Қызыл жалын шарпыды

907
көрілім

Ұлан ауданы Тарғын ауылында ірі өрт оқиғасы тіркелді. Бұл туралы ШҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі хабарлайды.

Өрт алдымен ауылдағы Айтықов көшесіндегі жеке үйдің ауласынан шыққан. Кейін қызыл жалын ауыл шаруашылық нысандары мен үйілген шөпті шарпыған. Қатты желден қызыл жалын өрши түсіп, 5 үйдің ауыл шаруашылық нысандары мен ондағы шөпке тараған.

– Мамандар өртті сөндіруге бар күштерін салып, жергілікті тұрғындарға малды қорадан шығаруға көмектесті. Олар өртті сөндіру барысында ауыл шаруашылығы нысанынан 2 газ баллонын шығарып үлгерді. Тілсіз жау 4 сағаттан соң өшірілді. Облыстық ТЖД-нің қызметкерлері өртті сөндіруге шамамен 12 сағат жұмсаған. Оқиға салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Қызыл жалын 400 шаршы метр аумақты шарпыған, салдарынан 120 тонна шөп өртенген, – делінген хабарламада.

Оттың неден тұтанғаны белгісіз. Мамандар екі себепті негізге алуда: отты айбайсызда пайдалану салдары және қасақана өртеу.

Сондай-ақ мамандар Знаменск ауылдық округіне қарасты Знаменка ауылы мен Тарбағатай ауданындағы Ахметбұлақ ауылында шыққан өртті ауыздықтаған. Бұдан бөлек, жексенбі күні Зайсан ауданы мен Кеңсай ауылдық округінде де өрт шығыпты. «Түйеөлген» участкесіндегі шабындық алқабындағы 150 тонна шөп пен 30 гектар құрғақ шөпті қызыл жалын шарпыған. Мамандар лаулаған өртті 5 сағатта ауыздықтаған.

Асқар ТҰМАРБЕК