Марқакөл ауылдық округінде төтенше жағдай режимі сақталуда, бірақ облыстық маңыздағы жолдар тазартылып, ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұзындығы 60 шақырым болатын Күршім-Қалжыр облыстық автожолының учаскесінде екі ауысымда 24 техника жұмыс істеді, қазір ол автокөлік жүру үшін ашық. Күршім ауданының Марқакөл ауылдық округіндегі қар жамылғысының қалыңдығы кейбір жерлерде үш метрге жетеді, қаңтар айының басында кейбір елдімекендер қар құрсауында қалған болатын. Ауыл тұрғындарына дәрі-дәрмектер мен азық-түлік тікұшақпен жеткізілді, сондай-ақ санитарлық авиация көмекке мұқтаж адамдарды облыс орталығына жеткізуге мүмкіндік берді.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовтің айтуынша, қазіргі уақытта Марқакөл - Ұрынқай - Төсқайың тасжолының учаскесі де тазартылып, Шағанатты ауылына апаратын учаскеде жұмыстар да аяқталып қалды. Балықты Бұлаққа апаратын жолды тазарту жұмыстары басталды. Жергілікті атқарушы органдарға көмек көрсетуге ТЖД, ЖК және АЖ басқармалары, ОблШығысЖол кәсіпорындарыгың техникалары жіберілді.
Қатты аяз жұмысты қиындата түседі, термометр бағаны -45-ке дейін төмендейді, ал мұндай ауа райында қысқы дизельдік отынмен де проблемалар туындайды. Бұдан басқа, жаңбырдан кейін қар массасы мұзға айналып, тіпті ауырлап кетті, бұл да жолды тазартуды қиындатады. Алайда оған қарамастан, жұмыстар тоқтатылмайды.
Облыс әкімі Ермек Көшербаевтың тапсырмасы бойынша, оның бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың басшылығымен арнайы мобильдік топ қар тазалау техникасын қайда жіберу керектігін түсіну үшін өңірдегі неғұрлым күрделі жағдай қалыптасқан қарлы аумақтарды аралап ұшып шықты.