Мал тұқымын асылдандырудың жолдары қандай?

532
көрілім

Шығыстың шұрайлы даласы төрт-түлік мал өсіріп, ырысын еселегісі келетін малшы қауымға таптырмас мүмкіндік екендігі даусыз. Осыған орай өңірімізде мал басының саны күн санап артып келеді. Әрине бұл көңіл қуантарлық жағдай. Десе де ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған оңтайлы бағдарламаларды түсіндіру жұмыстары жетер жеріне жетпей қалатын кездері де жоқ емес. Бұлай дейтініміз, жуықта газет редакциясына хабарласқан Күршім ауданы Қалжыр ауылының тұрғыны қорасындағы ірі қара малына мемлекет тарапынан берілетін субсидия алу үшін құжаттарды қайда өткізерін білмей сергелдеңге түскенін айтқан еді. Оқырман сұранысы бойынша облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасына барып мән-жайды біліп қайтқан едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Субсидияны қалай алуға болады?»

«Малдың жайын малшы білер» дегендей, мал бағудың қиындығын шаруа адамынан басқа кім түсінер дейсіз? Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязына қарамай төрт-түлікті төлдетіп, ұзақты күнге сайын даланың қойнауын кезу оңай дейсіз бе?

– Талай жылдан бері мал өсірумен айналысып келемін. Қорадағы мүйізді ірі қараның басын 50-ге жеткіздім. Мал басы белгілі бір мөлшерден асқанда субсидия беріледі деп естідік. Бірақ оның шарттарынан бейхабармын. Анда-мұнда сандалғаныма біраз уақыт болды. Көмек соманы алу үшін интернет арқылы өтініш береді деп айтты. Бір өкініштісі, бізде интернет желісі әлі жоқ. Бұл бізге үлкен кедергі келтіріп отырғанын жасырмаймыз, – дейді Бақытжамал Сайболатова.

Енді ғана еңсесін тіктеп келе жатқан шаруа қожалығының алдында біраз қиындықтар тұрғаны рас. Яғни жайылымдық жер мен асыл тұқымды бұқа мәселесі.

– Біз көбінесе суармалы жерге баса мән бергендіктен жайылымдық жерге көп назар аудара қоймадық. Әкімдік жер мәселесін шешіп берсе деймін. Сонымен бірге субсидия алу үшін табында асыл тұқымды бұқа болуы шарт екен. Жергілікті қожалықтар бұқаны сатып береміз дейді. Бірақ оны алатындай бізде ақша жоқ. Көкпекті ауданындағы «Елім-ай» шаруа қожалығынан бұқаны жалға алуға болатын көрінеді. Бірақ оның да жөнін білмей отырмын, – дейді ол.

Әрбір мал басы үшін жылына – 10 мың теңге

Бұл күнде саны бар, сапасы жоқ есептік бағдарламалардан шаруалар әбден мезі болғаны белгілі. Көптің көңілінде ұялаған сенімсіздікті сейілту үшін ауыл шаруашылығы басқармасына барып арнайы мамандардан қандай жағдайда субсидия берілетіндігі туралы біліп қайттық.

– Субсидия тағайындаудың алғы шарттарының бірі – асыл тұқымды бұқа болуы керек. Сонымен бірге бір бұқаға 25 аналық сиыр сәйкес келеді. Ал егер 26 болса, онда екінші бұқаны алуыңыз керек. Тұрғындар жабайы тұқымды бұқанмен субсидияға қатыса алмайды. Субсидия беру барысында сіздің мал тұқымын асылдандыруға бағыт алғаныңыз міндетті түрде ескеріледі. Бағдарламаға қатысқан шаруагерлер әр аналық бас малға жылына 10 мың теңге алады. Келесі жылы тағы да қатысуына мүмкіндік берілген, –дейді облыстық мал шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығын дамыту және субсидиялау бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Азамат Еркінов.

Жауапты маманның айтуынша, селекциялық-асылдандыру бағытында көрсетілген талаптарға сәйкес сатып алған малыңыз бұрын-соңды субсидиялауға қатыспаған және аналық сиырдың жасы 18 айдан асқан болуы шарт.

