Қызылорда облысының ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалары Ұлан ауданының киелі, тарихи орындарын аралады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
ШҚО Білім басқармасының өкілдері демалуға келген бүлдіршіндерді алғашқы келген күннен-ақ жылы қарсы алған. Облыс әкімінің бастамасымен құрылған бағдарлама балаларға барынша қамқорлық көрсетіп, әр аймақтың көрікті жерлерімен таныстыруда.
Осы орайда қызылордалық жеткіншектер Ұлан ауданының киелі орны «Ақ бауыр» тарихи – археологиялық кешеніне барып қайтты. Тасында тарихтың ізі, топырағында терең таным жатқан бұл өлке өзге облыс балаларына да таныстырылды. Кейіннен тау орманының арасындағы тұмса табиғатта орналасқан «Үміт» балалар үйінің лагерінде болып қайтқан.
Думанды ән – күй мен мерекеге толы күндер балалардың көңілінен шықты. Әсіресе көпшілікке белгілі «Один в Один», «Ты – супер!» жобаларының қатысушы жеңімпазы Владислав Лоскутовтың концерті ерекше өтті.
Бұдан басқа Сібенің Шалқар көлінде күнге қыздырынып, суға шомылып қайтты.
Айта кетейік бұл шара облыста екінші рет өткізілуде. Мақсаты – Отанға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастырып, туған ел тарихын таныту.