Марқакөл ауданындағы қаңғыбас ит-мысықтарды аулауға 1,5 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді

206
көрілім
Фотосурет Informburo.kz сайтынан

Мемлекеттік сатып алудың техникалық сипаттамасына көз жүгіртсек, қараусыз және қаңғыбас жануарлар арқылы берілетін жұқпалы аурулар таралуының алдын алу басшылыққа алынған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

165 ит-мысықты аулау туралы «Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы» мемлекеттік мекемесі тапсырыс берді. Порталдағы конкурс маусым айының 20-сы күні екі лотпен шығарылды. Жануарларды уақытша ұстау қызметіне – 537 мың 865 теңге, оларды аулауға 883 мың 928 теңге бөлінген. Алғашқысы бойынша талап етілетін параметрлер сипаттамасында бірнеше шарт көрсетілді. Сонда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 23 мамырдағы №173 бұйрығымен бекітілген жануарларға қатысты қағидаларға сәйкес қызмет көрсету қажеттілігі жазылды.

– Бекітілген үлгідегі актілерді жасай отырып, қараусыз және қаңғыбас жануарларды уақытша ұстау жұмыстарының жүргізілуін растайтын қадамдардың актісі ұсынылуы қажет. Бұрынғы және жаңа иелерін іздеу мақсатында баспанаға, уақытша ұстау пунктіне түскен жануарлар туралы халықты ақпараттандыру үшін жеке ақпараттық ресурстарға ие болу шарты сақталуы тиіс, – делінген техникалық сипаттамада.

Құжатта осы тақылеттес тағы бірнеше сөйлем бар. Өзара үндес. Жұмыс атқарылған соң жеткізуші тапсырыс берушіге қараусыз және қаңғыбас жануарларды уақытша ұстау пункттерінде ұстау бойынша көрсетілген қызметтердің актісін, иттер мен мысықтарды қандай да бір пункттерде ұстаса, солардың болған уақытын тіркеу журналынан үзінді көшірмені ұсынуы қажет. Айта кетейік, шақырылған жеткізуші – «Күршім Вет» шаруашылық құқығындағы кәсіпорны. Бір дереккөз арқылы өткізілген конкурсты ұтқан осы мекеме. Бірінші лоттың мазмұны осындай.

Екіншісі сол, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жоюды ұйымдастыру бойынша мемлекеттік сатып алулар. Бұл да «Жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы бұйрығына» сәйкес жалғасуы тиіс. Техникалық сипаттамаға сүйенсек, көшелерде, үй аулаларында, скверлерде қираған ғимараттарда, қала сырты мен саяжай алқаптарында, қоғамдық жерлерде қараусыз жүрсе, жауапты адамдардың аулуға құқығы бар.

– Аталған жануарларды аулаушылар функциясына мыналар кіреді: ауланған жануарларды өлтіру адамгершілік әдіспен, дәрі-дәрмек (эвтаназия), Қазақстан Республикасы заңнамасында тыйым салынбаған препараттармен жүзеге асырылады. Жұмыстың барлық кезеңдерінде фотофиксация жүргізу, ұсталған соң жануарларды уақытша ұстау және зарарсыздандыру мен вакцинация жасау қызметін көрсетушілермен өзара іс-қимыл шарты жасалуы керек. Аулау кезінде байқаусызда зардап шеккен жануарларға шұғыл ветеринариялық көмек көрсету үшін ветеринария мамандығы бойынша жоғары, орта арнаулы немесе техникалық және кәсіптік білімі бар қызметкер болуы тиіс, – делінген техникалық құжатта.

«Күршім Вет» мекемесі өкілдері қаңғыбас және қараусыз жүрген ит-мысықты желтоқсан айының 31-не дейін аулауы тиіс.

Әділхан ЕСІМХАНОВ