Маралды ауылында алтын өндірушілер жұмысын бір айға тоқтатты

510
көрілім
Фотосуреттер газет мұрағатынан

Бір ауылдың ғана емес, ондаған елдімекен тұрғындары Маралды ауылына алтын өндіретін комбинаттың салынуына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатыр. Былтыр ел көлемінде дүркін-дүркін сөз етілген мәселенің соңында қоршаған ортаға залал, тұрғындар өміріне экологиялық зор қауіп келетінін шенді-шекпенділер біле тұра экономикалық тұрғыдағы пайданы бірінші орынға қойған секілді.

«Балалар жиі сырқататанады»
Тұрғындар өз өмірлерімен қатар табиғатқа қатар алаңдаулы. Рекультивация да жасалып жатқан жоқ деп шешімін таппай отырған жайтты ашына жеткізді. Редакция тілшісі былтыр Маралдыға арнайы барғанда осыған көз жеткізіп, опырылып жатқан алқаптарды көріп, бір-екі жылда қайта тегістелмейтіндігіне көз жеткізген-тұғын. Олай дейтініміз, жер бетін аяусыз қазғандар жергілікті жұртқа солай деп оның алдында да айтқан.
Бірнеше күн бұрын республикалық деңгейдегі мамандар атізін салып, жергілікті басшылық пен ауылдастардың қатысуымен қоғамдық тыңдау өтті. Бірауыздан айтылған сөйлемдер «Қажеті жоқ сол комбинаттың! Табиғатымыздың табиғатын тас-талқан етіп тапқан табыстан не қайыр?!» десті.

Алтын қазушылар қолдарында құжаттың дұрыс, ал жұмыс заң аясында жалғасып жатқанын айтты. Комбинат «дүр етіп» ашылып жатса деген алдын ала болжаммен белгілі бір жер учаскелерін қазып үлгерген. Көзбен көрген жанға аумағы ат шаптырып ұрадай қайран іспетті. Соның салдарынан жайылымдық жерлер едәуір тарылып, су құрамы бұзылды деген күдік басым бола бастады. Мәселе жайылыммен жай тапса бір сәрі, түбінде экология деген сөздің жан-жақты анықтамасы көрініс береді. «Басшысы жоқ ел жетім, балығы жоқ көл жетім» демекші, Күршім өзені де қауіп торына шырмалған. Өзен ластанбай тұрғанда балығы шоршып жүзетін беймаза тірлік қазір ауыл тұрғындарының елең-алаңына ұласқан.

– Қазіргі аптап аңқаны кептіреді. Қара жерден шаң көтерілгенде деміміз бітеліп, тыныстаудың өзі қиынға түседі. Содан көпшілік үйден шығудан қалды. Балалардың сырқаттануы жиіледі. Құрылыстың басталғанына көп болмады, дегенмен қазірдің өзінде осылай ушығып кетті. Егер фабрика жұмысын бастаса, бұдан да сорақы болады ғой, – деді Нұржан Өмірбек (кейіпкерлердің аты-жөндері өзгертілген).

Жолдасовтың жауабы

Айта кетерлік жайт, нысан құрылысына жауапты мекеме – «BCAM Prodaction» ЖШС. Құрылысты көрген сайын келер күнге алаң білдірген тұрғындар қарасы көп болды жиында. Кейін қаншама жұмыс орны ашылады деген ұсыныс-лебіздерді еш елемей, қайта цианидтің зардабын жарыса жеткізді.

Тағы бір пікірге сүйенсек, жұмыс шахталық әдіспен емес, ашық тәсілмен жалғасады.

– Мұның зардабы орасан. Өздеріңіз білесіздер, Өскеменнен таралған цианид 40 шақырымдай қашықта орналасқан Секисовка ауылының жұртына зардап әкелді. Енді олай қайталанбауы тиіс. Егер зиянды заттармен ластанған өзен Ертіске құйса соны бойлай орналасқан ауылдарға қатер төнеді. Пайда емес, кесір әкелетін комбинат, – деді Күршім ауылының тұрғыны Айбол Елубай.

Бұл ретте ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасы Зұлфұхар Жолдасов та жиында болып, халықтың наразы екендігіне көз жеткізді. Оның сөзінше, жоба қазіргі уақытта экологиялық сараптамада қаралып жатыр.

– Қоғамдық пікірге құлақ асып, экологиялық талаптарды ескеруіміз керек. Барлық тұрғынның ойы бір жерден шығып отыр. Қандай жағдай болса да заң шеңберінде әрекет етіп, тиісті шараларды бір ай ішінде қабылдауымыз керек, – деді ол.

Тұрғындар тілегіне тоқталды

Облыстық экология департаментіндегілерлің сөзінше, құрылыс жұмысын бір айға тоқтатты. Дегенмен мүлде қажет емес, техника-саймандарын жинап, тезірек кетсін дегендері жиын барысында жиі өзара күбірге басты. Себебі, жайылым жерлерінен бөлек, егістік алқаптарын да қамтып үлгерген. Маралдылықтардың мазасын қашырған тағы бір жайт, зауыттың ауылдың дәл жоғары тұсында орын тебуі. Ал жұмысқа жауапты компания өкілдері мұның жұртшылық өміріне қауіп әкелмейтіндігін айтып сендірді. Тағы бір мәліметке сүйенсек, тұрғындармен кикілжіңге бармас үшін «BCAM Prodaction» ЖШС өкілдері бұған көндігіпті. Одан бөлек, осы уақытқа дейін экология департаментіндегілер де нақты бір шешім шығарып үлгереді.