Марқа өңіріндегі Ақбұлақ ауылына көшіп жатқандар көбейіп келеді

279
көрілім
Фотосуреттерді Бауыржан Жауғашаров ұсынды

Былтыр ғана шекара шебіндегі елдімекендердің түтіні түзу ұшып, тіршілігі қайта жанса екен деп алаң білдірген тұрғындар тілегі біртіндеп орындалып келеді. Небәрі сегіз мыңға жетер-жетпес тұрғыны бар Марқакөл өңірінде азаматтар ауызбіршілікті желкен етіп, ауылдарды көркейтуге өз беттерінше кірісіп кеткен. Нақты жоспар құрып, мақсаттарына жету үшін бәріне дайын екендерін айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Шекараны бос қалдыруға болмайды»

Әңгіменің бастауы 2021 жылы қараша айында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VII отырысында қозғаған Президент идеясымен байланысты. Қасым-Жомарт Тоқаев сол кезде «Шекара аумағын бос қалдыруға болмайды. Бұның артында ұлттық қауіпсіздік жатыр. Мұны жүйелі түрде шешу керек. Ал ол үшін қомақты қаржы қажет» деген-тұғын. Кейінірек Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров тақырыптың өзектілігін Үкіметтің есіне тағы бір салды. Саясаткер сол кезде Марқакөл, Катонқарағай және Тарбағатай аудандарын ашуды біржақты ету маңызды екенін алға тартып, бірден статистикалық мәліметтерге тоқталды. Соған сәйкес:

1) бұрынғы Катонқарағай ауданындағы 22 мың халықтан 5 мың;

2) Марқакөл ауданындағы 25 мың халықтан 8 мың;

3) Тарбағатай ауданында 45 мың халықтан 19 мың адам қалған.

– Азаматтардың көшуі әлі тоқтамады. Алдағы 5 жыл ішінде тек Катонқарағай ауданында 13 ауыл бос қалуы мүмкін. Халықтың үдемелі көшу процесін тоқтатпасақ, 10 жылдан кейін Израиль мемлекетінің аумағымен тең Марқакөл, Катонқарағай аудандарында 500 тұрғындай ғана қалады, – деді ол бірнеше жыл бұрын.

Ақбұлақ ауылында жөнделген үйлердің бірі

Содан Самар Көкпектіден бөлініп, Тарбағатай мен Ақсуат өз алдына аудан болып құрылды. Кезек Катонқарағай мен Марқакөлге келді. Бұл ретте облыстық мәслихат депутаттары аталған аудандар қайта құрылады деп баса айтты. Ал Марқакөл маңындағы Ақбұлақ ауылының тұрғындары біртіндеп өзгерісті өздерінен бастауды жөн көрді. Осы елдімекен тумасы, кәсіпкер Бауыржан Жауғашаров шекара жақты қаңыратпаудың тиімді тетігі қоғам, билік және бизнестің бірігуі негізінде табылады дейді. Ақбұлақта кіндік қаны тамған кәсіпкерлер мен әкімдік өкілдері мұны көп сөзге келместен қолдаған көрінеді.

– Былтыр қыркүйек айының 5-і күні Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150-жылдығы аясында ауыл тұрғындарына үндеу жасадым. Өзім алашордашылардың өмір жолымен танысып, қанатты сөздерін көңілге тоқығанды құп көремін. Ал бастаманың негізі Президенттің «Іскер азаматтар ең бірінші өзінің туған өлкесіне көңіл бөлуі керек. Сонда ғана өркениетті қоғам құрамыз» деген сөзінен соң қалыптасты. Маған жетекші болған ой мынау: алдымен белсенді топ құру; сосын жоспар бекіту; кейін ауылдың әр азаматы жылына белгілі бір уақытын арнау. WhatsApp желісінде ауылдастардың «чаты» бар, бәрі салған жерден қолдай кетті, – деді Бауыржан Сағымбайұлы.

