«Қызыл Ту» өткеліндегі паром мамыр айында жұмысын бастай ма?

1797
көрілім
Шартты фотосурет

Шығыс жұрты үшін жатса-тұрса кетеуі кетпей, машақатқа айналған паромның нақты қашан іске қосылатыны күршімдіктерге ғана емес, өзге аудандардың  тұрғындары үшін де өзекті. Әрине, айтпағымыз, барлық аудандар жөнінде емес, Ертіс асатын бірнеше аудандардың тілек-өтініші қамтылды. Баққа – бағбан, жылқыға – қосшы, қосшыға басшы керек дегендей, «Қалқымалы өткелдегі» қауырт жұмыс жайлы ешкім де бел шешіп, мәселеге мән бергілері келмейді. Талай жылдан бері әлдекімдердің әкей-үкейіне басатындықтарын ескере келе, сөзден гөрі іске жақын бір ұйымның болғаны жөн еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шарт бұзылған
«Біздің жақта қыс ұзақ» екендігіне биыл тағы көз жеткізгендейміз. Бір ауданда наурыз туып, қар сөгілгенімен, Катонқарағай, Алтай, Шемонаиха сынды аудандарда қалың қар тобықтай асатындай еді. «Қызыл Ту» өткелі арқылы әрлі-берлі жүйіткитін көліктерге де қауіп бұлты торлана түскені рас. Қызыл су жүре басталысымен, көптің көкейінде «Паром қашан жұмысын бастайды?» деген сауал туындағаны рас. Бұған бірден кесіп, жауап беру мүмкін емес. Облыс әкімдігіне сұраухат жіберген едік, ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан жауап келді. Басқарма басшысының орынбасары Ернар Мұстафиннің сөзінше, «Күршім» және «Ертіс» паромдары осыдан екі жыл бұрын наурыз айында №87476 электронды сатып алулары негізінде ҚР Заңнамасына сәйкес «Құйған айлағы» ЖШС-ға сенімді басқаруға берілген.
– ШҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылдың қаңтар айындағы шешімімен Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы және «Құйған айлағы» ЖШС арасында жасалған «Қалқымалы өткел» ЖШС-нің сенімді басқару шарты бұзылды, – дейді Ернар Мұстафин.
Демек жауап күні бүгінге дейін паром қозғалысын қадағалайтын жауапты мердігер беймәлім екендігіне саяды. Онымен қоса аталған жағдай облыстық қаулымен сот шешімі заңды күшіне енген.
Мамыр айынан үміт мол
Тағы бір мәселе. «Ертіс» паром қашаннан бастап жүреді? Жауапты тұлғалардың сөзінше, әлі емес. Неліктен? Себебі, паромның электрқозғалтқышы жоқ екен, ал басқарма басшысының орынбасары аталған қозғалтқышты іздеп жатқандықтарын жеткізді. Сонда оны іздеп тапқанша қанша уақыт кетпек? Қазір уақыт сәуір айының соңына жуықтады. Қара жердің қалың қардан тазарғанына да бір айға жуықтады. Басқарма басшылығы су көліктерінің жоспар бойынша мамыр айының алғашқы онкүндігінде бастайтынын мәлімдеді. Алайда оның берген жауаптары бір-біріне қабыспай тұр. Алдымен паром жұмысын бастау үшін электроқозғалтқыш іздестірілуде десе, сосын мұз кеткен соң, дәлірек айтсақ, мамырдың алғашқы онкүндігінде деп жазды. Әлде мамыр айы бастала салысымен қозғалтқыш табылып қала ма? Не де болса жаңа ай басталып, бір жаңалықтың болары анық.
Газет редакциясына хабарласқан тұрақты оқырмандар асау Ертісті айналып өту айтарлықтай қиындық туғызып жатқандығын жиі айтуда. Тағы бір сауал паром жұмысының бағасына қатысты. Көліктерді өткізу кезінде бақылаушылар қандай баға ұсынбақ? Әрине, бұл туралы толық жауап ала алмадық. Мәлім болғандай, паром арқылы көліктердің өтуі жанармай бағасының өсуіне және паромның қосалқы бөлшектерінің шет мемлекеттерден әкелінуіне байланысты. Дегенмен қазіргі уақытта өткен жылмен салыстырғанда бағада өзгеріс жоқ. Жауапты тұлғалар жедел жәрдем, автобус сынды арнайы көлік түрлеріне жеңілдіктер жасауды да қарастыруда. Десе де ол туралы әлі бекімеген. Тәртіп жағына келсек, көліктердің кезек сақтап, оларды қадағалау үшін Күршім жақ жағалауында «Сергек» камерасы орнатылған.
Біздің анықтама
Тұрғындар өткелдердің сапасыз жұмысына байланысты наразылықтарын 8-7232-701-698 нөміріне хабарласып немесе transportvko@akimvko.kz сайтына хат жолдау арқылы білдіре алады.
Әділхан ЕСІМХАНОВ