Марқакөл ауданында 60 млн теңгеге жөнделген жолдан бұзушылықтар анықталды

158
көрілім
Фотосурет Әділ Пшеновтың жеке парақшасынан

Шекара түбінде орныққан Марқакөл ауылының тұрғындары алдымен ауыл ішіндегі бір жарым шақырым жолдың жөнделгеніне қуанып, кейін олардың мерзіміне жетпей қирап жатқанын көріп жағаларын ұстаған. Оқиға орнына «Әділдік жолы» РҚБ ШҚО филиалының өкілдері барып, мән жайды өз көздерімен көріп қайтты.

Хаттан әлі хабар жоқ

Жағдаймен танысқан соң қоғам белсенділері бірнеше мемлекеттік органға хат жазып, жауап күткен. Алайда еш хабар ала алмады.

– Біз Журба көшесіндегі 650 метр жолдың орташа жөнделуін бақылап отырдық. Жөндеу жүріп жатқан көше бойына асфальт жайылып кеткен. Оның өзі қопси бастады. 1500 метрге 59 253 710 теңге бөлінген. Тапсырыс беруші – Күршім ауданына қарасты Марқакөл ауылдық округі әкімінің аппараты. Жеткізуші – «Марқакөл жолдары» ЖШС. Келісімшарт жасалған уақыт 26.04.2023, – деді «Әділдік жолы» РҚБ ШҚО филиалының басшысы Әділ Пшенов.

«Марқакөл жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін Талант Амантаев есімді азамат басқарады. Сондай-ақ ол «Ақболат Шорман» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы. Бірінші компания өз ауданындағы мемлекеттік сатып алуларға белсенді түрде қатысады. Аяқталған жұмыстардың қол қойылған актілеріне қарағанда, мемлекеттік органдардың жол жөндеушілерге шағымы жоқ. Биылға құзырлы органдармен жасалған келісімшарттардың жалпы соммасы бірнеше ондаған миллион теңгені құрайды. Мәселен, аудандық маңызы бар жолдарды жазғы-қысқы күтіп ұстауға сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі 63 млн 840 мың теңге төлейді. Марқакөл ауылындағы көше жолдарына ағымдағы жөндеу жүргізу үшін компания тағы бір жарым миллион теңге алады. Бұл шарт негізінен қиыршық тас төсеуге қатысты.

Ауаға кеткен алпыс миллион

Ал аудан әкімінің міндетін атқарушы Рүстембек Кемешов қол қойған сол шарттың орындалуына қатысты қоғам белсенділері кейінірек наразылық білдірді. Рүстембек Набиолдаұлы мұның алдында Марқакөл ауылдық округін бес жыл басқарды, оған дейін он жыл жергілікті саз мектебінің директоры қызметін атқарған.

Белсенділер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен облыс бойынша экономикалық зерттеу департаментіне хабарласты. Нәтижесінде оларға ішкі мемлекеттік аудит департаментінен «ешқандай заң бұзушылық жоқ» деген жауап келді. ШҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы өкілдері де шу шығарған жолға тексеру жүргізуден бас тартты.

– Негізінде заң бұзушылықтар бар. Бірақ асфальттің сапасыз төселгенін дәлелдей алмаймыз. Өкінішке қарай, мұның ешбір мемлекеттік органға керегі жоқ. Қарапайым ауыл тұрғындарының өмірі, олардың ары қарай қалай ғұмыр кешуі туралы ешкім ойламайды. 60 миллион теңгеге жуық қаржы ауаға кетті. Сонда бюджет қаражатының орынды жұмсалуына кім жауап береді? – деді белсенділер.

Алайда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Денис Шакенов осы тақырыптың әлі зерттелетінін айтып сендірді.

– Бұл іс қазіргі уақытта жол саласындағы сыбайлас жемқорлық жұмыстарына жүргізіліп жатқан сыртқы талдаудың бір бөлігі ретінде қарастырылады, – деп сөзін түйіндеді ол.