Ауыл тұрғындарының «өркениеттен алшақтап қалдық» деп жүргендеріне талай жыл болды. Тек интернет емес, «Жыл жылына» дейінгі жол жырын айтқандарына да ұзақ уақыт өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ауылдастардың аңсағаны – интернет
Мұндағы жұрт ғаламтордан бұрын жөнделмеген жолдан әбден қажығандарын жеткізді. Күршімнің іргесінде тұрса да ісі ілгерілемей тұрған ауыл халқы округ басшылығы сылбыр жұмыс істеп жүргендерін айтты. Интернет мүлде жоқ десті. Ресми ақпарат бойынша Қыстау Күршімдегі тұрғындар саны – 124 адам. Сұраухат жауабына сүйенсек, бұл ауыл 250+ бағдаламасына енбеген. Өркениеттен алшақтауларына да осы жайт себеп болған көрінеді. Бұл ретте 250+бағдарлмасынан тыс қалған елдімекендердегі мәселелер қалай шешіледі деп облыстық Цифрландыру және архивтер басқармасы өкілдерінен сұрадық. Олардың мәліметінше, 2027 жылға дейін барлық ауылдар интернетке қосылады деп жоспарлануда. Қуанышты жаңалық екені рас, бірақ тағы үш жыл күтеміз дегенше кей тұрғынның басқа жаққа көшіп кетіп кетпейтіндіктеріне ешкім кепілдік бере алмайды. Аудан әкімдігіндегілер, «ауылда интернет жоқ» деп Қыстау Күршім тұрғындары өтініш-сауал жолдамағандығын алға тартты.
– Бүгінде мемлекеттік сатып алу басқармасына конкурсқа шығару үшін өтініш берілді. Алдағы уақытта мемлекеттік сатып алу заңнамасына сәйкес құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер анықталуы тиіс. Олармен келісімшарт жасалған соң жұмыстар жүргізіледі деп жоспарлануда, – деді аудандық сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерасыл Ашимов.
Ауылдастар сөзінше, Қыстау Күршімнің ішкі жолдарына асфальт төселеді деген сөз 2022 жылы қозғалыпты. Бірақ сөз бен іс сол күйі қабыспай кеткен. Жұмыс басталғанымен тірлік тоқтап тұр.
– Тек ауылішілік емес, төрт елдімекенді жалғап тұрған күре жолға да көңіл бөлінбей келеді. Ұзындығы 70-80 шақырым болатын жол бүгінге дейін талай адамды діңкелетіп жіберді. Асфальт бұрыннан жоқ. Интернеттің жайы да сол. Мектепте ғана тартады, – деді Еламан Қалибасов есімді тұрғын.
Шағын ауылдағы шаршатарлық жайттардың көптігі мен келер жылмен сабақтасып жатқан істер – түбі айрандай ұйыған ауылдардың қаңырап бітуіне әкелері сөзсіз. Тұрғындардың айтуларынша, асфальт көрмеген жол Бурабай, Қойтас, Маралды, Үшбұлақ, Қыстау Күршім ауылдарын байланыстырады.
Күре жол қашан жөнделеді?
Ерасыл Ашимов «Күршім-Қалжыр-Маралды» бағыты облыстық маңызы бар жолға жататынын айтты.
– Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мәліметінше, «Күршім-Қалжыр-Маралды» автомобиль жолының 12 шақырымы асфальтталған. Биыл тағы 15 шақырым қамтылмақ. Бурабай ауылынан аса барлығы 27 шақырым жолға асфальт төселіп, орташа жөндеу жүргізілмек, – деді ол.
Анықталғандай, бүгінде Күршімнен Қыстау Күршімге дейінгі аралық жолдың 29 шақырымына асфальт төселді. Жоғарыдай жазғанымыздай, биыл 15 шақымы жөнделсе, әкімдік қалған 31 шақырымды аяқтауға ниетті. Десе де болашаққа көз жүгіртпес үшін, бар жоспарды орындап алғандары абзал.
Тұрғындар сөзінше, жаңадан сайланған округ әкімі 2023 жылы қызметіне кірісті. Содан бері оң өзгерістер байқалмаған көрінеді. Ресми жауапта Қыстау Күршімнің интернет туралы бірде-бір сөйлем жазылмады. Ал жолға қатысты сауал жуықта аудан әкімі Алмат Ақышовқа Өскеменде өткен брифинг кезінде қойылды. Оның ақпаратынша, жұмыстар әлі де атқарылады.
– Қателеспесем, күре жолдың 17-ші шақырымына дейін асфальтталған. Тағы 12 шақырым жөндеу үшін 700 млн теңге бөлінді. Бұл туралы мәліметті облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілдері ұсынды. Аманшылық болса, асфальтталған жол Бурабайды басып, Қойтасқа дейін жақындайды. Кемі Маралды ауылына дейін созылуы тиіс. Егер Бурабайға дейін асфальт жетсе, ауылішілік жолдар да жөнделеді, – деді Алмат Талғатұлы.
Әділхан ЕСІМХАНОВ