Бүгін Өскеменде ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті депутаттарының «Елдің туристік саласын дамыту» тақырыбындағы көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шараға Сенат депутаттары, Туризм және спорт, Мәдениет және ақпарат, Көлік, Өнеркәсіп және құрылыс, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінің, сондай-ақ ШҚО әкімдігінің, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен туристік саланың кәсіпкерлері қатысты.
Жиында республиканың, соның ішінде Шығыс өңірінің туристік жағдайы жан-жақты сарапқа салынды. Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіптің айтуынша, кәсіпкерлердің туризмге инвестиция құю мәселесі, жол сапасы, қонақүй қызметін жақсарту, бүркітшілік пен саятшылық өнерін дамыту назарға алыну керек.
- Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасын дамыту үшін туризм саласын өркендетуге байланысты бірқатар тапсырмалар берді. Осыған байланысты Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті жоспар бойынша Шығыс өңіріне келді. Отырыстың басты мақсаты – облыстағы туризм мәселелерін талқылап, шешілу жолдарын қарастыру. Сол арқылы тиісті мемлекеттік құрылымдарға ұсынымдар енгізетін боламыз. Облыстағы тарихи, мәдени және туристік нысандарын аралауды да жоспарлап отырмыз, оның ішінде Үлкен Нарын ауданы бар, - деді Нұртөре Байтілесұлы.
Сондай-ақ талқылау барысында комитет өкілдері аталған салаға заң тұрғысынан қойылатын талаптарды реттеу керегін алға тартты.
- Көшпелі отырысты өткізу үшін Шығыс Қазақстан өңірі бекер таңдалмады. Туризмді дамыту үшін бұл жерде табиғаты мен инфрақұрылымы жағынан мол мүмкіндіктер бар. Облыс Қытай мемлекетімен шекаралас екені белгілі. Біз көрші елмен 30 күндік визасыз режим туралы келісім жасастық. Сондықтан облыстың туристік жағдайын жақсарту сұрақтарын талқылаудамыз, - деп атап өтті комитет хатшысы Айнұр Арғынбекова.
Қымбат МУХАМАДИЕВА