Халыққа қызмет көрсету орталығының бүгінде адам өмірін елеулі түрде жеңілдеткені белгілі. Тұрғындар бұрынғыдай құжат толы сөмкені қолтықтап, түрлі мекеменің табалдырығын тоздырмайтын болды. Бір сөзбен айтқанда, азаматтарға жалғыз құжатпен бірнеше қызмет алуға мүмкіндік жасалды. Үстіміздегі аптада өткен жылы атқарған жұмыстарын қорытындылаған корпорация өкілдері биылдан бастап жаңадан қолданысқа енгізілген нысандарға техникалық төлқұжатты қағазда ресімдеудің қажет еместігін алға тартты.
"Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясының биылғы жылдан бастап енгізген елеулі жаңалығының бірі - жылжымайтын мүліктің техникалық төлқұжатын алу жолын жеңілдетуі. Атап айтсақ, құжатты ресімдеудің уақыты қысқарып, жиналатын құжаттар тізімі азайды. Бұдан былай баспана тұрғызып, я болмаса пәтерінің ішкі құрылысын өзгерткен азаматтар техникалық төлқұжат алу үшін сан түрлі мекемелерге жүгірмейтін болды. Тек талап етілетін құжаттар ХҚКО-ға тапсырылып, ары қарай қажетті сатылардан мамандардың өздері өткізеді.
Сондай-ақ нормативтік-құқықтық құжаттарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар оның ресімдеу уақыты мен кететін шығын мөлшерін де азайтты. Мысалы ауданы мың шаршы метрге дейінгі тұрғын үй-жайлар — 7 күнге, мың шаршы метрден асатын тұрғын емес үй-жайлар - 10, ал қалалық жерлердегі пәтерлердің техникалық төлқұжатын дайындау 3 күнге созылатын болды.
Корпорация өкілдерінің айтуынша, жаңа өзгерістерге сәйкес, бұдан былай жаңадан қолданысқа берілетін нысандарға техникалық төлқұжат дайындау қажет болмайтын көрінеді. Деректер қолданысқа беру актісі негізінде құқықтық-кадастр ақпарттық жүйесіне енгізілетін көрінеді. Жалпы құны 4403 теңге тұратын қызмет түрі кез-келген азаматқа қолжетімді болмақ.
Ерлен ОСМАНОВ