Аймаққа шекара маңындағы ауылдарға оңтүстіктіктен келетін отбасылардың саны артуда. Жыл соңына дейін өңірге қандас және қоныс аударушы 651 адам көшуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мәлім болғандай, бүгінде республиканың оңтүстік өңірлерінен бес отбасы Ақбұлақ ауылына қоныс аударып жатыр.
— Олармен бірге бағдарламаның шарттарымен танысу үшін тағы бес отбасы келуге ниетті. Олар да шығысқа көшу туралы шешім қабылдайды деген үлкен үміт бар, — деді ШҚО Еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Әсел Қайырбекова.
Еске салайық, оңтүстік өңірге ШҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлері «Бос орындар» жәрменкесі аясында Шығыс Қазақстанға көшіру бағдарламасының шарттарын түсіндірді. Биыл қоныс аударуға біржолғы субсидия 70 АЕК құрайды. Бұл отбасының әр мүшесіне төленетін сома. Сонымен қатар отбасылар үшін тұрғын үй бағасының 50 пайызын өтейтін сертификат беру қарастырылған.
Келісімшарт талаптарына мыналар кіреді: жұмысқа орналасу және қоныс аударған аймақта кемінде бес жыл тұру. Әсел Қайырбекованың айтуынша, егер осы кезеңде адамдар Шығыс Қазақстаннан көшкісі келсе, онда алынған барлық қаражат мемлекетке қайтарылуы тиіс.