Маралдылықтар мен алтын өндірушілер сот залында татуласты

169
көрілім
фотосурет yk-news.kz сайтынан
Мамыр айында Маралды ауылының бірнеше азаматы «алтын өндіру фабрикасының жұмысына қарсы шығып, жұмысшыларға шабуыл жасады, техника мен мүлікті қиратып кетті» деп айыпталған болатын, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
 
Осы іс бойынша 11-шілдеде Самар аудандық сотының қаулысымен, ҚК-ның 68-бабы 1-бөлігі негізінде екі тараптың бір байламға келуіне байланысты сотталушылар қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, іс тоқтатылды. Маралды ауылының іргесінде алтын өндіретін фабрика құрылысы басталғалы бері тұрғындар наразылығы әр жылы өршіді. Мысалы, жыл басынан бері аталған фабрикаға қатысты Маралдының 11 тұрғыны әкімшілік жауапқа тартылған. Жергілікті жұрт кәсіпорынның кенді ашық әдіспен қазып алып, цианид қоспасымен шайып, кейін бұл әдіс табиғат пен адамдарға зиян тиігізуі мүмкін екендігін алға тартты. Дәл осындай наразылық биыл мамыр айының 8-і күні үдеді. Жиыны 100-ге тарта маралдылық алтын өндіретін фабрикаға барып, жұмысын тоқтатуды талап еткен. Осы оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, 4 адам уақытша ұстау изоляторына, 2 тұрғын уақытша үйқамаққа қамалды. Сотта айтылған ақпаратқа сүйенсек, айыпталушылар фабрика мүлкіне зиян келтіріп, жұмысшыларға қол көтеріп, оларды күшпен қуып шыққан.
Бұған дейін 3-ші шілдеде өткен сот отырысында айыпталушылар өз кінәларын мойындап, кешірім сұраған. Сот екі тараптың бір байламға келіп, татуласуына уақыт берді. Шілде айының 11-ндегі сот отырысында жәбірленуші тарап пен компания қызметкерлері айыпталушыларды кешіріп, іс тоқтатылды. Кәсіпорын басшылығы 6 млн теңге шамасындағы шығын сомасын алудан да бас тартты. 
- Басты сот талқылауында жәбірленушілер татуласқандарын, келтірілген зиян толық өндірілгенін айтып, жәбірленушілердің қояр ешқандай талап-тілектерінің болмауына байланысты іс тоқтатылды, - деді Самар аудандық сотының баспасөз қызметіндегілер.
Сот үкімінен кейін айыпталушы тараптың туған-туыстары кешірім берген компания қызметкерлеріне алғыс айтты.