Белсенді топ өкілдері

Келген адам көтермеақы алады

Ақбұлақтың тірлігі алға басу үшін не істеу керек? «Алдымен мектеп жабылып қалмай тұрғанда халықты әкеліп толтырған жөн». Кейбір тұрғын осылай деген. Әйтсе де Бауыржан Жауғашаров қаңырап тұрған жерде тиісті жағдай жасалмай, көпшілік қоныстанбайтынын бірден айтқан. Сол үшін туған өлкесінің тазалығын реттеуді орынды санады. Сенбілік сәтімен жалғасты. Ауылдағы қирап тұрған монша, қора, үйлерді сүріп, орнын тегістеп, кәрі ағаштарды құлатты. Орнына қайың егіліп, қор құрылып, ауылды дамытудың кезеңдері әрі қарай өрби түсті. Осының барлығын слайд арқылы жүйелеп, жоспардан ауытқымады.

– Әділет порталында «Жұмысшы күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті қоныс аудару тәртібі» туралы ап-анық жазылған. Мен де заңды мұқият оқып шығып, тұрғындарды тартарлықтай етіп мәтін дайындадым. Оны ауылдастар республика көлемінде таратып жіберді. Көшіп келетін адамға көтерме ақы төлеу, жұмыспен қамту сынды бөліктерін оқыған олар үздіксіз хабарласып, осы уақытқа дейін 300-дей қоңырау түсті, – деді Бауыржан Сағымбайұлы.

Ақбұлақта қазір түтін саны азайған. Дегенмен мал бағуға таптырмас жер. Бағытын айқындап алған белсенділер көші-қон қызметтері бойынша аудан орталығына барған. Күршім бойынша 37 адамға квота берілген екен, ақбұлақтықтар бірден 31 адамның нормасын орындады. Айталық, сондағы орта мектепте бар-жоғы 11 бала қалса, бастама танытқан топ білім ордасын тағы 19 оқушымен толықтырды. «Еңбегім еліме садаға» атты жобаға сәйкес мектепке микрофон, шахмат тарту етілді. 1966 жылы туған түлектер 3 шкаф сыйласа, 1976 жылы дүниеге келген түлектер үш тақта әкеліп берген. Бастысы, жүйелі жұмыс жемісін беріп келеді. Тіпті, осы ауылдан қоныс аударған екі-үш отбасы қайтадан Ақбұлаққа келіп орнығуды ойлап жүрген көрінеді.

Қоныс аударушылармен Өскеменде түскен сурет

– Ауылда бос тұрған 14 үй бар. Біз соның 10-ын ала аламыз. Мен идея ұсынғаныммен, белсенді топ мүшелері де аянып қалып жатқан жоқ. Айталық, Самат Ақатанов ағамыз қорға қаражат жинап, ауыл тумалары атынан көмегін берді. Мектеп директоры Сәуле Бектемірова тиісті жағдай жасауға қолұшын созса, досымыз, С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дағы профессор Досым Ерболатұлы құзырлы органдармен хат алмасып, слайд жасады. Үзеңгілес жүріп өз міндеттерін тиянақты атқарған Әлихан Құрманов пен Қанат Базарқұловқа рахмет, – деді ақбұлақтық кәсіпкер.

Аталған слайдпен таныстық. Жоба тақырыптарынан («Отбасыңмен он тал ек», «Ауылды сақтап қаламыз», «Еңбегім еліме садаға») ауыл иісі аңқиды. 2-ші кезең міндеттеріне:

  • Мемлекеттік бағдарламалар бойынша әлеуметтік төлемдерге құжаттар тапсырып, оны алуға жәрдемдесу;

  • Қоныс аударғандарды алғашында азық-түлік, отын-көмірмен қамтамасыз ету;

  • Жаңа оқу жылында оқушыларды мектепке қабылдап, жағдай жасау;

  • Медициналық орталықты іске қосып, дамыту;

  • Әкімдікпен жұмыс. Су жүйесін реттеу.

