Қызымды не себепті әлеуметтік қызметкер қызметіне алмай отыр?

583
көрілім

Қызым ауылдық округ әкімі аппаратында жастар іс-тәжірибесі бойынша үш жыл жұмыс істегенімен, оны әлеуметтік қызметкер қызметіне алмай отыр. Қызым дипломын да осы мамандық бойынша алған. Жақында әлеуметтік қызметкердің бос орнына конкурс өтіп, оған зейнет жасына жетіп қалған адамды алды. Мәселемді айтып бірнеше мекемеге барып едім, тұшымды жауап алмай, көкейдегі сұрақты сіздерге жолдауға мәжбүр болып отырмын.

Тарбағатай ауданынан тұрақты оқырман

Сіздің сұрағыңызға Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Ержан Сабырбаев жауап берді:

Аталған азаматша Қабанбай ауылының тұрғыны. Көпбалалы ана. Отбасында 7 бала тәрбиелеп отыр. Оның екінші қызы 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы «жастар іс-тәжірибесі» бойынша Қабанбай ауылдық округінің әкімі аппаратында 6 айға қабылданып, қыркүйек айында жастар ісі жөнінде нұсқаушы орнының босауына байланысты отбасылықы жағдайы ескеріліп, осы лауазымға қабылданған. Бүгінде жұмыс істеуде. Оның ай сайынға алатын жалақысы 38 154 теңге көлемінде, – дейді Ержан Советбекұлы.

Жақында ауылдық округте бос тұрған жалғызілікті қарттар мен мүгедектерге үйден әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің қызметкері орнына адамдарды қабылдау мақсатында аудан әкімінің орынбасарының төрағалығымен комиссия отырысы өткізілген екен. Лауазымды тұлғаның айтуынша, аталған азаматшаның қызы конкурс кезінде қойылған біліктілікке байланысты 25 сұрақтың 9-ына ғана, яғни 36 пайызына жауап берген. Ал конкурсқа қатысушы екінші бәсекелесі 14 сұраққа, яғни 56 пайызына дұрыс жауап берген екен.

Комиссия отырысына қатысушылар әңгімелесу түрінде оған сұрақтар қойғанымен, дұрыс жауаптар алынбады, оқыған мамандығына сәйкес жұмыс өтілінің болмауы, бүгінде жұмыс істеп жүргендігі, алдағы уақытта жас маман ретінде мемлекеттік қызметке өтуге ұсыныс жасайтындығы назарға алынды, – дейді аудан әкімінің орынбасары. – Комиссия шешімімен бұған дейін басқа азаматшаның жұмыс сұрап жүргендігі ескеріліп, бос тұрған орынға қабылданды. Қабанбай ауылдық округінің әкімі жастар ісі жөніндегі нұсқаушы болып жұмыс істейтін жас маманды өз қызметтік барысында тапсырылған тапсырмаларды және міндеттерді тиянақты орындауларын ескере келе, оны келешекте мемлекеттік әкімшілік қызметші лауазымына ауысуына ұсыныс жасап отыр. Аталған мәселе бойынша оған комиссия отырысы өткен кезде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Қоса кетсек!

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің 2012 жылғы 2 ақпандағы №31-ө-м бұйрығымен бекітілген әлеуметтік қызметкерлерге қойылатын біліктілік талаптары бойынша орта кәсіптік білім (медициналық, экономикалық, педагогикалық) немесе әлеуметтік, психологиялық бағдар бойынша орта кәсіптік білім және 1 жылдан кем емес жұмыс өтілі болуы тиіс.