Облыстық Білім басқармасының басшысы Инесса Чернышеваның сөзінше, балалар санының кемуі тұрғындардың басқа жаққа көшуімен тікелей байланысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жуықта басқарма өкілдері Маралды ауылына барып, білім беру құрылымымен танысқан. Үш жыл бұрын ондағы мектепте 120-дан астам оқушы болса, қазір 85-ке азайыпты.
– Оның ішінде, 68 оқушы 1-11 сынып аралығында білім алса, қалғаны шағын орталық бүлдіршіндері. «Бала саны неге азайды?» деген сауал туындауы мүмкін. Жауап біреу – тұрғындар ауылдан кетіп жатыр. Осылай жалғаса берсе, Маралды мүлде қаңырайды. Әрине, мұндайға жол беруге болмайды. Адамдар үшін өмір сүру сапасы маңызды. Ол тек мектеп жағдайымен өлшенбейді. Сол жердегі жол мен көшелердің ахуалы да ескеріледі, – деді басқарма басшысы.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, елдімекендегі мектепте маралдылықтардан 49 адам жұмыс істейді. Оның 24-і – педагог, қалғаны қосымша персоналдар. Инесса Чернышеваның сөзінше, ауылдағы негізгі жұмыс орны осы.
– Бұл да атап өтерлік жайт. 1993 жылы Маралды ауылында 400 орынға шақталған жаңа мектеп қолданысқа берілді. Керек десеңіз, оған 600-ге жуық оқушы сыяды. Бұл тұрғыда білім беруді ақсатпауымыз қажет. Ең алдымен ауыл тартымды болуы тиіс. Балабақша жоқ, тек балалар ойын алаңы ғана бар. Бүгінде «балалар жан-жақты дамуы үшін не істеу керек?» деген мәселе көтеріліп отыр, – деді жауапты тұлға.
Әділхан ЕСІМХАНОВ