Қытай сайттарында сатылатын киімдерден зиянды заттар анықталды

305
көрілім
фотосурет ашық дереккөзден

Қытайдағы Aliexpress, Temu, Shein онлайн платформаларында сатылатын бас киімдер мен жазғы аяқ киімдерде улы заттар анықталды, деп хабарлайды Buqara.kz  сайтының тілшісі, inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

12 шілдеден бастап 9 тамызға дейінгі аралықта Оңтүстік Корея билігі Қытайдың үш маркетплейсінде сатылатын 144 тауар түрін тексерді. Олардың ішінде 94 азық-түлік қаптамасы, 13 косметика, 28 аяқ киім мен бас киім, 9 гигиеналық зат бар.

Зерттеу нәтижесі сандалийдің екі түрінде фталат пластификаторларының қалыпты көрсеткіштен 167,5 және 229,2 есе жоғары екенін көрсетті. Фталат негізіндегі пластификаторлар қатерлі ісік ауруын тудырып, бедеулікке әкелуі мүмкін. Никельдің мөлшері де рұқсат етілген деңгейден 2-9 есе артық екені белгілі болды. Ол дерматитке әкелуі мүмкін екені айтылады.

Үш қалпақта формальдегид мөлшері 2 еседен артық болса, ал қышқылдық көрсеткіші 9,3-ке тең, ал оның ең жоғарғы шегі 9-дан аспауы тиіс.

Екі алюминий банкасында никель үлесі қалыпты деңгейден 2 есе асып түсті. Тырнақ бояуында диоксанның мөлшері де жоғары болған, метанол рұқсат етілген көрсеткіштен 1,4 есе көп.

Сеул билігі қытайлық онлайн платформалардан аталған 11 тауар түрін сатуды доғаруды талап етпек.