Облыс орталығындағы саябақтар өз жұмыстарын қысқы тәртіпке ауыстырды
Облыс орталығындағы саябақтар қыс маусымының жақындауына орай дәстүрлі түрде қысқартылған жұмыс кестесіне көшірілді. Атап айтсақ, жылдың суық айлары аяқталғанша саябақтарда қыдыру, я болмаса зообақтағы аң-құсты тамашалау уақыты бірнеше сағатқа қысқарады.
Шығыс Қазақстан облыстық Сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорықтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта "Жастар", Жамбыл атындағы саябақтар мен Солжағалау кешенін қыс маусымындағы жағдайларға дайындау шаралары жүргізіліп жатыр.
- Раушан, гортензия гүлдері мен басқа да өсімдіктердің түптері ағаш үгіндісімен және акрилмен жылыланып жабындалды. Жамбыл атындағы саябаққа қылқан жапырақты ағаштар отырғызылып жатыр, - деп хабарлады мұражай-қорықтың баспасөз қызметі. - ағаштың діңдері мен бұтақтарына жарық шамдары бар жасанды жасыл жапырақтар мен түрлі-түсті қағаз гүлдер ілінді.Бір сөзбен айтқанда, саябақтың іші қысқы иллюминациялармен әрленуде. Желтоқсан айына қарай мұнда жаңажылдық композициялар пайда болады.
Солжағалау кешеніндегі этноауыл мен түрлі павильондар көктемге дейін жабылды.
- Бірақ хайуанаттар бағы қыс бойы жұмыс істейтін болады. Ондағы аң-құсты тамашалаймын деушілер үшін кешкі сағат 17.00-ге дейін зообақ есігі айқара ашық. Ал кешеннің өз аумағында кешкі сағат 19.00-ге дейін қыдыруға болады. Дүйсенбі әдеттегідей тазалық күні деп саналады, - деп қосты баспасөз қызметіндегілер.
Ерлен ОСМАНОВ