Соған қоса шаруашылығын дамытуға ұмтылған қожалықта асыл тұқымды бұқа жоқ болса, онда 1000 басқа арналған бордақылау алаңы бар шаруа қожалығынан жалға алуға да болады екен.

– Егер сіз бұқаны сатып алуыңызға мүмкіндігіңіз жоқ болса, ірі шаруа қожалықтарынан жалға ала аласыз. Асыл тұқымды бұқаны шаруашылыққа бергені үшін мемлекет тарапынан өндірістік мал бордақылау алаңына 100 мың теңге субсидия төлейді. Сәуір айының 15 нен 1- қазанға дейін бұқаны аналық малға қосу мезгілі болады. Бағдарлама шарттарына сәйкес бұқаны тек екі шағылстыру кезеңіне ғана қолдану керек, – дейді ол.

Айта кетейік, Көкпекті ауданы «Елім-ай» мал бордақылау алаңынан, Тарбағатай ауданы Сәтбай ауылы «Ықыбай» қожалығы және Үржар ауданы Үржар ауылы «Алғабас» шаруа қожалықтарынан жалға алуға болады. Яғни өзіңіз барып қажетті құжаттарды толтырып, келісімшарт бойынша ала аласыздар.

Онлайн тіркелу оңай ма?

Өңіріміз ғаламтор желісімен толықтай қамтамасыз етілмегені белгілі. Десе де субсидия алу үшін онлайн өтініш пен тіркелу мәселесі тұрғындарға тиімді ме? Қалай жүзеге асырылады?

– Бізде жергілікті жерлерде осы бағтта жұмыс істейтін қызметкерлеріміз бар. Ол жерде сізге онлаин түрде тіркеу және жеке парақша ашуға көмектеседі. Тіпті басқа мүмкіндік болмаған жағдайда субсидия бойынша ақпараттық жүйесінің операторларына 87172277226 ұялы телефон нөміріне хабарласып, тегін кеңес ала алады, – дейді ол. 700715

Күршім ауданы мал шаруашылығын дамытумен қатар сүт өнімдерін өндіруге де баса мән беруде.

– Бүгінгі таңда Күршім ауданында сүт фермаларын ашу жоспарлануда. Бізде сүтке субсидия 10 теңгеден бастап беріледі. Сондықтан сүт өнімдерін өндіруді қолға алуды мақсат тұтқандар үшін жол ашық, – дейді Азамат Еркінұлы.

Ауыл шаруашылығын дамытуға 8.4 миллиард теңге қаржы бөлінді

Оның айтуынша, биылғы жылы ауыл шаруашылығын дамытуға 8.4 миллиард теңге бөлініпті. 2019 жылы мал басы 952 мың болса, биыл 1миллион 4 мыңға жетіпті. Бұл орайда өңіріміз мал өсімі жағынан алдыңғы орындардың легінде келеді.

– Бұл біз үшін үлкен нәтиже. Шаруагерлермен үнемі тығыз байланыстамыз. «Сыбаға» бағдарламасы аясында 2018 жылы Ресейден 3200 бас аналық мал әкелінді. Соған сай мал басын асылдандыру жұмысы қарқынды жүруде. Себебі табиғи жолмен ұрықтанып өскен малға қарағанда, асыл тұқымды ірі қараның еті қоңды болады. Өткен жылы аталмыш бағдарлама аясында Ресейден 6262 бас асыл тұқымды мал әкелінді, – дейді ол.

Жауапты маман мал өсіру кәсібін енді бастағалы отырған болашақ шаруагерлерге оңтайлы жол нұсқады.

Мамандар шаруалардың «Бизнес бастау» бағдарламасы курсын оқуын жөн көріп отыр.

– Жаңадан бизнес бастайын, мал шаруашылығын дамытайын деп отырған болашақ шаруа алдымен «Бизнес бастау» бағдарламасы курсын меңгерсе болады. Бизнес жобасында мал сатып аламын не дамытатын нұсқаларын ұсынса төмен пайызды несие алып, кәсібін бастап кетуге мүмкіндік бар, – дейді ол.

Таунар ҚАЙРАТ