Маңғыстаудың дәрігерлері тыныс алу органдарында бөгде зат тұрып қалған 11 айлық баланы құтқарды. Оқиға Қарақия ауданындағы Болашақ ауылында болған. Бұл туралы Buqara.kz сайтының тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Тамағына бөгде зат тұрып қалған балаға алдымен, дем жетпей, денесі көгере бастаған. Ата-анасы сол мезетте Болашақ ауылының жалғыз медбикесі Аннуза Кадыровамен байланысқа шығып, көмек сұраған. Дер кезінде үйіне жетіп, баланы тексеріп алғашқы көмек көрсете бастаған. Дегенмен, тамағында тұрған бөгде заттың бері шықпай, бала қиналған.
– 11 айлық сәбидің ата-анасы телефон шалып жағдайын айтып жедел түрде үйге келуімді сұрады. Жұмыстан шығып кеткеніме қарамастан, жолдасым тезірек барып баланың жағдайын тексер деп жіберді. Бірден алғашқы көмекті көрсеттім. Бұрын қызмет етіп жүрген уақытымда, бөгде зат жұтып қою жағдайы орын алса, дәрігерлеріміз май ішкізу керек дейтін. Сол айтқаны есіме түсіп, қызыл май ішкіздім. Сәлден соң балада аздап демалу, жөтелу белгілері көрініс бере бастады. Дегенмен, тамағында тұрған бөгде зат бері қарай шықпады. Ары қарай, ауылдағы жедел-жәрдем маманы, ата-ана баласымен бірге 3 сағатты артқа тастап Жаңаөзен қаласына жол тарттық,-деді Қарақия ауданына қарасты Болашақ ауылының медбикесі Аннуза Қадырова.
Қарақия ауданына қарасты Болашақ станциясынан кешкі 18:30-да 11 айлық бала келген. Қарау барысында, бүлдіршінде мазасыздық, су ішпеу, ана сүтін ембеу, лоқсу белгілер болды. Анасының айтуынша жолда келе жатқанда 2-3 рет көгеріп, демала алмай қалған. Рентгенге түсіру барысында ешқандай бөгде зат анықталмаған.
– Сол себепті лор дәрігермен бірге қарау ұйғарылды. "Фолея" атты катетер арқылы медициналық талаптарға сәйкес бала өңешінің жоғарғы үштен бір бөлігіне катетер жіберіліп, бөгде зат алдық, -деді Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасының хирург-дәрігері Мақсат Унайбаев.
Жаңаөзен қаласынан 160 шақырым жердегі Болашақ станциясынан жеткен 11 айлық баланың аман қалуына септігін тигізген ақ халаттылар, Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасының хирург-дәрігері Мақсат Унайбаев, медбике Баян Мыңжанова, Болашақ ауылының медбикесі Аннуза Кадырова, жүргізуші Парахат Сегизов, қалалық жедел жәрдем станциясының фельдшері Рамазан Есполатов, жүргізуші Аманбек Абдыев.
Ата-анасының айтуынша, бала есіктің қырындағы ағашты тістеп, жұтқан. Мамандар тәуліктік динамикада хирургиялық бақылауда ұстап, жағдайы жақсарғаннан кейін үйіне жіберілгенін жеткізді. Бүгінде баланың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.