Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ басшылығымен тығыз байланыста жүрген «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ ғылыми орталығының бастығы биылғы жастардан жаңа леп күтетіндігін жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алдымен оқытушылық құрамды құттықтап, осында түскен әр студенттің дұрыс таңдау жасағандарына сенім білдірді.
– Бұл білім ошағында интеллектуалды, рухани, білім мен ғылыми тұрғыда дамимын десеңіздер барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Алда әрбіріңіздің мықты маман болып қалыптасатындықтарыңызға сенімдімін. Хакім Абай атамыз, «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге шақырғандай, мен де сіздердің тек дұрыс бағытта жүргендеріңізге тілеулеспін, – деді Манарбек Манарбекұлы.
Осы ретте, кешегі ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, бүгінде Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалған Ералы Тоғжанов тамыз конференциясында бір сөзінде Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-ды арнайы атап өткен болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көктемдегі Жарлығын іске асыру аясында осы бағытты оң деп білді. Мәселен, инженерлік кадрларды даярлауда кәсіпорындармен тығыз байланыстағы жалғыз университет екендігін баса айтты. Оған қоса, білім ордасының зертханасы, материалдық-техникалық базасы кәсіпорындармен сәйкесіп тұр деді.