін еске салғым келеді. Адам бүркітті таңдайды деп ойлайсыз ба? Керісінше, бүркіт адамды таңдайды. Олар да адам тәріздес. Мысалы Алатаудың бүркіті өз ұясының маңындағы бүркітпен жұптаспайды және балапанын жақын маңға «ұзатпайды». Халқымыз рулас адамдарды бір-біріне айттырмайтыны осыдан шықса керек. Алатауда ғана кездесетін «алабас» атты бүркіт аю алған екен. Ертеректе Орта жүздің биі Қазыбек би ұлына қыз айттырғанда жасаудың орнына сол бүркіттің балапанын сұрапты. Кейін сол бүркіт Көкшетау жақта аю алған деседі. Қыран құс түтіннің иісіне шыдамайды екен. Оның қасында самаурын қайнатса, түтінге тұншығып өліп қалады. Қасиетті құстың иесі зиянды заттармен әуес болмау керек. Түтікпен иесінің ауызынан су ішкен бүркіт шылымның немесе арақтың иісін сезсе, қырандық қасиетінен айырылады.
- Қыран бүркіт қызыл түсті киімдерді бас салуы мүмкін деген сөз рас па?
- Иә, бүркіттің жейтін тамағы - ет қызыл болғандықтан бас салуы әбден мүмкін. Бүркітшілер сайысы болған кезде қызыл түсті киімді кимеген дұрыс. Монғолияда осыған ұқсас жағдай болған еді. Бір бүркітшінің басына ет түсіп кеткен. Оны бүркіт бас салуға талпынған.
Ең жақын сырласы
- Өзіңіз тәрбиелеген «досыңыз» жайлы айтып өтсеңіз...
- Әр адам өз баласының тәрбиесіне ден қойса, мен ақ үлпек кезінен бүркітті тәрбиеледім. Дауысымның ырғағына, шақыратын үніме дейін үйреттім. Ең жақын сырласым, құрбыма айналды десем қателеспеймін. Менің әр қимылымды бақылап сезіп отырды. Шетелге екі айға кетіп, үйіме қайта оралғанда баспалдақтан көтеріліп бара жатқан сыбдырдан мені танып, дауыс қаққан еді.
- Айшолпан, алға қойған жоспарларыңызбен бөліссеңіз...
- Алға қойған мақсаттарым, армандарым көп. Қайсыбірін айтайын, ең маңыздыларына тоқталсам – Өскеменде мектеп ашу. Бүркітші Айшолпан деп бүкіл әлемге танылсам, ендігім білім қуып, сауатыммен сыналсам деген мақсат. Әрбір қазақтың баласы білімді болуы керек. Ұлттық тарихымыз бар екенін ұмытпай, салт-дәстүрлерді ұлықтау қажет деп ойлаймын. Мектеп бағдарламасына ұлттық құндылықтарымыз енгізілсе екен. Соны жүзеге асыруға талпынамын. Мысалы қыздар тоқыма тоқып, қолөнерімізді насихаттаса, ұлдарымыз ежелгі дәстүрлерді бойларына сіңірсе керемет болар еді. Сонымен қатар туризм саласына үлес қосқым келеді. Ендігі жолым - бүркітші Айшолпан емес, білімді Айшолпан ретінде маңдай алды болу.
Қыранға еркіндік керек
- Киноға түскен сәтіңіз есіңізде ме? Ең алғашқы сезіміңіз қандай болды?
- Ол кезде менің мінезім тұйық еді. Монғолияда балаларды ұяң қылып тәрбиелейді. Киноға түсесің дегенде ең бірінші ойыма сап ете қалған сұрақтардың бірі - «күле алмаймын, жылай алмаймын, киноға қалай түсемін?». Сол кезде қатты толқысамда шетелдік киностудия күнделікті өмірімді, бүркітті қалай баптайтынымды түсірді.
Мені атақты еткен бүркіт Аққанатым қазір еркіндікте. Біз көбінесе бүркіттің аналығын баптаймыз. Себебі олар еркек бүркітке қарағанда ірі болады. Ұябасар 5 жасқа толғанда еркіндікке жібереміз. Табиғаттың заңына қарсы тұра аламыз ба?! Бүркіттің символы да еркіндікті, бостандықты бейнелейді. Тағы да қапа болатыным – кейбір құсбегілер қыран құсты 12 жылдан кейін босатып жатады. Бұл киелі құсқа қастандық жасағанмен тең. Жақында бүркітшілікке қатысты тағы бір кино жарық көрмек. Ол жерде мен бүркіттерді қорғайтын заңгер рөліндемін.
- Монғолия мен Қазақстан несімен ұқсас? Қазақстанда қиынға соққан кездеріңіз болды ма?
- Мен 11 мен 12 сыныпты Қазақстанға келіп оқыдым. Монғолияда табиғи тағамдарды жеп үйренгендіктен қаланың ас-суына үйренісу қиынға соқты. Ең зорғысы тіл үйрену болды. Ешкімге құпия емес, Қазақстанда орыс тілмен шұбартылған сөздер өз алдында жеке әңгіме. Ал Монғолияда қазақ тілді сөздерді қосып қолданады. Студенттік өмірде ортаға сіңісу қиын болмады. Мінезімнің ашық болғандықтан болар. Қазір достарым өте көп. Барлығымен араласамын.
- Неге еліміздің шығысын таңдап, біздің өңірге көшуге бел байладыңыз?
- Себебі Монғолияның климатына бейімделген ата-анама жылы мекендер ауыртпалық туғызады деп ойладым. Ал Қазақстанның шығысы туған мекенімді есіме түсіретін жалғыз өңір. Ата анамды Бозанбайға көшірдім. Үйренісіп те қалдық. Жаныма жақын жерді таңдаудан қателеспедім деп ойлаймын.
P/s:
«Қос етек, бұраң бел, қуалай соғар қоңыр жел». Осы бір халық әні еріксіз еске түседі. Дәл Айшолпанға қатысты айтылғандай. Қолындағы қыранмен даланың төсін кең басып жүр. Иә, бұл ән дархан даланы ұнататын жандарға арналған. Көздерінен даланың қоңыр желі ескен Айшолпан мен Аққанат солардың бірі.
Валентина СВИРИДЕНКО