    Үмітке толы үш жүз қоңырау

    Негізгілері ретінде осыларға тоқталдық. Қалғаны ауыл ақсақалдары, тұрғындар, белсенділер және ауданық мәслихат депутаттарынан құрылған кеңес негізінде іске асырылмақ. Көпбалалы отбасылар көшіп барса, Ақбұлақтың көркі кіретіндігіне сенімді. Себебі, ауылдастар бірінші кезекте «мектеп жабылып қалмаса екен» дейді. Қуаныштысы сол, 9 жылдық болып сақталып қалды, штат қысқармаған. Қазір 23 оқушы бар, шағын орталықта бес бүлдіршін тәлім алады. 300-ге тарта қоңырау түсті десек, бірқатар адаммен нақты келіссөздер жүргізілді. Тіпті, Оңтүстік өңірдің сегіз жанұясын 8 жеңіл көлікпен Жаңғызтөбеден күтіп алып, Ақбұлаққа апарды. Жағдаймен таныстырды, жол шығыны ауыл қорынан төленді.

    – Марқаға бет бұрғандардың барлығын Күршім аудандық ауруханасында медкомиссиядан өткізуді ұйымдастырдық. Кейбірі вахталық жұмысқа орналасты. Ол жерде үш уақыт тамақ, жатар орындары таза, жалақы уақытында төленеді, – деді белсенді топ мүшелері.

    Қызылорда облысына қарасты, Арал қаласынан қоныс аударған Задагүл Жұмабай қазір Ақбұлақтағы медпунктте фельдшер болып жүр. Көпшіліктің айтуынша, тәжірибелі, һәм білікті маман. Ал қираған үйлер ауыл тұрғындарының күш салуымен қалыпқа келтірілген, сатып аламын деген тұрғынға үкімет жарты ақшасын төлейді. Жергілікті шаруа қожалықтары жанұяларға сойып жегенге ұсақ мал берген.

  •  

    Ауыл тұрғындары сенбілікке қатысты

    – Үшінші кезеңде ауыл тумалары жыл-жыл бойынша жұмысты бөліп алып, жүзеге асырмақ. Әкімдікке жазған хатымызда ауызсу, жарық тарту, инфрақұрылым мәселесі көтерілді. Әр жобамыздың соңы көпке ой салумен түйінделеді. Ахмет Байтұрсынұлы «Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын. Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» демекші, барлығы болашақ үшін жасалып жатыр, – деді жерлесіміз.

Ауылдан 17 шақырым жерде фабрика, кен орны бар. Әкімдіктен бастап, мектеп ұжымы мен белсенділер көмек беруге әзір. Бауыржан Жауғашаров бастаған топ дайындаған жарнама ауаны төмендегідей:

  • «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында өңірлерден мамандар іздестіреді. Ол үшін мемлекет тарапынан көмектер берілмек. 100 АЕК бір реттік көтерме (345 мың теңге);

  • Тұрғын үй алуға, үй салуға 0,01% несие қарастырылмақ;

  • Еңбекақысына 25% үстемеақы қосылады;

Бұл бағдарламадағы көмектерді алу үшін үш жыл осы ауылда тұрақтау керек.

Өңіраралық қоныс аудару бойынша мемлекеттен төленетін төлемдер:

  • Бір реттік көтерме адам басына 70 АЕК (241500 теңге) төленеді;

  • Тұрғын үй жалдауға 15 АЕК (51750 теңге) бір жыл көлемінде ай сайын берілмек;

  • 2-4 адам болғанда жанұяға ай сайын 18 АЕК (бір жыл көлемінде ай сайын 62100 теңге);

  • Жанұяда бес не одан көп адам болғанда 20 АЕК (бір жыл көлемінде ай сайын 69 мың теңге);

  • Биылдан бастап Отбасы банкіне 4 000 000 теңгеге дейін сертификат аударылады. Тұрғын үй мәселесіне алғашқы жарна ретінде осы көмектерді алу үшін көшіп келген жеріне 5 жыл тұрақтауы керек.

    Бұл ретте отбасыларды Алматы, Шымкент қаласынан бастап, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл, Жетісу, Түркістан, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан шақыруға болады.

    Азаматтар мен ауыл жұрты жан-жаққа сауын айтып, өлкенің өміршеңдігін арттыруда нақты қадамдар жасап жатыр. Қаңыраған үйлер тұрғындармен толмақ. Ал Ақбұлаққа ат басын бұрғандарға көш оң болсын демекпіз.

Әділхан ЕСІМХАНОВ