Маралды ауылының зейнеткерлері округ әкімінің жұмысына ризашылықтарын білдірді

3443
көрілім

Қазір ауылды былай қойып, аудан әкімдеріне ризалық білдіріп жатқан тұрғындарды жолықтыру сирек кездеседі. Мұның барлығы әкімдердің барлығы жұмысқа келгенде сылбыр, белгілі бір уақыт сол лауазымда отырып, мерзімі жеткенде басқа қызметке ауысып жатады дегенді білдірмесе керек. Тек көп жағдайда уәде еткен жұмыстарын тәмамдай алмай кетіп жатады. Дегенмен Күршім ауданына қарасты Маралды ауылының жөні бөлек. Бастысы тұрғындардың көпшілігі барды бар, жоқты жоқ деп әділ бағасын беруде.

Қарттардан түскен қоңырау

Маралды ауылы туралы бірнеше мақала жарық көрген еді осыған дейін. Соның бірінде тұрғындар ауылда қатымхананың жоқтығын жеткізді. Шағын ауыл болып көрінгенімен ауылдастар әлі күнге дейін ұйымшылдықтарын жоғалтпай, қоғамдағы әр өзгеріске біркісідей ой білдіруге әзір тұрады.

– Ауылдық клуб үйінде бірнеше жылдан бері қыбыр еткен тіршілік жоқ. Той-томалақ, қатым шығарып, ас беру қажеттілігі туындағанда маралдылықтар абыр-сабыр болып қаламыз. Себебі, өткізетін орын жоқ. Клуб үйінің әкімшілігі осы жағын қарастырмай ма екен? – деген еді осыдан бес ай бұрын ауыл қарттары.

Дегенмен бұл мақалада аталған мәселені қайта қозғау үшін емес, округ әкімінің атқарған жұмыстары жайлы жазылмақ. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, маралдылық зейнеткерлер Сиыр жылы есік жаба бергенде редакцияға қоңырау шалды. Әкім жұмысына оң бағаларын беріп, Маралдыдағы өзгерістер жайлы сөз етті. Соның бірі – Тәуелсіздік күні қолға алынған мерекелік шаралар.

Досым Жұмағалиев әкім болып тағайындалғалы ауылдастардың әл-ауқатын шама-шарқынша көтеріп, басқару кезіндегі бірізді сарыннан шығуды мақсат еткен.

«Көбі мұндайды күтпеді»

Маралдының қарттары жәрмеңкеден бастап, салтанатты жиындар ұйымдастырылғанын жеткізді. Қалыпты формадан ауытқып, көпшілік көңілін бір көтеріп тастады дейді.

– Көбі мұндай болар деп еш күтпеген. Алдымен шараның ашылуы өтіп, әкіміміз сөз алды. Баршамызға жылы лебізін білдіріп, жоспарымен бөлісті. Тәуелсіздік күніне орай бірнеше сағатта түрлі шаралар өткізілді. Күйбең тірліктен көз ашпайтын жұртшылық үшін жәрмеңкенің ұйымдастырылуы орынды еді. Барлығы қолжетімді бағада саудаланып, тұрғындар назарына, зейнеткерлер құрметіне дастархан жайылды. Округ әкіміне дән ризамыз, – деді ауыл тұрғыны Нұрсипә Уранова.

Телефон соғып айтқандықтан зейнеткердің кейбір сөздері анық естілмеді. Нақты қандай шаралар қолға алынғанын Досым Жұмағалиевтің өзінен біліп көрдік. Әкім болып тағайындалғанына әлі көп болмаса да мерекелік шараның ойдағыдай өтуін әу баста тыңғылықты жоспарлапты. Бірқатар азаматтар аудан әкімі Дулат Қажановтың, елеулі еңбектері ескерілген бірнешеуі округ әкімінің Алғыс хаттарына ие болды.

Жәрмеңке қалай өтті?

Мерекелік жәрмеңке 11:00-ден 13:00-ге дейін жалғасты. Орталық саябақта киіз үй тігіліп, Күршім өңірінен бөлек, зайсандықтар да келіп атсалысты. Округ басшылығы жабдықтарымен бірге киіз үй тарту еткен аудандық ішкі саясат бөліміне алғыстарын білдірді. Қора жаққа құрал-сайман іздегендер керек-жарақтарын осы жерден тапты.

Күрек пен қараған сібірткілерден бөлек, киім-кешек пен аяқ-киімдер сатылымға шықты. Буы бұрқыраған кәуап әзірленіп, меймандар мен тұрғындар палаудан дәм татты.

Көрші ауылдардың кәсіпкерлері қолжетімді бағада төрт куб метр кесілген отын, бір жарым тонна жем, 300 келі балық өнімдерін саудалап, Күршімнен көмір жеткізілді. Ал жергілікті жұрт тарапынан құрт, май, тары-талқан сынды жеңсік тағамдар, жидек, бал, қаз еті, сондай-ақ қолдан пісірілген тағамдар сатылды.

Еркін күрес еңсе тіктеп келеді

Айта кетейік, жастар мен жасөспірімдер шайбалы хоккей, волейбол спортына бейім. Еркін күреске де мән беріліп келеді. Округ әкімінің айтуынша, алдағы уақытта бозкілемге беттеген жастарға мүмкіндік жасап, қазақтың оң жамбасына келер спортты қайта жаңғырту жоспарда бар. Спорт демекші, қыстың көзі қырауда Маралдыда ашық аспан астында сайыстар өткізіліп, мереке көркі одан әрі қыза түскен.

Қол күрестен 40 жастан жоғары ерлер арасында Сұңғат Анапиев, жастар арасында Саян Абделовтың қарқыны қатты болды. Гір көтеруден Еламан Тұрсын ешкімге дес бермесе, арқан тартыстан «Лесхоз» командасы үздік шықты. Досым Жұмағалиев Тәуелсіздік күні қарсаңында осы ауылдың тумасы Елжан Қайырхановтың жастарға шаңғы мен хоккей жабдықтарын сыйлағанын жеткізді.

Бұл да бір мәрттік болар. Бастысы, маралдылықтардың ауызбіршіліктері жарасқан. Лайым, солай жалғаса бергей!

Әділхан ЕСІМХАНОВ